Бар жақсылық – балаларға

 

Ел ертеңі – балалардың қауіпсіз әрі бақытты балалық шағын қамтамасыз ету бағытында ауданда жүйелі жұмыстар жалғасуда. Соның бірі – ауылдық жерлерде заманауи ойын алаңдарын салу. Жуырда Аққыстау және Тұщықұдық ауылдық округтерінде жаңа балалар ойын алаңдарының құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілді. Жобаны «Беркут Холдинг» ЖШС жүзеге асырды.

Жаңа нысандар Аққыстау ауылы, Өркен елді мекеніндегі 60 пәтерлік тұрғын үйдің аумағында және Тұщықұдық ауылындағы Х.Дайырова көшесінде орналасқан. Балалардың жас ерекшелігі мен қауіпсіздігі ескеріліп салынған ойын алаңдары заманауи талаптарға толық сай жабдықталған.

Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мәліметінше, алаңдарға арнайы қауіпсіз резеңке жабынды төселіп, қоршау орнатылған. Сондай-ақ мұнда түрлі жастағы балаларға арналған ойын кешендері, әткеншектер, тепе-теңдікті дамытатын ойын элементтері, айналмалы карусельдер және ата-аналардың демалуына арналған орындықтар қойылған.

Мұндай нысандар балалардың бос уақытын мазмұнды әрі қауіпсіз өткізуіне мүмкіндік беріп қана қоймай, олардың таза ауада белсенді қимылдап, денсаулығын нығайтуына және қатарластарымен еркін қарым-қатынас жасауына жағдай жасайды. Сонымен қатар ауыл тұрғындары үшін жайлы қоғамдық кеңістік қалыптастыруға да өз үлесін қосады.

Өз тілшіміз

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT