БАЛАНЫ ҚОРҒАУ – КЕЙІНГЕ ҚАЛМАЙТЫН МІНДЕТ

 

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында балалардың құқықтарын қорғау мен қауіпсіз орта қалыптастыруға ерекше басымдық берілуде. Өйткені елдің ертеңі туралы сөз қозғағанда ең алдымен баланың тағдыры, қауіпсіздігі мен құқығы ойға оралады. Бүгінгі бала – ертеңгі азамат, ал оның қандай ортада өсіп, қандай тәрбие алғаны қоғамның келешек келбетін айқындайды. Сондықтан баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – тек ата-ананың немесе мектептің ғана емес, мемлекеттің, жергілікті биліктің және бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі.


 

Бүгінде аудан аумағында 0-18 жас аралығындағы 7758 бала тұрады. Оның 5798-і аудан мектептерінде білім алса, 1325 бүлдіршін 12 балабақшада тәрбиеленуде. Ал 0-1 жас аралығындағы 346 сәбидің 124-і балабақша кезегіне тіркелген. Сонымен қатар ауданда тіркелген 289 оқушы облыс пен республика көлеміндегі түрлі білім беру ұйымдарында – BINOM, БИЛ, НЗМ, «Сармат» мектебі, Ұлттық гимназия және өзге де қала мектептерінде білім алып жүр. Бұл – ауданның әрбір үшінші тұрғыны бала деген сөз. Демек олардың өмірі мен денсаулығын қорғау, білім алуына жағдай жасау, құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету және қауіпсіз орта қалыптастыру – кезек күттірмейтін маңызды міндет. Осы бағыттағы жұмыстарды үйлестіретін негізгі құрылымдардың бірі – аудан әкімі жанындағы Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия. Комиссияның қызметі бір ғана мәселені қараумен шектелмейді. Оның басты мақсаты – әрбір баланың заңмен кепілдендірілген құқықтарының сақталуын қамтамасыз етіп, олардың қауіпсіз әрі жайлы ортада өмір сүруіне ықпал ету.

 


Комиссия хатшысы Венера Мұхитованың сөзінше, комиссия отырыстарында балалардың қауіпсіздігіне қатысты өзекті мәселелер тұрақты түрде қаралады. Атап айтқанда, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғау, қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларды қолдау, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық пен кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері талқыланады. Сонымен қатар ерте жүктілік, жыныстық тиіспеушілік, интернеттегі қауіптер, буллинг пен кибербуллингтің алдын алу бағытында білім беру ұйымдарында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ерекше білімді қажет ететін балаларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетіледі. Өйткені құқық бұзушылықтың салдарымен күрескеннен гөрі, оның алдын алу әлдеқайда тиімді.

–   Аудан әкімінің орынбасары, аудан әкімі жанындағы Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның төрағасы Рашид Мұқанов комиссия мүшелерімен бірге аудандағы балалардың құқықтарының сақталуы мен қауіпсіздік ахуалын тұрақты түрде саралап, туындаған мәселелердің алдын алуға бағытталған шешімдер қабылдап келеді. Комиссия жұмысына отбасы институтын нығайту бағытындағы жобалар да енгізілген. Әкелер кеңесі мен Аналар кеңесінің қызметі жанданып, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыруға арналған кездесулер мен профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылады. Отбасындағы түсіністік пен дұрыс тәрбие – көптеген әлеуметтік мәселелердің алдын алатын басты факторлардың бірі. Комиссия отырыстарында көтерілген әрбір мәселе жан-жақты талданып, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар беріледі. Жолданған хаттар мен ұсыныстар қаралып, олардың орындалуы бақылауға алынады. Бұл жұмыстар білім бөлімі, денсаулық сақтау саласы, құқық қорғау органдары, әлеуметтік қорғау мекемелері және өзге де жауапты құрылымдардың өзара бірлескен іс-қимылы арқылы жүзеге асырылады,-дейді Венера Асқарқызы.


Иә,баланың құқығын қорғау – бір күндік науқан емес, үздіксіз жалғасатын жауапты міндет. Қауіпсіз мектеп, қамқор отбасы, саналы қоғам және заң талаптарының бұлжытпай орындалуы ғана әрбір баланың бақытты балалық шағына жол ашады.

Жайна ЖАҒЫПАР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT