Ауыл өнерін асқақтатқандар еді...

 

Жақында Қамысқала мәдениет үйінің ұйымдастыруымен ауылдық округ әкімдігі және аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен тағылымы мол, мазмұны бай, өнерді өгейсітпеген бір кеш өтті. Өнер мен мәдениет – егіз ұғым. Ал осы қос ұғымды жүрегіне жүк етіп, оны сүйіспеншілікпен, шынайы құлшыныспен арқалап жүру, ел алдында абырой биігінен көріну – екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін бақ. Кейде ауыл өнерін асқақтатқан жандар болады. Ондай шоқ жұлдыздар өмірден өткенімен, халық жадынан өшпейді. «Жақсының аты өлмейді» деген сөздің мәні де осында болса керек. Тасын түртсең тарихы сөйлейтін Қамысқала топырағы – талай табандыға тірек, талаптыға қанат болған қасиетті мекен. Сол қанатпен самғап, өнерімен ел рухын асқақтатқан азаматтар аз емес. Солардың қатарында төрт бірдей есім бар: Сейілхан Мусағалиев, Бауыржан Қадыров, Ыбырай Мұхтаров және Жәнібек Жөкеев. Төрт тағдыр. Төртеуі де – бір ауылдың перзенттері. Өнерді өмірімен өріп, сахнаны серік еткен, халық ықыласына бөленген жандар. Олар үшін сахна ермек емес, елге қызмет етудің қасиетті жолы еді.

«Біздің елдің жігіттері» атты бұл шара ауыл халқының сағынышы мен ризашылығын тоғыстырған ерекше басқосу болды. Кеш барысында олардың сахнадағы жарқын сәттері, ел есінде қалған өнер өрнектері, адамгершілік болмыстары кеңінен айтылып, естеліктер шертілді. Бұл өткенді аңсау ғана емес, бүгінгі ұрпаққа өнеге, ертеңгіге аманат  іспетті іс. Өнерімен өрге жүзген азаматтардың жарқын бейнесі ел жадында мәңгі сақталары анық. Себебі шынайы өнер иелері ғұмыр соқпағы уақытпен өлшенбейді, олар халық жүрегінде өмір сүреді.

 

 

Кеш шымылдығы қараңғылық құшағындағы сахнадан басталды. Жұлдызды түнді бейнелеген көрініс пен жеңіл тұман арасынан естілген айтыскер ақын Серікбол Панабердиевтің орындауындағы «Біздің елдің жігіттері» әні көрермен көңілін бірден тербетті. Ән әуенімен бірге бір дәуірдің табы, бір ауылдың сазы, бір буынның үні қоса жаңғырғандай әсер қалдырды. Кеш тізгінін ұстаған жүргізушілер Серікбол Панабердиев пен Ұлан Меңдіғазиев еске алу шарасының мазмұнын терең тебіреніспен өрбітті.

 

 

Кеш барысында сағынышқа толы сәттер де аз болған жоқ. Әсіресе, зинедендік әнші Мұрат Әтеновтің орындауындағы «Кірмеші жиі түсіме» әні көрермен жүрегін елжіретіп, өткен күндердің елесін тірілткендей болды. Алғашқы әннен-ақ жиылған халық  жасқа толы жанарын бір сығып, еріксіз көңіл босатты. Таза дауысқа, боямасыз үн қосып, әнді сүйемелдеген – облыс мақтанышы, ауданға кеңінен танымал «Ғажап-бенд» вокалды-инструменталды ансамблі осы кештің төрінен табылды.

Жалғасы газеттің №8 (4273) санында

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Референдум 2026

Референдум 2026