БАБАННАН ШЫҚҚАН ЧЕКИСТ немесе аса қауіпті рецидивистерді ауыздықтауға елеулі үлес қосқан Ғарифолла Қапарұлының ұтымды іс-қимылы туралы аз-кем сөз

Жалпы кез келген журналист ұлттық қауіпсіздік қызметінің ардагерлері туралы онша көп қалам тербей бермейді. Бұл тақырыптың бұқаралық ақпарат құралдарында жиі көрінбеуінің басты себебі - аталған қызметтің құпиялылығына, «Мемлекеттік құпиялар туралы» Заңның қорғалуына және ашық ақпарат көздерінің шектеулілігіне тікелей байланысты болса керек. Ардагерлердің бұрынғы жұмысы туралы жазу арнайы рұқсатты қажет етеді. Біз де осы мақаланы дайындау үшін кездейсоқ  кездестірген кейіпкерімізден арнайы рұқсат сұрадық. Қаламгерлер бұл тақырыпты үнемі қозғап жүрген жоқ дедік қой, бірақ сирек те болса олар туралы баспасөз беттерінде там-тұм мақалалар жарияланып жүргені анық. Онда да журналистер ардагерлердің жеке басына немесе құпия операцияларға емес, көбінесе олардың мемлекет пен қоғам алдындағы жалпы еңбегіне, тарихи естеліктеріне және патриоттық тәрбиеге өзек болар жайттарға баса назар аударады. Осы ретте негізгі әңгімеге көшпей тұрып, кейіпкерім туралы қысқаша мағлұмат беруді жөн көрдім.

Қазақстан Республикасы ҰҚК-нің құрметті ардагері, полковник Ғарифолла Қапарұлы– өз туған ауылынан шыққан  тұңғыш чекист. Ол - Исатай ауданына қарасты Тұщықұдық ауылының (бұрынғы Бабан ауылы) тумасы. Еңбек жолын орта мектепті бітіргеннен кейін кеңшарда жұмысшы болып бастаған. 1966-1969 жылдары Мәскеу қаласында Кеңес Армиясы қатарындағы әскери ызметте болып, бөлімше командирі лауазымында азаматтық борышын өтеген. 
Ташкент темір жол институтын қызыл дипломмен  (1974 ж.), Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің жоғары курсын (Ташкент, 1975 ж.), КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Ф.Э.Дзержинский атындағы жоғары мектебін бітірген ( Мәскеу, 1985 ж.). Ғарифолла Қапарұлы - ұзақ жылдар бойы Ұлттық қауіпсіздік органдарында адал қызмет атқарып, мемлекетіміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы іске өлшеусіз үлес қосып, жауапты кезеңдерде батылдық пен табандылық көрсете білген маман. Жедел қызметтен бастап басқарма басшысы лауазымына дейінгі еңбек  жолы - жоғары кәсібилік пен Отанға деген адалдықтың жарқын үлгісі. Ғ.Қапарұлына мұндай бағаны Қазақстан Республикасы ҰҚК-нің басшылығы берген екен. Ағамыз әңгімесінде қауіпсіздік органдарында қызмет атқарып жүрген кезінде талай шешуі күрделі де қауіпті оқиғаларды өз басынан өткергенін айтты. Сұхбаттасу кезінде ол сол оқиғалардың бірі, өзі бастан-аяқ белсене қатысқан «Набат» деп аталған операция жайында толығымен баяндап бергені бар.

ШЫМКЕНТТЕГІ «НАБАТ» ОПЕРАЦИЯСЫ


-Отыз төрт жыл өтсе де әлі есімде,-деп бастады әңгімесін сұхбаттасымыз.

-1992 жылдың ақпаны болатын. Кешкі уақыт. Кенеттен дабыл қағылып, бәрімізді жұмыс орындарымызға шақырды. Мәжіліс залына жиналдық. Генерал Е.А. Мустафетов бізге бұдан бірнеше уақыт бұрын Ташкенттен Мәскеуге этаппен алып кетіп бара жатқан, сот үкімімен өлім жазасына кесілген бір топ қылмыскер өздерін алып бара жатқан әскерилерді өлтіріп, қаруларын алып қашып кеткенін айтты. Олардың бірнешеуі «Қызылорда-Сарыағаш» бағытындағы жолаушылар мінген автобусты басып алып, жолаушыларын кепілдікке алған. Олар Шымкент әуежайынан тез арада, үлкен, салонына бірден өздері мініп келе жатқан автобус сыйып кететін жүк ұшағын дайындауды талап еткен. Егер бұл талаптары орындалмаса, кепілге алынған жолаушыларды бір-бірлеп атып өлтіретіндерін ескерткен.


Осыған орай облыста штаб құрылғанын, ол штабты генералдың өзі басқаратынын, ал өзінің көмекшісі ретінде мені бекіткенін айтты. Менің генералға көмекші болу себебім, мен сол кезде темір жол, автокөлік, авиация және байланыс объектілерді, мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қарсы барлау, жедел іздестіру жұмыстарын жүргізетін бөлімшенің басшысы едім және осы аталған объектілердегі туындаған барлық оперативтік жағдайларға тікелей жауапты болатынмын.
Артынша генерал мені кабинетке шақырды. Кірсем, ол кісі қатты толқып отыр екен. «Ғарифулла, бізге, бәрімізге, әсіресе екеумізге үлкен сынақ түсті. Мен бүкіл операцияға жауап берсем, сен менің көмекшім ретінде бүкіл әуежайдағы жұмысқа жауап бересің. 
Себебі, әуежай - сенің тікелей жауап беретін объектің. Бандиттер мұздай қаруланған, өлім жазасына кесілген, нағыз қанішерлер, ешнәрседен тайынбайды. Сондықтан олармен келіссөз жүргізу мүмкін емес, тек көздерін жоюымыз керек деді. Ату қаруларынан басқа, оларда жарылғыш заттар да болуы әбден мүмкін. Сондықтан аса сақ болуың керек.
Операцияны осы Шымкент әуежайы аумағында өткізуді шештім. Себебі олар мінген автобус жолда жүріп келе жатқанында шабуыл жасау мүмкін емес. Оларды жою үшін Алматыдан ҰҚК-нің «Альфа» жасағы келеді. Сондықтан қазір әуежайға барып, бар жұмысты ұйымдастыр. Мен арнайы жасақпен байланыс орнатып, жан-жақпен сөйлесіп отыру үшін кабинетімде боламын. Барлық жұмысты саған сеніп тапсырамын.
Бандиттердің көзін жоюға не керек, соның бәрін дайында деп тапсырма берді. Егер де сенің жіберген қателігің салдарынан бандиттерді жою операциясы сәтті өтпей, кепілге алынған, болмаса әуежайдағы басқа да адамдарға қауіп төніп, оларға зақым келсе, сен сол объектіге тікелей жауапты ретінде қатаң жазаға тартыласың»,-деп ескертті.
Сонымен генералдан тиісті тапсырмамды алып, аяғы не болары белгісіз жауапкершілікті, ауыр жүкті арқалап шықтым. Іштей бар күш-жігерімді салып, аянбай іске кірісуге шешім қабылдадым.
Содан, қасымда көмекші офицерімді ертіп, бірден әуежайға келдім. Бірден әуежай басшысына кіріп, туындаған террористік қауіп-қатерді айтып, террористердің көзін жою операциясы осы әуежайда өтетінін айттым. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының терроризмге қарсы күресуді ұйымдастыру бағытындағы тиісті жұмыстарды жүзеге асыру және басқа да осы бағыттағы заңнамаларына сілтеме жасай отырып, осы оперативтік жедел басшылықты өз қолыма алатынымды ескерттім. Және осы аталған заңдар аясында менің заңды талаптарымды дер кезінде орындауды талап еттім. 
Уақытты ұтымды пайдалану үшін жұмысты үш бағытта жүргізуді ұйғардым. Бірінші бағыт - оперативтік құпия жұмыстарды ұйымдастыру. Мақсатымыз тап осы сәттегі объектідегі және соның айналасындағы қалыптасқан оперативтік жағдайды толық біліп, оны әрі қарай қатаң бақылауға алу керек болды. Осы мақсатта көмекші офицеріме (осы объектіде көптен бері қарсы барлау жұмыстарын жүргізетін)  құпия түрде, жария емес әдістерді қолданып, тиісті жұмыстарды сапалы орындауын және қандайда бір күдік туғызатын ақпараттар түсе қалса, маған тез жеткізуді тапсырдым.
Екінші бағыт - әуежайды және оның персоналы мен жолаушылардың қауіпсіздігін толық қамтамасыз ету. Себебі, террористердің көзін жою операциясы кезінде кез келген төтенше жағдайлар орын алуы әбден мүмкін еді. Ал әуежай террористік тұрғыда осал объект болатын. Себебі, әуежай - жолаушылардың күні-түні шоғырланатын жері. Оның үстіне объектіде өртке, жарылуға қауіпті нысандар бар. Жанар-жағармай қоймасы, қару-жарақ сақтайтын бөлме, диспетчерлердің отыратын жерлері, т.б. орындар. Әуежайдың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында администрациямен бірлесе отырып, тиісті ауқымды шараларды іске асырдық. 
Террористерді жою кезінде туындауы мүмкін төтенше жағдайларға төтеп беріп, олардың алдын алу шараларына аса маңыз берілді. Барлық осал, қауіпті жерлерге қос-қостан қарулы күзет, бірнеше өрт сөндіру машиналары, екі «Жедел жәрдем» бригадасын сақадай-сай қылып қойдық. Барлық керекті қызмет басшыларын шақыртып, олармен қырағылық пен қауіпсіздікті сақтау туралы қысқаша жиналыс өткізіп, операция аяқталғанынша жұмыс орындарында қалуын дер кезінде анықтап, оларды тез арада қамтамасыз етіп, әуежай персоналын күшейтілген жұмыс режиміне көшірдік.
Персонал еш кедергісіз, штаттық режимінде жұмыс істеп тұрды. Жолаушыларға  да ешқандай кедергі болған жоқ. Бұл екі бағытта атқарылған жұмыстарымыздың негізгі мақсаты алдағы жоспарланған террористердің көзін  жою операциясының сәтті өтуіне толық жағдай жасап, оған қандай да бір кедергі келтіруі мүмкін-ау деген фактілер мен кемшіліктерді дер кезінде анықтап, оларды тез арада жойып отыру еді. Осы мақсатта барлық келіп түскен ақпараттарды саралап, керек болған жағдайда генералға баяндап отырдым.
Үшінші бағыт. Жоғарыда  көрсетілген екі бағыттағы жұмыс толығымен, жүйелі түрде атқарылып жатты. Енді сол «Альфаның» бастығымен кездесіп, солардың талаптарын орындау қалды. Айтылғандай, «Альфа» жасақтары арнайы ұшақпен ұшып келді. Олардың басшысымен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстармен, келіп түскен ақпараттармен бөлістім.
«Альфа» басшысы маған әуежай территориясына дәл сол террористер мінген автобусқа ұқсас (сондай маркалы) автобусты әкелуді талап етті. Ол жаттығу өткізу үшін керек деді. Мен генералға хабарладым. Генерал «Орындаңыз!» деп бұйырды. Сонымен қаладағы барлық автопарктерге хабарластым. Сұрастыра келгенде  қаланың бір автопаркінде тап террористер мінген автобустай автобусы бар екені белгілі болды. Сол бойда сол автопаркке аяқтай барып, диспетчер арқылы үйінде демалып жатқан директорымен (екеуміз жақсы қарым-қатынаста едік) сөйлесіп, жағдайды айтып, жүргізушісімен дәл сол маркалы автобусты сұрап алып, әуежайға алып келдім. Сол жерде көп кешікпей «Альфа» жауынгерлері автобусқа шабуыл жасап, жаттығу өткізді. Автобустың терезелері быт-шыт болып сынып, қатты зардап шекті. Бірақ артынан, заңда қарастырылғандай, автопаркке келтірілген зиян толық өтелді. 
Содан кейін «Альфа» басшысы «террористер мінген автобусқа жүріп келе жатқанда шабуыл жасау мүмкін емес, сондықтан әуежай территориясына келіп тоқтағаннан кейін шабуыл жасамасақ» деді. Мен және әуежай басшысы  террористер мінген автобусты әуежай территориясына кіргізуге үзілді-кесілді қарсы болдық. Себебі, террористер үлкен жүк ұшағын сұрағаны белгілі. Ал ондай ұшақ әуежайда жоқ болатын. Егер олар мінген автобус әуежай территориясына кірсе, террористер сұраған үлкен ұшақтың жоқ екенін міндетті түрде автобус терезесінен көреді, алданғандарын біліп, кепілге алынған жолаушыларды ата бастауы әбден мүмкін еді. Сондықтан біз, әуежай басшысы екеуміз бұған қарсы болдық.
Содан «Альфа» басшысы «онда террористер мінген автобусты мәжбүрлі түрде тоқтату керек және автобус тоқтаған жерге жақын жерде жасақтар жасырынып отыратын орын болуы керек деді.
Бұл туралы тағы да генералға баяндадым. Ол кісі сол бойда әуежайға келіп, «Альфа» басшысымен, «Альфаның» талабын қанағаттандыратын автобусты мәжбүрлі тоқтату тәсілімен және жерін анықтап, террористер мінген автобусқа кенеттен, сәтті шабуыл жасауға жағдай жасауға тапсырма берді. Содан біздер өзара ақылдасып, автобусты мәжбүрлеп қай жерде, қалай және жасақтарды қай жерде жасыруға болатынын анықтап, генералға  хабарладық. Генерал әуежайға қайта келіп, біздің дайындаған вариантымызбен мұқият танысып, келісті. Террористер мінген автобусты сол әуежай территориясы сыртында кіре берер жерде, алдына қар тазалайтын күрегі бар машинамен соғыстырып тоқтатпақ болдық. Ал жасақтарды сол жерге жақын қойылған автокөлік тасасына жасыратын болдық. Қар күрейтін жаңа машина дайындадық. Оның техникалық жағдайын мамандар толық тексерді.  Жүргізушісі «Альфа» қызметкері болатын болды. 
Сонымен таңертең ертемен террористер мінген автобус келді. Терезелері перделенген, іштегі адамдар көрінбейді. Сол келісілген сценарий бойынша автобус мәжбүрлі түрде тоқтатылып, жасақтар шабуыл жасап, террористердің көзін жойды. Ешкім зардап шеккен жоқ.
Біздер бір бөлмеге шәй, кофе, сусындармен бірге жеңіл тағамдар дайындаттырып қойғанбыз. Жолаушыларды сол бөлмеге алып барып демалдырған соң, әрқайсысымен асықпай сөйлестік. Ондағы мақсатымыз террористер туралы қосымша мәлімет алу еді. Мысалы, олар өзара не айтып сөйлесті, бостандықта қалған басқа сыбайластары жоқ па екен, т.б. сол сияқты.
Сонымен операция сәтті аяқталды. «Альфа» жасақтары осы операцияның ойдағыдай сәтті өтуіне әуежайда толық жағдай жасалғанын баса айтып, бізге ризашылықтарын білдірді.
Генерал Е.А. Мустафетов те жұмысымызға риза болып, оң бағасын берді. Кейіннен осы жұмысым үшін  ҚР ҰҚК төрағасының бұйрығымен бағалы сыйлықпен марапатталдым,-деп аяқтады әңгімесін ағамыз.Шынында да, бүгінгі күннің көзқарасымен қарасақ, «Нават» - тек сәтті операция емес, адам рухының, қазақстандық чекистердің кәсібилігінің және қарапайым адамдардың жанқиярлығының символы. Бұл атышулы оқиғаға биыл табаны күректей отыз төрт жыл болған екен. Оқиға ұмытылғанымен, ерлік ешқашан ұмытылмақ емес. Осы операцияның сәтті аяқталуына жанын шүберекке түйіп, кеудесін оққа тосқан талай қарапайым  адамдармен қатар ұлттық қауіпсіздік комитеті басшыларының барлығының, чекистердің, мемлекеттік автоинспекторлардың, милиционерлердің, «Альфа» арнайы жасағының, бір сөзбен айтқанда, аға буын өкілдерінің ерліктерін қайтадан бағалау керек те болар, мүмкін. Бұл - менің жеке пікірім. Өйткені «Нават» операциясы кейінгі өскелең жас ұрпақты елжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелейтін бірден-бір рух дер ем. Оның ішінде, әсіресе  жерлес ағамыздың өзіне жүктелген жауапты міндеттерді асыра орындап, бақайшағына дейін қаруланған аса қауіпті рецидивистердің көзін жою кезінде батылдық пен табандылық танытып, «Нават» антитеррористік операциясына белсене қатысуы ерлікпен пара-пар десек те болады. Осы жерде бір айта кетерлік жайт– «Нават» операциясы - әлем мемлекеттерінің арнайы жасақтарының тарихындағы ешқандай шығынсыз, сәтті өткізілген операцияның алғашқысы болып табылады. Бұдан бұрын әлемде талай осыған ұқсас операциялар өткізілген, бірақ  олардың бәрінде өлім-жітім, шығындар болған. Сондықтан да болар, әлем мемлекеттерінің арнайы органдары  осы «Нават» операциясына қызығушылық танытып, басшылыққа алуда. Ал өз кезегінде, бұл операцияның сәтті өтуіне әуежайдағы алдын ала жүргізілген дайындық жұмыстарының жоғарғы деңгейде болуы бірден-бір себеп болды. Мәселен, егер «Альфа» жасақтары алдын ала әуежайға әкелінген дәл бандиттер мінгендей автобусқа шабуыл жасап, тиісті тәжірибе, қандай іс-қимыл тәсілдер қолдану керек екенін білгендері бандиттер мінген автобусқа аса шеберлікпен  шабуыл жасауға үлкен шешуші септігін тигізді. Оның үстіне автобусты ұтымды жерге  мәжбүрлеп тоқтату тәсілі, сол сәтте шабуыл жасалуы террористерге күтпеген жағдай болып, олар қарулы қарсылық көрсетуге шамалары келмеді. Осы ойымызды айтқанымызда ағамыз: - Мен тек өзіме ғана тапсырылған қызметтік міндетті орындап шықтым,-деген күлімдеп. 
Оңтүстік Қазақстан облысында ұзақ жылдар ұлттық қауіпсіздік комитетінде қатардағы жедел уәкілінен басқарма бастығы лауазымына дейін көтерілген ағамыз Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылығы, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шымкент қаласы бойынша департаментінің бастығы, ұлттық қауіпсіздік генерал-майоры Р.Т.Сейсембаевтың, ардагерлер кеңесінің төрағасы, полковник У.Ж.Адаевтың, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Атырау облысы бойынша департаментінің бастығы, генерал-майор Қ.Тасыбековтің,  ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы полковник Р.Мақсотовтың құттықтау хаттарымен және Ұлы Жеңістің 80 жылдығы құрметіне тағайындалған Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің «Ар мен Даңқ», Кеңес Одағының батыры, генерал Сабыр Рақымов, II және III дәрежелі мінсіз қызметі үшін және ведомстволық медальдарымен, ҰҚК-нің грамотасы және бірнеше бағалы сыйлықтармен, көптеген алғыс хаттармен марапатталған екен. 
Ағамыз сол жерден зейнетке шықты. Өзі жұмыс істеген, тағдырының таңдауы болған саланың құрметті қызметкері атанды.
                                

ЕР-АЗАМАТТЫҢ БАҚЫТЫ – АДАЛ ЕҢБЕКТЕ

Ғарифолла аға Қапарұлы бүгінде зейнеткер. -«Адам есейген шағында туған топырағына қарай бүйрегі бұрып тұрады» деген рас сөз,-дейді ол. -Атырауға көшіп келдім, биыл мектепті бітіргенімізге 60 жыл болады, сыныптастарыммен сөйлесіп, ауыл-елдің амандығын біліп тұрамын. Зайыбым Талшын Қарақойшықызы екеуміз  екі ұл, бір қыз көріп, одан жеті немере-жиен сүйіп отырған өнегелі, үлгілі шаңырақтардың біріміз. Үлкен ұлым –Бауыржан, ҚР ҰҚК-нің офицері болған, 40 жасында кенеттен қайтыс болды. Жолдасы Светлана Тілекқабылқызы - мұнай саласының құрметті ардагері, шетел компаниясында басшылық қызметте. Немерем Байсал - үшінші сынып оқушысы, оқу озаты, бірнеше сайыстарға қатысып, жүлде алған, қазір Атырауда тұрады. Қызым Жанар-жоғары білімді қаржы саласының үздік маманы, ірі компанияның бас есепшісі. Жолдасы Бауыржан - әскери қызметкер, шетелде бірнеше әскери миссияға қатысқан, Астанада тұрады. Немерем Айгерім жоғары білімді, ол да қаржы саласының үздігі, мамандығы бойынша жұмыс істейді. Жолдасы Алдияр - радиоинженер. Кіші ұлым Ержан - магистр, мұнай саласының үздігі, білікті инженер, мамандығы бойынша жұмыста. Келінім Жұлдыз - жоғары білімді аэрофотогеодезист. Дизайн саласы бойынша жұмыс істейді. Немерелерім Інжу, Бейбарыс - оқу озаттары, түрлі сайыстардың жеңімпаздары, бірнеше мәрте марапаттар иеленген. 
Әңгіме барысында көпті көрген ағамызға: «Әдетте әйел бақыты жөнінде көп толғанамыз, ал ер-азаматтың бақыты неде?» деген сауалымды көлденең тартқам. «Азаматтың абыройы – елдің құрметі. Бақыты – атақ-даңқ күтпей, ел үшін кіршіксіз еңбек ете білу» деді Ғарифолла аға. 
Ақ-қарасы қатар жүретін мына ғұмыр оны да сынады. Шыңдады. Шынықтырды. Нәтижесі міне, бүгінде ол – адал еңбектің, кіршіксіз қызметтің арқасында ортасына сыйлы азамат.
Сөз соңында бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып, ұзақ жылдар Оңтүстік Қазақстан облысында тұрып, еліміздің ұлттық қауіпсіздік комитетінде абыройлы қызмет еткен, елге қызмет етудің, адалдық пен жауапкершіліктің үлгісін көрсете білген, жас офицерлерді батылдық пен табандылыққа, елжандылық пен отансүйгіштікке баулып жүрген Ғарифолла Қапарұлы ағамызға қандай мадақ айтсақ та, жас ұрпаққа қалай үлгі етсек те жарасады дегім келді.                                                                                                          
                                           

Аяпберген САЛИХОВ,
Қазақстан Журналистер 
одағының мүшесі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT