Қыз баласы жар сүйіп, келін атанғаннан кейінгі ең үлкен бақытының бірі – ана атану. Құрсағына бала біткен әрбір әйел медициналық тексерістен уақытылы өтіп, күтімін жасап, аман-есен перзентін дүниеге әкелуді армандайды.Дегенмен ай-күні жақындаған кезде көптеген қыз-келіншектер аудандық ауруханаға емес, қалалық немесе облыстық перзентханаларды таңдауға тырысады. Бұл құбылыс тек біздің өңірде ғана емес, еліміздің көптеген ауылдарында кездеседі. Көпшілігі қаладағы медициналық мүмкіндіктер мен мамандардың көптігіне сенім артып, сол жаққа бет бұрады.
Алайда барлық жағдай тек қалада ғана жасалған деуге болмайды. Аудандық ауруханаларда да тәжірибелі, өз ісінің білгір мамандары еңбек етіп, ана мен бала саулығы үшін аянбай қызмет етіп келеді.
Осы сөзімізге жақында аудандық аурухананың перзентхана бөлімшесінде босанған тұщықұдықтық көп балалы ана Мәншүк Мамбетованың пікірі дәлел бола алады. Ол ақ халатты абзал жандардың еңбегін ерекше атап өтті.
– Осымен аудандық ауруханада төртінші баламды босанып отырмын. Жалпы бес баланың анасымын. Тұңғышымды қалада дүниеге әкелсем, қалған төрт перзентім осы аурухананың перзентхана бөлімшесінде өмір есігін ашты. Көпшілік маған «ауылда босанудан қорықпайсың ба?» деп жиі сұрайды. Бірақ мұндағы дәрігерлер, гинекологтар мен медбикелер әрдайым қасыңнан табылып, жағдайыңды жасап, ерекше қамқорлық танытады. Әсіресе гинеколог Галия Бакранова әрбір қыз-келіншектің жағдайын жіті бақылап, үлкен жауапкершілікпен қарайды. Аурухана іші жылы, таза, тағамдары да жеткілікті. Көпшілік қалаға баруды жөн көреді, әрине ол – әркімнің өз таңдауы. Бірақ ауыл дәрігерлерінің еңбегін де бағалау керек. Олар да қалалық перзентханадан кем емес. Керісінше, ауылда әр анаға жеке көңіл бөлініп, барынша қолдау көрсетіледі, – дейді жас босанған ана.

Тұщықұдық ауылының тұрғындары Еркебұлан Өтеуов пен Мәншүк Мамбетованың шаңырағында бүгінгі күнге дейін 3 қыз, 1 ұл тәрбиеленіп келеді. Ал сол үйдің бесінші ұрпағы болып, рамазан айында дүниеге келген сәбиге Айсұлтан есімі берілген.
Жас нәрестенің денсаулығы жақсы екенін гинеколог дәрігер Галия Бакранова да атап өтті.
– Біз әрбір ана мен баланың өміріне жауаптымыз. Жақында 41 жастағы келіншек 40 аптасында дені сау сәбиді дүниеге әкелді. Баланың салмағы – 3 келі 340 грамм, бойы – 58 сантиметр. Қазіргі таңда ананың да, баланың да жағдайы жақсы, – дейді дәрігер.

Ана мен бала саулығы – қоғамның басты байлығы. Бұл жолда қаладағы ғана емес, ауылдағы медицина қызметкерлері де үлкен жауапкершілікпен еңбек етіп келеді.
Сағыныш ҚАЙЫР,
сурет автордікі

