Аудан орталығы – Аққыстау ауылы. Бір кездері мұнда санаулы ғана тұрғын мекендеп, негізінен теміржол саласының қызметкерлері еңбек ететін. Уақыт өте келе ауыл мұнайшылармен толығып, халық саны артып, тіршілік тынысы кеңейе түсті. Бүгінде Аққыстау – көптің көзі түсетін, қарқынды дамып келе жатқан ауылдың бірі. Аудан орталығы болғандықтан мұндағы әрбір өзгеріс пен жаңашылдық жұрт назарынан тыс қалмайды. Соңғы жылдары ауылдың ажары айшықталып, жаңа нысандар бой көтеріп, кәсіп көздері де көбейе түскені – соның айқын дәлелі. Өткен жылдың шілде айында Аққыстау ауылдық округінің әкімі болып сайланған Ерболат Махашовтың қызметіне кіріскеніне биыл жарты жылдан астам уақыт өтті. Алдағы шілде айында оның бір жылдық межесі толады. «Жас келсе – іске» демекші, ауыл әкімдерінің ішіндегі ең жасы болса да, ол алғашқы жарты жылдықта нақты істерімен көзге түсіп келеді. Басталған жобаларды аяқсыз қалдырмай, жаңа бастамаларды қолға алып, халықтың ұсыныс-пікірлерін де ескеріп, ел игілігі жолында жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқанын аңғаруға болады. Осы орайда сәті түскен сұхбат барысында Аққыстау ауылдық округінің әкімі Махашов Ерболат Нұрлыбекұлымен тілдесіп, атқарылған жұмыстар мен алдағы жос-парлар жайын сұрап білдік.
–Ерболат Нұрлыбекұлы, ауыл әкімі болып сайланған уақытта жарты жылдан астам уақытқа таяпты. Жалпы қандай істер атқарылып жатыр, ол туралы біздің оқырмандарға толық айтып өтсеңіз?
–Қайырлы күн! Иә, өзіңіздің алғашқы сұрағыңызда айтып өткендей, туған жерімнің ауыл әкімі болып сайланғаныма 8 ай болды. Осы орайда мен халық алдында ашықпын. Қай кезде болмасын, қандай мәселе болмасын барлығын бірігіп, ақылдасып шешуге тырысамыз. Тіпті қазір ауыл тұрғындары әлеуметтік желі арқылы да немесе ватсаптағы чатында да арыз-шағымын, ұсыныс-тілектерін айтып жатады.Оны да естіп, біліп көріп отырған соң ескеріп жатамыз.
Жалпы өткен жылдың қаңтар айынан бастап Аққыстау ауылдық округінде ауылдың инфрақұрылымын дамыту, қоғамдық орындарды абаттандыру және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру бағытында бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Бір айта кетерлігі, бұл жұмыстардың басым бөлігі тұрғындардың ұсыныс-тілектері негізінде жүзеге асырылып, сондай-ақ «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында қолға алынды. Ең алдымен, балалар мен жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және салауатты өмір салтын насихаттауға басымдық берілді. Осы бағытта «Темір жол» ықшам ауданындағы ескі әскери комиссариат ғимаратының орнына жаңа балалар ойын алаңы орнатылды. Әр жиында осы уақытқа дейін ауыл тұрғындары ескі әскери комиссариат ғимаратын яки қорғаныс істер жөніндегі бөлімшенің бұрынғы орнын бұзуды жиі айтып жүрді. Біріншіден көшенің сәнін кетірсе, екіншіден есік-терезелері жоқ, тозып тұрған күйі ауылдастардың үрейін ұшыратын болды. Міне, қазіргі күні сол аталған көшенің бойына балалар ойын алаңының салынуы көпті қуантты. Сонымен қатар С.Сейфуллин көшесінде орналасқан ойын алаңы жөнделіп, Өркен және Томан елді мекендеріндегі ойын алаңдарының жабдықтары жаңартылды. Бұдан бөлек, Қ.Ихаров көшесіне кіші аяқдоп алаңы орнатылып, Ынтымақ көшесіндегі көпсалалы спорт кешенінде орналасқан шағын футбол алаңына да жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар ауыл үшін бұрыннан келе жатқан басты мәселе – тазалық.Оған барынша ден қоямыз, сенбілік ұйымдастырылады, қоғамдық жұмыстардың да қызметкерлері жұмылып жатады. Орталықтағы «QAZAQ ELI» саябағында абаттандыру және жарықтандыру жүйесін безендіру жұмыстары жүргізіліп, қоқыс жәшіктері мен орындықтар орнатылды. Сондай-ақ ауылдағы шағын архитектуралық формадағы «AQQYSTAU» жазуына жөндеу жұмыстары жасалып, ескі су тарату ғимаратының қабырғасына көркем суреттер салынды.Оның өзі кейде елеусіз болуы мүмкін, алайда ол да біраз уақытты талап етеді.
