Кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижесі өңірлерде жаңа жобалардың жүзеге асуынан, жұмыс орындарының ашылуынан және тұрғындарға қажетті қызмет түрлерінің қолжетімді бола түсуінен көрінеді. Осындай қолдауды тиімді пайдаланып, өз кәсібін дамытып қана қоймай, туған жерінің тұрғындарына қажетті жаңа нысан ашқан жерлесіміз, әлеуметтік кәсіпкер Ақмарал Тахаеваның бастамасы – соның бір мысалы.

Кәсіпкер әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне және «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасының финалистеріне берілетін мемлекеттік грантқа ие болып, жобасын жүзеге асыруға 5 млн теңге көлемінде қаржылай қолдау алды. Сонымен қатар «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы жеңілдетілген несие рәсімдеп, кәсібін одан әрі кеңейтуге мүмкіндік алды.

Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде Аққыстау ауылында Akzhan City ойын-сауық және сауда орталығы бой көтеріп, тұрғындарға есігін айқара ашты. Аумағы 400 шаршы метрді құрайтын жаңа нысан ауыл тұрғындарының күнделікті қажеттілігін өтеуге бағытталған.

Нысанның ашылу рәсімінде аудан әкімі Нұрым Мусин кәсіпкерді жаңа жобасымен құттықтап, кәсіпкерліктің аудан экономикасын дамытудағы маңызын атап өтті. Оның айтуынша, осындай жобалардың көбеюі жаңа жұмыс орындарын ашып, ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға ықпал етеді.

Akzhan City орталығында тұрғындарға қажетті бірнеше қызмет түрі бір жерге шоғырланған. Мұнда киім-кешек саудасы ұйымдастырылып, балаларға арналған ойын-сауық алаңы жұмыс істейді.

Сонымен қатар келушілерге қызмет көрсететін кафе де бар. Бұған дейін мұндай қажеттіліктердің бір бөлігін өтеу үшін аудан тұрғындары облыс орталығына баруға мәжбүр болса, енді олардың бірқатарын өз ауылынан табуға мүмкіндік туды. Жобаның әлеуметтік маңызы оның жаңа нысан ретінде ашылуымен ғана шектелмейді.

Кәсіптің іске қосылуы нәтижесінде 13 азамат тұрақты жұмыспен қамтылды. Демек жаңа орталық бір кәсіпкердің кәсібін кеңейтуге ғана емес, бірнеше отбасының тұрақты табыс көзіне ие болуына да мүмкіндік беріп отыр.

Кәсіпкер Ақмарал Мәдиқызының айтуынша, жобаны жүзеге асыруға мемлекеттік және қаржылық институттардың көрсеткен қолдауы айтарлықтай ықпал еткен.

– Мемлекет басшысы кәсіпкерлерге, соның ішінде ауылдағы кәсіп иелеріне де ерекше көңіл бөліп, кәсібін бастауға және дамытуға қолдау көрсетіп келеді. Осы ретте Атырау облысының кәсіпкерлер палатасы мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының көмегі біз үшін үлкен қолдау болды. Аумағы 400 шаршы метр болатын сауда және ойын-сауық орталығын салу ісінде көрсетілген көмектің маңызы зор. Бұл жобаны үш жыл бұрын жоспарлап, сол уақыттан бері кезең-кезеңімен жүзеге асырып келдік. Құрылыс жұмыстары биыл толық аяқталып, орталықты тұрғындардың игілігіне ұсындық. Басты мақсатым – ауылда бұрын болмаған нысанды ашып, жергілікті тұрғындарға қажетті жағдай жасау еді. Өзім де көпбалалы ана болғандықтан, балаларды қалаға апарып, қажетті дүниесін алып беру кейде оңайға соқпайтынын жақсы білемін. Осындай мүмкіндік ауылдың өзінде болса деген ойдан осы істі қолға алдым. Бүгінде сол ниет нақты жобаға айналып, ауыл тұрғындарының игілігіне қызмет етіп отыр. Сондықтан бұл істі мен кәсіп бастаудан бұрын, туған жеріме жасаған шағын болса да пайдалы ісім деп бағалаймын,-дейді кәсіпкер.


Ауылда жаңа нысанның ашылуы – жергілікті кәсіпкерліктің әлеуеті бар екенін көрсететін маңызды қадам. Бір жағынан, тұрғындардың сұранысына сай қызмет түрлері көбейсе, екінші жағынан, жаңа жұмыс орындары қалыптасады.

Ал мұндай жобалардың мемлекеттік қолдаумен ұштасуы кәсіп бастауға ниетті азаматтарға нақты мүмкіндік бар екенін көрсетеді.

Сағыныш ҚАЙЫР


