Отбасы – баланың тұлға болып қалыптасуына ықпал ететін, мейірім мен тәрбие тоғысқан қасиетті орта. Осы орайда Өнер мектебінде «Ұрпағыңмен мың жаса» жобасы аясында «Отбасы – адамгершілік құндылықтарының белгісі» тақырыбында ата-аналармен мазмұнды кездесу өтті. Тағылымды басқосуға арнайы Алматы қаласынан JJS академиясының негізін қалаушы, психолог, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің PhD докторанты Жасұлан Сейтқалиев келді.
Кездесу барысында ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас, бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі, отбасындағы өзара түсіністік пен сенім мәселелері кеңінен қозғалды. Психолог қазіргі қоғамдағы бала тәрбиесіне қатысты өзекті мәселелерге тоқталып, ата-анамен бала арасындағы байланысты нығайтудың тиімді жолдарымен бөлісті.

– Қазіргі таңда ата-ана баласын үйде шектеп, белгілі бір шеңберден шығармай қойса, бала өзін жеткіліксіз сезініп, ойын еркін жеткізе алмай, ашыла алмай қалуы мүмкін. Ал ата-ана керісінше баласын қолдап, түсініп, онымен ашық сөйлесіп, уақыт бөле білсе, бала да біртіндеп ашылады. Сондықтан ең алдымен ата-ана мен бала арасындағы байланысты дұрыс қалыптастыру маңызды. Екінші мәселе – ерлі-зайыптылар арасындағы шешілмей жүрген жағдайлар. Егер ата-ана өзара түсіністікке келе алмай, қарым-қатынастағы ішкі сезімі мен уайымын балаға шығаратын болса, бұл оның психологиялық жағдайына әсер етеді. Сол себепті ата-ана ең алдымен бір команда ретінде әрекет етіп, кез келген мәселені өзара ақылдасып шешуге ұмтылғаны жөн. Қазіргі таңда баланың зейінін телефоннан алуға тырысқаннан гөрі, әр ата-ана өз баласына өзі қызықты тұлға, яғни баланы өзіне тартатын «магнит» бола алуы қажет, – дейді ол өз сөзінде.

Жиын барысында ата-аналар да белсенділік танытып, бала тәрбиесіне қатысты көкейлерінде жүрген сауалдарын ортаға салды. Солардың бірі – көпбалалы ана, қоғам белсендісі Жанар Мусаева бүгінгі қоғамдағы әкенің отбасындағы жауапкершілігіне тоқталды. Ол көпке топырақ шашпайтынын айта келе, отбасының күнделікті тіршілігі мен бала тәрбиесінің негізгі жүгін арқалап жүрген аналар аз емес екенін атап өтті. Ал кей жағдайда тек бүгінін күйттеп, ертеңіне аса мән бере бермейтін әкелер де кездесетінін айтып, олардың отбасындағы жауапкершілігін арттыру үшін не істеу қажеттігін сұрады.

Сала маманы бұл сауалға жауап бере отырып, қазіргі таңда көптеген әйелдің отбасына қатысты жауапкершіліктің барлығын дерлік өз мойнына алып жүргенін айтты. Оның пікірінше, ең алдымен, әйел затына артылған осы ауыр жүкті жеңілдету қажет.

– Отбасы – бір адамның емес, екі адамның ортақ шаңырағы. Сондықтан маңызды мәселелердің барлығы ерлі-зайыптылар арасында ақылдаса отырып шешілуі керек. Бала тәрбиесі де тек ананың міндеті емес. Әке де бала өміріне белсенді араласып, оның тәрбиесі мен дамуына өз үлесін қосуы қажет, – деген ойын білдірді маман.

Осылайша мамандар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар беріліп, ата-аналарға күнделікті қарым-қатынаста қолдануға болатын пайдалы кеңестер ұсынылды.
Сағыныш ҚАЙЫР



