Аңызға айналған Ақмаңдай әже

ашық дереккөзден

 

Халқымыздың тарихы мен рухани мұрасы тек батырлар мен билердің, хандар мен әулиелердің есімімен ғана өлшенбейді. Ұлттың ұйытқысы болған, ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосқан асыл аналардың да қазақ қоғамындағы орны ерекше. Ел басына күн туған кезеңдерде отбасының ғана емес, тұтас рудың береке-бірлігін сақтап, даналығымен дараланған аналар халық жадында мәңгі сақталып келеді. Сондай қасиетті тұлғалардың бірі – Ақмаңдай Мырзағұлқызы.

Өзінің парасаттылығы, сабырлығы және аналық мейірімі арқылы ел құрметіне бөленген Ақмаңдай әже халық арасында ерекше қадірленген тұлға ретінде белгілі. Оның өмір жолы – қайсарлық пен төзімнің, адамгершілік пен даналықтың жарқын үлгісі. Сондықтан да Ақмаңдай әженің есімін ұлықтау – өткенге тағзым ғана емес, кейінгі ұрпаққа өнеге болатын асыл құндылықтарды дәріптеу болып табылады.

2002 жылы ұрпақтарының бастамасымен Ақмаңдай әженің құрметіне ескерткіш орнатылып, бүгінде ол көпшілік тағзым ететін қасиетті орындардың біріне айналды. Қазір бұл жерге келушілер әженің рухына дұға бағыштап, өнегелі өмір жолын құрметпен еске алады. Тағылымды шара барысында кезінде осы игі істің жүзеге асуына қолдау көрсетіп, өз көмегін аямаған Исатай ауданының Құрметті азаматы Зұлбұхар Мақсотұлына ұрпақтары ризашылықтарын білдіріп, иығына шапан жапты. Сонымен қатар жиынға арнайы қатысқан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Насимуллин Исатай ауданы әкімінің көңіл хатын табыстап, Ақмаңдай әженің есімін ұлықтап, оның рухани мұрасын ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келе жатқан азаматтарға алғысын жеткізді. Ол қасиетті тұлғаның өнегелі өмірі мен тағылымды жолын насихаттау кейінгі буын тәрбиесіндегі маңызды қадам екенін атап өтті. ҚР Мәдениет қайраткері, Ақмаңдай Мырзағұлқызының ұрпағы Гүлмайдан Сүндетованың айтуынша, Ақмаңдай әженің өмір жолын насихаттау арқылы жастарды үлкенді сыйлауға, ұлттық құндылықтарды қастерлеуге және туған жер тарихын тануға баулуға болады.

– Ақмаңдай әженің өмір жолы – кейінгі ұрпаққа үлкен өнеге. Біз оның өнегесін дәріптеу арқылы жастарды үлкенді құрметтеуге, аналар мен әжелердің қоғамдағы рөлін бағалауға тәрбиелей аламыз. Нарын өңірінде осындай қасиетті тұлғалар аз емес, сондықтан олардың өмірі мен мұрасын насихаттап, тарихи орындар ретінде қорғауға алу маңызды. Бұл жастардың туған жер тарихын тереңірек танып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруіне ықпал етеді. Сондықтан осындай бастамаларға аудан тарапынан қолдау көрсетілсе деген ұсынысымыз бар, – дейді ол.

Өткенін құрметтеген елдің болашағы баянды болмақ. Сондықтан Ақмаңдай Мырзағұлқызы сынды ел анасының өмірі мен өнегесін кеңінен насихаттап, оның есімін тарихи-мәдени мұра ретінде дәріптеу – уақыт талабы. Бұл бір жағынан туған өлкенің шежіресін түгендеуге қызмет етсе, екінші жағынан жастардың бойына ұлттық рух, адамгершілік пен ізеттілік қасиеттерін сіңіруге ықпал етеді. Халық жадында сақталған осындай асыл тұлғалардың мұрасы ұлттың рухани қазынасын байытып, келешек ұрпаққа жол көрсете берері сөзсіз.


Еркебұлан ЗИНЕДЕН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT