Қоғамның дамуына серпін беретін маңызды күштердің бірі – үкіметтік емес ұйымдар. Олар халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысып, азаматтық бастамалардың жүзеге асуына жол ашады. Сондықтан өңірлердегі ҮЕҰ-лардың әлеуетін арттыру, оларды жаңа мүмкіндіктермен таныстыру және мемлекеттік қолдау тетіктерін түсіндіру – бүгінгі күннің өзекті міндеттерінің бірі. Осы бағыттағы кезекті кездесу ауданымызда да өтті.
Аудандық Жастар ресурстық орталығы ғимаратында «Аудандық ҮЕҰ-ларға арналған даму мүмкіндіктерін кеңейту» тақырыбында ақпараттық кездесу ұйымдастырылды. «ҮЕҰ мектебі жобасы аясында Азаматтық орталық өткізген шараға ауданның үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері, қоғамдық белсенділер және азаматтық қоғам саласына қызығушылық танытқан 20-ға жуық адам қатысты. Кездесуде Азаматтық орталықтың «Аудандық жұмысты үйлестіру» бөлімінің басшысы Арайлым Үмбетова мен «Мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен жұмыс» бөлімінің басшысы Алтынбек Идеят қатысушыларға үкіметтік емес ұйымдарға ұсынылатын қолдау тетіктері, жоба әзірлеудің негізгі қағидалары және қаржыландыру көздерін тарту мүмкіндіктері жөнінде жан-жақты ақпарат берді. Спикерлер мемлекеттік гранттар мен әлеуметтік жобаларға қатысу жолдарын, мемлекеттік органдармен және өзге ұйымдармен тиімді серіктестік орнатудың маңызын түсіндіріп, ҮЕҰ қызметін дамытуға қатысты тәжірибелік кеңестерімен бөлісті. Сонымен қатар, қатысушылар өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, ашық пікір алмасу алаңында өз ойларын ортаға салды. Кездесу барысында сөз алған Алтынбек Идеят жобаның негізгі мақсаты мен оған қатысушылардың жас ерекшелігіне де тоқталды.

– Бұндай жиындарға жастарды күштеп қатыстырудың ешқандай қажеттілігі жоқ. Бұл жоба, ең алдымен, 35 жастан асқан азаматтарды қолдауға бағытталған. Ал жасы 50-ден асқан тұрғындар үшін олардың еңбекке араласуына және қоғамдағы белсенділігін сақтауға мүмкіндік беретін арнайы «Күміс жас» жобасы жұмыс істейді. Сонымен қатар ауданда үкіметтік емес ұйымдардың даму қарқыны әзірге баяу екені байқалады. Осыған байланысты облыс мамандары ауданға арнайы келіп, түсіндіру жұмыстарын жандандырып, жергілікті ұйымдардың әлеуетін арттыруға күш салып отыр. Негізгі мақсат – азаматтық қоғам институттарының белсенділігін күшейтіп, олардың жаңа бастамаларды жүзеге асыруына және қоғам өміріне белсенді араласуына кең жол ашу, – деді ол.
Шара барысында айтылған мәліметтер мен берілген кеңестер аудандағы үкіметтік емес ұйымдардың жаңа жобаларды жүзеге асыруына, мемлекеттік қолдау құралдарын тиімді пайдалануына және өзара ынтымақтастықты нығайтуына бағытталды. Осындай кездесулер азаматтық қоғам институттарының әлеуетін арттыруға, жергілікті бастамаларды қолдауға және өңірдегі қоғамдық ұйымдардың белсенділігін күшейтуге ықпал ететін маңызды алаң болып саналады. Бұл өз кезегінде ауданның қоғамдық өміріне серпін беріп, халық пен мемлекеттік құрылымдар арасындағы өзара байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.
Еркебұлан УАЛИТХАНҰЛЫ