Ауқымды жұмыстардың бірі инфрақұрылымды дамыту деп айтсақ, осы бағыттағы маңызды жұмыстар жүзеге асырылуда. Теміржол үстіндегі жаяу жүргіншілерге арналған көпірге ағымдағы жылы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ауыл халқының қауіпсіз жүріп-тұруына жағдай жасалды. Бұрындары күн райының қолайсыздығы себеп болып, әсіресе, жарық өшкенде тұрғындар жиі арыз-шағымын білдіретін.Нәтижесінде Елорда көшесіне трансформатор орнатылып, электр желісінің тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік қарастырылды. Аққыстау ауылы республикалық маңызы бар жол жиегінде орналасқандықтан көшенің сәні қонаққа келген мейманның, көптің назарын өзіне аудартады. Сол үшін ауылға кіреберіс белгілер орнатылып, «Атырау–Астрахань» тас жолы бойындағы көше жарығы бағаналары RGB ленталарымен безендірілді. Әрі Егемен Қазақстан көшесіне модульді қоғамдық әжетхана орнатылып, қазіргі уақытта конкурс арқылы сенімгерлікке беру жұмыстары жүргізілуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялағаны көпке белгілі.Сондықтан заман ағымына қарай тұрғындарды жедел ақпараттандыру мақсатында цифрландыру бағытындағы жұмыстар да қолға алынды. Осыған орай «QAZAQ ELI» саябағы мен «Тәуелсіздік» алаңына, сондай-ақ Егемен Қазақстан көшесіне жарықдиодты LED экрандар орнатылды. Бұдан бөлек, 2025–2026 жылғы жылыту маусымына дайындық шеңберінде Мұнайшы көшесінде орналасқан жылу қазандықтарына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қыс маусымына қажетті дайындық шаралары атқарылды. Жалпы алғанда, атқарылған жұмыстардың барлығы Аққыстау ауылдық округінің инфрақұрылымын дамытуға, ауылдың келбетін жақсартуға және тұрғындарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған. Алдағы уақытта да тұрғындардың ұсыныстары мен пікірлерін ескере отырып, ауылды дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасын табатын болады.

–Жоғарыда әңгіме барысында ауыл үшін басты мәселелердің бірі – тазалық екенін атап өттіңіз. Расында, бұған дейін Аққыстау ауылының тазалығы сынға ұшырап, басқа ауылдық округтермен салыстырғанда кемшіліктері айтылып жүрді. Осы мәселе бойынша бүгінгі жағдай қандай, қандай нақты жұмыстар атқарылуда?
– Сөзіңіздің жаны бар. Иә, ауыл тазалығын қамтамасыз ету де басты назарда. Осы мақсатта тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны қоршалып, ауылішілік санитарлық тазалықты сақтау үшін 50 дана қоқыс контейнері сатып алынып, оны пайдалану үстінде. Сонымен қатар, округ теңгеріміндегі арнайы техникалар – ассенизатор мен жүктиегішке жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аққыстау – аудан орталығы болғандықтан ауылдың көркін арттыру және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында абаттандыру жұмыстары да тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Әрі биылдан бастап аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекция бөлімі мекемесінің «Таза Исатай» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорыны ашылып, олар да өз алдына жұмыстанып әрі бізбен бірлесе қызмет атқаруы жүгімізді жеңілдете түсті. Аққыстау аумағындағы жасыл саябақтарды күтіп-баптау жұмыстары ұйымдастырылып, көктемгі және күзгі тал егу науқандары өткізіліп келеді. Осы жұмыстардың жалғасы ретінде Х.Ерғалиев көшесінің бойында «Ұстаздар саябағы» салынып, ауыл тұрғындарының демалысына арналған жаңа қоғамдық кеңістік пайда болды.
–Бұрынғы Аққыстаудың тұрғындары қанша еді, бүгінгі Аққыстаудың халқы қанша болып отыр? Олардың өмір тынысы нешік, яғни тұрмыс-тіршіліктері қалай қалыптасуда?
–Алғаш поселкелік кеңесі құрылғанда ауылда небары 283 шаңырақ, оларда 2000-нан астам тұрғын болған екен. Ал аудан орталығы болып дами түскен ауылдың кейін тұрғындары да көбейді, аумағы да үлкейді, округтің жер көлемі болса 30 мың гектарды құрады. Ауыл халқының саны 2021 жылы 11 мыңға дейін барды, қазір 2026 жылы Аққыстау ауылында 9 мың 881 адам тұрып, тірлік етіп жатқан жайы бар. Соның ішінде 4190 адам – еңбекке жарамды тұрғындар.Ел ырысын еселеп отырған 3522 азамат тұрақты жұмыс істесе, 442 тұрғын өз кәсібін дөңгелетіп, нәпақасын тауып отыр.Ал жұмыссыздар саны 226 болғанымен, оның 123-і ғана ресми тіркелген.Округтегі әлеуметтік ахуал да назардан тыс қалған емес.Ақсақалдар мен ақ жаулықты аналарға құрмет көрсетіп, 985 зейнеткер бейнетінің зейнетін көруде. Сонымен қатар 346 мүгедектігі бар жанға, оның ішінде 30 ауыл азаматына азық-түлікпен қолдау көрсетілсе, 23 балаға қамқорлық жасалды.Бұл – қоғамның адамгершілік келбетін айқындайтын маңызды көрсеткіш. Аққыстау округі үш елді мекеннен тұрады.Мұнда 2249 үй, 2051 отбасы берекелі ғұмыр кешуде. Көп балалы аналар да елдің алтын діңгегі саналады ғой.Жалпы, ауылымыз бойынша 92 ана – «Алтын алқа», 119 ана «Күміс алқа» иегері атанған.Бұл дегеніміз – ұрпақ сабақтастығы мен ұлттық құндылықтардың жалғастығы болып саналмақ.
Ал округтің жалпы жер көлемі 30 гектарды құрайды. Оның ішінде 3982 гектары – ауыл шаруашылығы алқабы, 4278 гектары – жайылым. Бұл – мал шаруашылығын дамытуға кең мүмкіндік беретін құнарлы өлке екенінің дәлелі.Экономика саласында да оң серпін байқалады. Округте 11 шаруашылық құрылымы жұмыс істеп, онда 14 адам еңбек етеді. Ал 645 жеке кәсіпкер ауыл тіршілігін жандандырып отыр. Сауда-саттық, тұрмыстық қызмет, тасымал, қоғамдық тамақтану секілді түрлі салалар халық игілігіне қызмет етуде. Атап айтқанда, 5 мейрамхана мен 11 асхана тұрғындарға қызмет көрсетсе, ветеринария мен дәріхана саласы да өз жұмысын жүйелі жүргізуде. Мал шаруашылығы – ауылдың негізгі тірегі. Бүгінде округте 11 066 бас мал бар. Оның ішінде 1862 ірі қара, 4115 қой-ешкі, 4220 жылқы, 869 түйе өсірілуде. Бұл көрсеткіштер ауыл еңбегінің нәтижесі мен табандылығын көрсетеді. Аудан орталығы болғалы бері Аққыстау газбен, сумен, жарықпен толықтай қамтамасыз етілді. Әсіресе, 2000 жылдары ауылды газдандыру қарқынды жүріп, ол шаруа толықтай жүзеге асты.
– Жалпы осы ауылдық округте әлеуметтік нысандар мен білім саласы бо-йынша қандай жұмыстар атқарылды? Сонымен қатар денсаулық сақтау саласында қандай жұмыстар жүзеге асырылғанын айтып өте аласыз?
– Өткен жылы округте бірқатар маңызды әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Атырау облысы құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының тапсырысымен Аққыстау ауылында 250 орындық өнер мектебі салынып, ел игілігіне берілгені жұртшылыққа мәлім. Томан елді мекенінде 80 орындық балабақшаның құрылысы аяқталды. Алдағы уақытта Аққыстау ауылында 100 орындық балабақша салу қажеттілігі бар. Сондай-ақ, ауылдағы орталық стадион орнына дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу мәселесі қарастырылуда. Ал денсаулық сақтау саласына келер болсақ, ауданда қазіргі таңда 11 медициналық ұйым халыққа қызмет көрсетуде. Аққыстау ауылындағы 250 орындық орталық аурухана күрделі жөндеуден өткізілді. Дегенмен аурухана ғимаратындағы жұқпалы аурулар бөлімшесі мен асханасын қосымша жөндеуден өткізу қажеттілігі бар. Әрі медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру мақсатында Өркен елді мекенінде фельдшерлік-акушерлік пункт салынып, бүгінде аудандық аурухана теңгеріміне қабылданып, құжаттары рәсімделуде.
– Аққыстау тұрғындары түрлі басқосуларда және баспасөз беттерінде жиі көтеретін мәселелердің бірі – басқа аудан орталықтарымен салыстырғанда Аққыстау ауылының ішіндегі жол-көлік инфрақұрылымының жағдайы. Сонымен қатар әлгінде айтылған тұрғын үй мәселесі, коммуналдық қызмет сапасы мен қауіпсіздік жүйесінің дамуы қалай жүзеге асып жатыр?
– Өткен жылы аудан халқының әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында аудандық құрылыс бөлімі мен аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын-үй инспекциясы бөлімі арқылы 18 пәтер сатып алынды. Қазіргі уақытта оларды «Отбасы банк» АҚ арқылы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Аққыстау ауылында «NCOC» компаниясының демеушілігімен және бюджет қаражаты есебінен екі бірдей үш қабатты 60 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жаңа автомобиль жолдарын, жаяу жүргіншілер жолдарын, велосипед және жүгіру жолдарын салу бо-йынша жоба әзірленуде. 2025 жылы яғни былтыр аудан тарихында алғаш рет ауылішілік және ауыларалық қоғамдық көлік қатынасы іске қосылып, Аққыстау ауылында үш бағыт бойынша қоғамдық көлік жүре бастады. Халық та дән риза болысып, автобусқа сұраныс артты. Жолаушыларға қолайлы болу үшін ауылға 10 қоғамдық көлік аялдамасы орнатылды. Сонымен қатар Томан елді мекенінде электр желілерін жүргізу жұмыстары аяқталды, ал Аққыстау ауылында көше жарығы мен электр желілерін жаңарту бойынша жаңа жоба дайындалуда. Ауылдағы жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 52 бейнебақылау камерасы мен бір бағдаршам орнатылып, оларды толық іске қосу жұмыстары жүргізілуде үстінде. Қысқарта айтсам, Аққыстаудың дамуында, заман талабына бейімделуінде көптеген оңды өзгерістер бар деп айта аламыз. Соның ішінде көптің көз алдында заманауи тұрғын үй құрылыстары, спорттық орындар, кәсіпкерлік нысандар да бой көтеруде.Осындай оң істер алда да жалғасын таба беретін болады.
– Алдағы уақытта жүзеге асырылатын негізгі жоспарларыңыз қандай?
–Алдағы кезеңде ауылдық округ аумағында инфрақұрылымды дамыту бағытында бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Өркен ауылында жаяу жүргіншілер көпірін жаңғырту жоспарлануда. Бұдан бөлек, тұрғындардың демалысына қолайлы жағдай жасау мақсатында орталықтағы Ардагерлер саябағын жөндеу жұмыстары қолға алынбақ. Ал Мұнайшы көшесіндегі кірме жолына арка орнату бағытындағы жобалар қазіргі таңда жоспарлану үстінде.
Сонымен қатар, Аққыстау ауылында ауылішілік жолдар мен жаяу жүргіншілер жолдарын дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасуда. Қазіргі таңда V кезең жобасы жасақталуда. Жоба аясында бұған дейін жол құрылысы жобасына енгізілмеген көшелер мен олардың аралықтарын қамту жоспарланып отыр.Айта кетейік, бүгінде ауылда IV кезең бойынша ауқымды жол құрылысы жұмыстары жүргізілуде. Жоба шеңберінде жалпы ұзындығы 12,1 шақырым автокөлік жолы мен 3 шақырым жаяу жүргіншілер жолын салу көзделген. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың күзінде басталып, қазіргі уақытта жоспарға сәйкес жүзеге асуда. Сонымен қатар ағымдағы жұмыстар өз ретімен жүргізіле береді.
Жалпы, аталған жобалар ауыл инфрақұрылымын жақсартып, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған маңызды бастамалар болып табылады.
– Әңгімеңіз рахмет, жұмысыңызға сәттілік тілейміз!
Сағыныш ҚАЙЫР

