Бүлдіршіндердің күлкісі мен шаттығына толы Халықаралық балаларды қорғау күні ауданымызда ерекше мерекелік көңіл-күймен аталып өтті. Мерекеге орай аудандық «Жалын» мәдениет үйінде балғындардың басын қосқан дәстүрлі «Балапан жұлдыз» ән байқауы ұйымдастырылды.
Өнер додасына 6-9 жас аралығындағы кіші топ пен 10-14 жас аралығындағы орта топтағы талапты балалар қатысып, ән әлеміндегі қабілеттерін көпшілік назарына ұсынды. Әр қатысушы сахна төрінде өз өнерін паш етіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Байқаудың басты мақсаты – балалардың шығармашылық әлеуетін дамыту, өнерге деген сүйіспеншілігін арттыру және жас таланттарға қолдау көрсету.
Бүлдіршіндердің өнеріне Жанбай балалар саз мектебінің директоры Сағия Хисмеденқызы, аудандық «Жалын» мәдениет үйінің директоры Саябек Жәнібекұлы мен аталған мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі, әнші Айдана Әділханқызы әділ бағасын берді.
Тартысты өткен байқау қорытындысы бойынша кіші топта үшінші орын Хадия Жомартбекке, Абдулкарим Бисенбайға және Айшабибі Ерланқызына бұйырды. Екінші орын Ясина Арманқызы мен Айша Асқарға табысталса, бірінші орынды Асылым Жанболатқызы иеленді. Ал өзгелерден озық шыққан Айжұлдыз Русланқызына бас жүлде бұйырып, көптің ықыласына бөленді.
Орта топ бойынша үшінші орын Сезім Нағимге, Амир Болатбекұлына және Кәусар Жұмажанқызына берілді. Екінші орын Айару Қойшыбайқызы мен Айзере Ғаділбекке табысталса, бірінші орын Асылхан Ораққа бұйырды. Ал бас жүлдені Сайда Жансейтқызы жеңіп алып, өнер сүйер қауымның зор қошеметіне ие болды.

Біз жеңімпаздың әкесі Жансейіт Шапихұлын әңгімеге тарттық. Ол өз сөзінде қызының бойындағы өнерге деген құштарлықтың кішкентай кезінен байқалғанын айтады.
– Сайда жан-жақты әрі белсенді. Мектептегі іс-шаралардан бастап, пәндік олимпиадаларға, ғылыми жобалар сайысына, спорттық жарыстарға дейін қатысып жүреді. Ән айтуға ерекше ынтасы бар. Ешқандай мәжбүрлеусіз, өз қызығушылығымен үйреніп, орындап келеді. Домбыра мен гитараны да өздігінен меңгеріп жүр. Бір естігенін тез ұғынып, жаттап алады. Оның өнерге деген талпынысы бізді әрдайым қуантады, – дейді ол.
Балғын өнерпаздардың бойындағы талант пен талапты танытқан бұл байқау балаң көңілдерге қанат бітіріп, жаңа белестерге жетелеген тағылымды шара болғаны сөзсіз.
Жұлдыз СЕМБИЕВА



