Ауыл кәсіпкерінің мәселесі – назарда

 

Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұржан Ермұханов ауданға арнайы жұмыс сапарымен келіп, жергілікті кәсіпкерлермен кездесті. Жаңадан қызметке тағайындалған палата басшысының аудандарды аралап, кәсіпкерлердің мұң-мұқтажы мен ұсыныстарын тыңдауы – өңірдегі бизнестің тынысын жақыннан тануға бағытталған қадам.

Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Утегенов пен жергілікті кәсіпкерлер қатысып, ауылдағы бизнестің дамуына кедергі келтіріп отырған бірқатар мәселені ортаға салды.

 

 

Кәсіпкерлер үшін маңызды мәселелердің бірі – «Ауыл аманаты» бағдарламасы. Жиында осы бағдарлама аясында несиелендіру бағыттарын кеңейту қажеттігі айтылды. Себебі ауыл кәсіпкері үшін қаржыға қол жеткізу – бизнесті бастау мен бар кәсібін кеңейтудің негізгі тетіктерінің бірі. Сонымен қатар ауылдық жерде кепілге қоятын мүлік мәселесі де сөз болды. Қалада өтімді саналатын кейбір мүліктің ауыл жағдайында нарықтық өтімділігі төмен болуы кәсіпкерлердің несие алуына кедергі келтіреді. Осыған байланысты кәсіпкерлер ауылдағы кепіл мүлкіне қойылатын талаптарды қайта қарау қажеттігін ұсынды.

Кездесуде кәсіпкерлер тарапынан айтылған тағы бір маңызды ұсыныс – ауданда «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық өкілдігін қайта жандандыру немесе тұрақты түрде қызмет көрсететін менеджер-нұсқаушы маманын бекіту. Бұл ұсыныстың астарында нақты қажеттілік бар. Өйткені кәсіпкер үшін бизнесті бастау – тек қаржы табумен шектелмейді. Құжат жинау, өтінім рәсімдеу, мемлекеттік бағдарламалардың талаптарын түсіну, құқықтық мәселелерді шешу секілді жұмыстардың өзі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ауданда тұрақты маманның болуы осы процестерді жеңілдетіп, кәсіпкерлерге қажетті кеңес пен құқықтық көмек алуға мүмкіндік бермек. Сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіру жұмыстары да жүйелі жүргізілер еді.

 

 

Бүгінде ауданда 1256 дара кәсіпкер мен 292 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Бұл – ауылдағы кәсіпкерлік әлеуеттің бар екенін көрсететін нақты көрсеткіш. Ендігі мәселе – осы кәсіпкерлердің мүмкіндігін кеңейтіп, жергілікті бизнестің аяғынан нық тұруына жағдай жасау.

Кәсіпкерлер тендерлік жүйеге қатысты да өз ұсыныстарын білдірді. Олардың пікірінше, мемлекеттік сатып алулар кезінде жергілікті кәсіпкерлердің мүмкіндігіне басымдық берілсе, аудан ішіндегі қаржы айналымы артып, жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашылар еді. Өйткені тапсырыстың өзге өңірлердің кәсіпкерлеріне кетуі жергілікті бизнестің дамуына кері әсер ететіні айтылды.

 

 

Жалпы, кездесуде көтерілген мәселелердің барлығы бір мақсатқа – ауыл кәсіпкерлігін қолдауға және жергілікті бизнестің әлеуетін арттыруға келіп тоғысты. Кәсіпкердің мәселесі шешілсе, оның артында жаңа жұмыс орны, отбасылық табыс, аудан экономикасына қосылған үлес тұр. Кездесу қорытындысында тараптар ауыл бизнесін дамытуға бағытталған бірлескен ұсыныстар әзірлеп, кәсіпкерлер көтерген мәселелерді шешу жолдарын нақтылауға келісті. Бұл ретте басты назар – ауылдағы кәсіпкерді тек қолдауға емес, оның өз кәсібін тұрақты дамытуына мүмкіндік беретін жағдай қалыптастыруға бағытталмақ.


Жайна ИСЛАТ

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT