Балаға ерекше көңіл бөлу – жетістіктің негізі

 

Әрбір ата-ана үшін баланың амандығы – бәрінен қымбат. «Баламның табанына кірген шөңге маңдайыма кірсін» дейтін қазақы таным – соның айғағы. Алайда өмірдің өз сынағы бар. Әсіресе қоршаған ортаны толық танып-түсіне бермейтін, бейімделуі қиын ерекше балалар жайлы сөз қозғау – кімге де болса ауыр. Мұндай ерекше балаларды бағып-қағып, тәрбиелеп, қоғамға бейімдеуге бар күшін салып жүрген ата-ананың жан дүниесін түсіну оңай емес. Олар ең алдымен қолдауға, түсіністікке, мейірімге зәру. Өкінішке қарай кейбір аналар баласының ерекшелігін бірден қабылдай алмай, уақыт өткізіп алып жатады. Бұл – табиғи құбылыс. Дегенмен  баланың дамуына оң ықпал ету үшін ең алдымен ата-ананың өзі өзгеруі қажет екені анық. Қазіргі қоғамда осындай ата-аналарға жеткілікті деңгейде қолдау көрсетіп жүрміз бе? Бір-бірімізге шынайы жанашырлық таныта алып жүрміз бе? Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы айтқандай, «Біріміз қазақ, біріміз дос, көрмесек істің бәрі бос». Бұл сөздің мәні бүгінгі күні бұрынғыдан да өзекті. Осы бағытта жуырда ауданымызда қоғам үшін маңызды мәселелерді қозғаған тағылымды жиын өтті. 

«Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы» атты форум ерекше балаларды қолдау және инклюзия саласын дамыту мақсатында ұйымдастырылды. Онда ата-аналар мен мамандардың басын қосып, бала тәрбиесі мен дамуындағы өзекті тақырыптарды талқылауға мүмкіндік берді. Форум барысында түрлі сала мамандары өз тәжірибелерімен бөлісіп, ерекше балаларды қолдау, оларды қоғамға бейімдеу жолдары кеңінен сөз болды.

 

 

Мұндай игі бастамалар – қоғамның жауапкершілігін арттырып, әр отбасыға үміт сыйлайтын маңызды қадам. Өйткені әрбір бала – болашақтың негізі, ал сол болашақтың жарқын болуы – баршамызға ортақ міндет. Форум аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі мен Жастар ресурстық орталығының мұрындық болуымен және де «Айым» дамыту орталығы мен «Белсенді кәсіпкер ханымдар» қоғамдық бірлестігімен, «Сырғалым» қыз-келіншектер клубының ұйымдастыруымен өтті.

Ілкімді іс-шараның алғы сөзі аудан әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары, Отбасын қолдау орталығының  директоры Гүлнара Хайрденоваға берілді. Ол өз сөзінде ерекше баламен жұмыс жасау үлкен сабырлылықты, түсіністік пен қамқорлықты қажет ететінін тілге тиек етті.

- Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен жұмыс – тек кәсіби міндет қана емес, терең тәрбиелік мәні бар, адамгершілікке негізделген маңызды әлеуметтік процесс. Мұндай қолдау мейірімділік пен жанашырлықты қалыптастырып, қоғамның рухани деңгейін көтереді. Бұл қасиеттер тек мамандарға ғана емес, ата-аналарға да аса қажет. Себебі бала дамуы – екі жақтың бірлескен еңбегінің нәтижесі. Мамандар мен ата-ананың өзара сенім мен құрметке негізделген байланысы баланың толыққанды дамуына жол ашады. Осылайша балаларды қабылдау арқылы қоғам өзгешелікті түсініп, әрбір адамды құрметтеуді үйренеді. Бұл – қазіргі қоғам үшін аса маңызды құндылықтардың бірі. Осындай құндылықтар ата-ана мен маманның жауапкершілігін арттырып, ортақ мақсатқа жетуге бағыттайды. Міне, осы бағытта ұйымдастырылған іс-шаралар мен форумдар ата-аналарға үлкен қолдау береді. Мұндай кездесулерден кейін ата-ана өз баласына сеніммен қарап, оның дамуына белсенді араласа бастайды. Нәтижесінде отбасындағы тәрбиенің сапасы артып, ата-ананың өз мүмкіндігіне деген сенімі нығаяды,-деді ол.

 

 

Келесі кезекте сөз алған аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлайна Құрманғалиева ерекше білім беруді қажет ететін балаларға сапалы білім беру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл санаттағы оқушыларға арнайы курстардан өткен, тәжірибелі мамандар сабақ береді. Жыл барысында осындай балалармен жұмыс жасайтын 8 педагог білім жетілдіру курсынан өтіп, кәсіби біліктіліктерін арттырған. Ал 2025–2026 оқу жылында да жоспарға сәйкес мамандарды қайта даярлау және біліктілігін көтеру курстарына жіберу жалғасуда. Сонымен қатар арнаулы сыныптары бар мектептерде психолог, логопед, дефектолог, әлеуметтік педагог және педагог-ассистент сынды мамандар кешенді түрде жұмыс атқарып, балалардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасалып отырғанын жеткізді.

Сол күні өткен форумда аудандық аналар кеңесінің төрайымы Нурия Қайдарға сөз беріліп, ол «Ана – баланың алғашқы ұстазы» тақырыбы аясында өз ойын өрбітті. Өз сөзінде ол баланың тәрбиесі ең алдымен отбасынан басталатынын атап өтіп, ананың мейірімі мен тәлімі ұрпақтың тұлға болып қалыптасуында ерекше орын алатынын жеткізді. Сонымен қатар қазіргі қоғамда бала тәрбиесінде ата-ананың жауапкершілігі артып отырғанын тілге тиек етіп, ұлттық құндылықтарды бала бойына сіңірудің маңыздылығына тоқталды. Ана мен бала арасындағы рухани байланысты нығайту, дұрыс бағыт-бағдар беру – әрбір ананың басты міндеті екенін жеткізе білді. 

Жалғасы газеттің №16 (4281) санында

 

Сағыныш САЙЛАУБАЙҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT