Бала қауіпсіздігі бәрінен маңызды

 

Жаз – балалар үшін еркіндік пен демалыстың ең қызықты кезеңі. Алайда дәл осы уақытта қауіпсіздік мәселесі күрделене түседі. Бақылаудың босаңсуы, бос уақыттың артуы және цифрлық кеңістіктің ықпалы жасөспірімдердің түрлі қауіп-қатерге тап болу қаупін күшейтеді. Сондықтан «бала қауіпсіздігі – отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі» деген ұстаным бүгінгі күні жай ұран емес, нақты іс-қимылды талап ететін маңызды міндетке айналып отыр. Осы бағытта ауданға қарасты жеті ауылдық округте «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында ата-аналар жиналыстары ұйымдастырылды. «Бала қауіпсіздігі – отбасы мен қоғамның ортақ жауапкершілігі» тақырыбында өткен бұл кездесулер дәстүрлі есеп беру форматынан гөрі ашық диалогқа негізделді. Жиындарға округ әкімдері, мектеп басшылары, құқық қорғау және денсаулық сақтау саласының мамандары қатысып, мәселені жан-жақты талқылады.

Кездесулерде негізгі назар жаз мезгіліндегі балалардың жеке қауіпсіздігіне аударылды. Су айдындағы қауіп, түнгі уақытта қараусыз жүру, интернеттегі қатерлер – ата-аналар үшін ең өзекті мәселелер ретінде көтерілді. Мамандардың айтуынша, құқық бұзушылықтардың басым бөлігі дәл осындай бақылау әлсіреген кезеңде орын алады. Бұл профилактикалық жұмыстың тұрақты әрі жүйелі жүргізілуі қажет екенін көрсетеді. Сонымен қатар жиын барысында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және құқықтық мәдениетті қалыптастыру мәселелері қозғалды. Мектеп бітіру кештерін өткізу тәртібі, заң талаптары түсіндіріліп, кәсіпкерлердің де жауапкершілігі атап өтілді. Ал денсаулық сақтау саласының өкілдері де маңызды мәселелерге тоқталды. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың маңызы, санитарлық-эпидемиологиялық жағдай, вакцинация қажеттілігі жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Соңғы жылдардағы эпидемиологиялық жағдай бұл бағыттағы ақпараттың маңызын арттыра түскені анық.

Аудан орталығында өткен негізгі кездесуде төтенше жағдайлар қызметі жазғы қауіпсіздік шараларын түсіндірсе, құқық қорғау органдары нақты деректер келтіріп, талаптарды нақтылады. Әлеуметтік қорғау саласының мамандары қиын жағдайға тап болған отбасыларға көрсетілетін қолдау тетіктерін таныстырды.

 

 

Жиында ата-аналардың пікірі де назардан тыс қалмады. Ата-аналардың бірі Нұргүл Нығметова:

– Бала қауіпсіздігін тек мектепке немесе арнайы органдарға жүктеуге болмайды. Ең басты жауапкершілік – ата-ананың өзінде. Кейде баланың бос уақытын қалай өткізіп жүргеніне жеткілікті мән бермейміз. Осындай кездесулер ойландырып, жауапкершілікті тереңірек сезінуге ықпал етеді. Әсіресе жазда бақылауды күшейту қажет, – деп пікір білдірді.

Дегенмен мұндай бастамалардың тиімділігі өткізілген жиындардың санымен өлшенбейді. Нәтиже – ата-ана, мектеп және қоғам арасындағы нақты серіктестік қалыптасқанда ғана көрінеді. Егер жауапкершілік тек білім беру ұйымдарының деңгейінде қалып, ата-ананың қатысуы формальды сипатта болса, кез келген бастама нәтижесіз қалуы мүмкін. Сондықтан басты мәселе – «жиналыс өтті ме?» деген емес, «қоғамдық санада қандай өзгеріс болды?» деген сұраққа жауап табу. Бала қауіпсіздігі – бір реттік шарамен шешілмейтін, тұрақты бақылау мен ортақ жауапкершілікті талап ететін ұзақ мерзімді үдеріс.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT