«Барыс» баптаған батыр қыздар

 

Аудан спортының аспанында жарқыраған жұлдыздар аз емес. Бірақ солардың ішінде қайсар мінезі мен табандылығы арқылы дараланып жүрген қос есім бар. Олар – Інжу Жұмажан бен Әнел Серікқали. Жас болса да жігері мұқалмаған қыздар бүгінде тек ауданның ғана емес, тұтас өңірдің үмітіне айналып отыр. Спорт додаларында қарсылас шақ келтірмей, көк байрақты абыроймен желбіретіп жүрген қос арудың жеңісі – ауылдан шыққан өрендердің де әлемдік аренада топ жара алатынын дәлелдейтін жарқын мысал. Інжу мен Әнелдің жетістігі – кездейсоқ келген жеңіс емес. Бұл – үздіксіз дайындықтың, темірдей тәртіптің, маңдай тер мен бапкер еңбегінің жемісі. Қос спортшы да талай таланттың қанатын қатайтқан «Барыс» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубының түлектері. Дәл осы шаңырақта олар спорттағы алғашқы қадамдарын жасап, жеңістің де, жауапкершіліктің де салмағын сезінді.

Бүгінде халықаралық ареналарда Қазақстанның көк туын биікке көтеріп жүрген қыздардың жеңісі ауданда  бұқаралық спорт жүйесінің дұрыс бағытта дамып келе жатқанын аңғартады.  Соның тағы бір дәлелі жуырда Польшада өткен жасөспірімдер арасындағы дзюдодан Еуропа кубогінде 57 келі салмақта белдескен Інжу Бейсенбіқызы күміс жүлдеге қол жеткізсе, самбодан өткен Азия чемпионатында 72 келіде сынға түскен Әнел Серікқали қола медаль иеленіп, ел мерейін үстем етті. Польша татамиінде Інжу қарсыластарына дес бермеді. Алғашқы айналымнан бастап Германия, Франция және Әзербайжан спортшыларын айқын басымдықпен жеңіп, жартылай финалда тағы бір германиялық балуанды тізе бүктіріп, финалға жолдама алды. Ақтық сында жарыс қожайыны – Польша спортшысымен өткен тартысты белдесуде аз ғана басымдық қарсыласқа бұйырып, жерлесіміз Еуропа кубогінің күміс жүлдегері атанды. Ал Әнел Азия чемпионатында алғашқы белдесуінде тәжікстандық қарсыласын ұтып, жартылай финалда чемпион атанған өзбек спортшысына жол берді. Дегенмен, үшінші орын үшін өткен белдесуде қазақстандық қарсыласынан басым түсіп, құрлықтық додада қола медальді қоржынға салды. Қазір қос спортшы да Атырау қаласындағы олимпиадалық резервтегі мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде шеберліктерін шыңдап жүр.

 

 

Исатай балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Асхат Жұмабекұлы, қос шәкірттің жетістігі кейінгі өсіп келе жатқан жас спортшыларға үлгі- өнеге екенін атап өтті.

– Қос спортшымыздың табандылығы мен талпынысы кейінгі жасөспірімдерге үлкен үлгі болады. Жас спортшылардың жеңісіне жол ашып, олардың шеберлігін шыңдаған жаттықтырушылар Тұрар Ризуанов пен Эльдар Сатановтың еңбегі зор. Алдағы уақытта да шәкірттеріміз ел намысын абыроймен қорғап, биік белестерден көріне береді деп сенемін,-дейді ол.

Айта кетейік, биыл Інжу Жұмажан мен Әнел Серікқали әлем чемпионатында Қазақстан намысын қорғайтын болады. Аудан жұртшылығы жас спортшыларға сәттілік тілеп, алдағы жарыстарда да жеңіс тұғырынан көріне беруіне тілектестік білдіруде.

 

Еркебұлан УАЛИТХАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT