«Біз таңдаған жол» жобасы аясында Исатай ауданында ұйымдастырылған «Ауылға жақсылық» Pro Bono жобасы ауыл тұрғындары үшін тағылымы мол, маңызы зор кездесу алаңына айналды. Атырау облыстық Ішкі саясат басқармасының қолдауымен, «Азаматтық орталық» КММ ұйымдастырған шараға ауданның жиырмаға жуық белсенді азаматы мен еріктілері қатысты. Қазіргі таңда қоғамдағы өзара көмек мәдениетін қалыптастыру мен азаматтық белсенділікті арттыру аса маңызды. Осы мақсатты көздеген жоба ауыл тұрғындарының медициналық сауаттылығын көтеруге, алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларын жетілдіруге және медициналық волонтерліктің қоғамдағы рөлін кеңінен насихаттауға бағытталды.

Кездесудің негізгі спикері – Атырау облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының фельдшері Әсем Назарова болды. Ол қатысушыларға күнделікті өмірде жиі кездесетін төтенше жағдайларда дұрыс әрекет ету жолдарын түсіндіріп, алғашқы медициналық көмектің негізгі қағидалары жөнінде жан-жақты ақпарат берді. Сонымен қатар денсаулық сақтау саласындағы еріктілік қызметтің ерекшеліктеріне тоқталып, волонтерлердің қоғам өміріндегі маңызы туралы тәжірибесімен бөлісті.
Шара барысында қатысушылар теориялық біліммен ғана шектелмей, практикалық мысалдар арқылы түрлі жағдайларда көмек көрсету тәсілдерін меңгерді. Олар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, маманнан нақты жауап алды. Сондай-ақ ауылдық жерлерде медициналық волонтерлікті дамыту, тұрғындарға көрсетілетін әлеуметтік қолдау мен қызмет сапасын арттыру мәселелері төңірегінде пікір алмасты.

– «Ауылға жақсылық» жобасының басты ерекшелігі – ауыл тұрғындарына пайдалы әрі өмірде қажет білім беруінде. Әсіресе алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларын меңгеру кез келген адам үшін маңызды. Бүгінгі шара барысында қатысушылар үлкен қызығушылық танытып, белсенділік көрсетті. Мұндай кездесулер тұрғындардың азаматтық белсенділігін арттырып, волонтерлік мәдениеттің дамуына серпін береді деп сенеміз. Алдағы уақытта да «Біз таңдаған жол» жобасы аясындағы игі бастамалар облыстың барлық аудандарында жалғасып, қоғам игілігіне қызмет ете береді,- Атырау облыстық «Азаматтық орталық» КММ аудандық жұмысты үйлестіру бөлімінің маманы Медет Насиханов.

Осындай бастамалар халықтың денсаулық мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, қоғамдағы жанашырлық, жауапкершілік және өзара көмек құндылықтарын нығайтуға ықпал етеді. Әсіресе шалғай ауылдарда еріктілер қозғалысын дамыту тұрғындардың өмір сапасын арттырудың маңызды тетіктерінің бірі болып отыр.
Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ


