Ауданымыз – ежелден балық шаруашылығын да өркендетіп келе жатқан өңірлердің бірі. Қарт Каспийдің табиғи байлығын тиімді пайдаланып, ата кәсіпті жалғастырған аудан тұрғындары үшін балық аулау да күнкөріс көзі ғана емес, өмір салтына айналған. Ал бүгінде балық аулау дәстүрлі кәсіп пен әуесқойлық шеңберінен шығып, спорттың бір түрі ретінде дамып келеді. Бұл бағыт табиғатты аялау, су айдындарының биоалуантүрлілігін сақтау және балық қорын келешек ұрпаққа жеткізу мақсаттарымен ұштасып жатыр. Осыған орай аудан әкімі Нұрым Мусин Атырау облысының спорттық балық аулау федерациясының президенті Асылбек Жұмағалиевті және бір топ спортшыны қабылдап, өңірде спорттық балық аулауды дамыту мәселелері жөнінде пікір алмасты.
Кездесу барысында аудандағы спорттық балық аулаудың бүгінгі ахуалы мен болашағы кеңінен талқыланды. Сондай-ақ аудан спортшыларының облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп жүргені атап өтілді. Жиында алдағы уақытта Исатай ауданында спорттық балық аулауды кеңінен насихаттау және дамыту бағытындағы бірқатар мәселелер қарастырылып, Атырау облысының спорттық балық аулау федерациясының Исатай ауданы бойынша өкілі болып Руслан Қабделұлы тағайындалды. Кездесу барысында сөз алған Руслан Қабделұлы спорттық балық аулау саласындағы тәжірибесімен бөлісіп, бұл спорт түрінің жастар тәрбиесіндегі маңызына тоқталды. Оның айтуынша, балық аулау – жай ғана уақыт өткізудің тәсілі емес, табиғатты тануға, төзімділік пен жауапкершілікті қалыптастыруға баулитын ерекше өнер.

– Балық аулаумен кәсіби түрде айналысып келе жатқаныма 13 жылға жуық уақыт болды. Ал Атырау облыстық спорттық балық аулау федерациясының мүшесі болғаныма бір жылдан асты. Биыл ғана құрылған «Бақсай» командасының капитаны ретінде бұл бағыттағы жұмыстарға белсене араласып келемін. Қазіргі таңда командамыздың құрамында жеті спортшы бар. Құрылғанымызға аз уақыт болса да, жеткен жетістіктеріміз көңіл қуантады. Біздің спортшылар облыстық жарыстарда өздерін жақсы қырынан көрсетіп, республикалық деңгейдегі бәсекелерге жолдама алып үлгерді. Меніңше, бұл жетістіктер тек спорттық шеберліктің нәтижесі ғана емес. Бұл – ата-бабадан жалғасқан балықшылық дәстүрдің, туған жердің табиғатымен етене байланыста өскеніміздің жемісі. Өңір тұрғындарының қанында бар кәсіптің спорттық бағытта дамуы жастарға жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Сондықтан алдағы уақытта команда құрамын кеңейтіп, жастарды осы спорт түріне көбірек тартуды мақсат етіп отырмыз. Өйткені спорттық балық аулау табиғатты құрметтеуге, тәртіп пен төзімділікке тәрбиелейді. Жас ұрпақтың бойына осындай қасиеттерді сіңіру – баршамызға ортақ міндет, – деді ол.
Жалпы спорттық балық аулаудың өзіндік қағидалары мен талаптары бар. Мәселен, қорғалатын немесе уылдырық шашу кезеңіндегі балық түрлерін аулауға қатаң тыйым салынады. Сондай-ақ бір адамның тәулігіне аулайтын балық саны мен салмағына шектеу қойылады. Кейбір жарыстарда әлемде кеңінен таралған «ұста да жібер» қағидасы қолданылады. Бұл жағдайда ауланған балықтың салмағы өлшеніп, тіркелгеннен кейін қайтадан суға жіберіледі. Мұндай тәсіл су жануарларының табиғи қорын сақтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қоршаған ортаны қорғау талаптарын сақтау, табиғатқа зиян келтірмеу және су айдындарын таза ұстау басты назарда болады.
Жиын соңында спорттық балық аулауды дамытуға үлес қосып жүрген аудан спортшыларына алғыс хаттар табысталды. Сондай-ақ алдағы уақытта өткізілетін жарыстардың күнтізбесі бекітілді. Федерация өкілдерінің айтуынша, батыр баба атындағы ауданда да спорттық балық аулауды одан әрі дамыту, жергілікті спортшылардың тәжірибесін шыңдау және жастарды осы спорт түріне тарту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ


