Балық аулаудан бәйгелі болды

 

Экологиялық туризм мен спорттық балық аулау соңғы жылдары Атырау облысына туристерді тартудың маңызды бағыттарының біріне айналуда. Бұндай іс-шаралар туризм саласын  дамытуға да тың серпін бермек. Міне, осындай бағытта әрі республикалық  «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында  Атырау облысының спорттық балық аулау федерация-сы мен Атырау қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен спорттық балық аулаудан қала біріншілігі өтті. 

Жарыс Атырау қаласы, Еркінқала ауылы маңындағы Приморский каналы жағасында өткізілді. Бұл – спорт пен экологияны ұштастыратын маңызды шараға ауданымыздың намысын қорғап, әуесқой ауыл азаматтары да қатысып, жеңіс тұғырынан көрінді.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, іс-шараның мақсаты – спорттық балық аулауды дамыту және насихаттау, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастырып, табиғатты ластамауға шақыру. Аталған жарысқа 14 жастан жоғары 48 қатысушы қатысты. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын қолдау мақсатында Атырау облысының жастар мәслихаты депутаттары бастаған жастар ұйымдары, қалалық мәслихат депутаттары және эко-еріктілер белсенді түрде бақ сынасты.

 

 

Тартысқа толы өткен спорттық сайыста жерлестеріміз жоғары шеберлік танытып, қарсыластарынан оқ бойы озық шықты. Аудан намысын қорғаған команда мүшелерінің бірі Бекбол Салыховпен байланысып, жарыс жайлы пікірін білген едік.

– Облыстық балық аулау федерациясының президенті Асылбек Жұмағалиевтің ұйымдастыруымен өткен жазғы қалқымалы балық аулау бойынша жарыста ауданымыз бұған дейін де облыстық іріктеулерде бірнеше мәрте жүлделі бірінші орынға ие болып келген. Соның нәтижесінде Қазақстан Республикасының чемпионатына жолдама алған болатынбыз. Міне, сол жауапты додада үздіктер қатарынан көрініп, жүлделі бірінші орынды иелендік. Команда құрамында Руслан Қаделов, Әлібек Хамитов, Сәндібек Хамитов, Аманбек Сандыбаев, Бірән Қабдрахманов, Әсет Бақтығали сынды ауыл азаматтары өнер көрсетті,-дейді жеңімпаз.

Осылайша жарыс жеңімпаздары мен қатысушылар демеушілердің қолдауымен бағалы сыйлықтар иеленсе, ал экологиялық акцияға қатысушылар «Таза Қазақстан» медалімен марапатталған.

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT