«Батыр қыз» атанған Сания

 

Ана – өмірдің бастауы, мейірімнің шуағы ғана емес, қажет кезде қайсарлық пен төзімділіктің үлгісін көрсететін асыл жан. Қазіргі қоғамда да нәзіктігімен қатар батылдығын, табандылығы мен еңбекқорлығын қатар алып жүрген әйелдер аз емес. Осындай қайсар болмысымен көпке үлгі болған жандардың бірі – Нарын ауылдық округінің тұрғыны Сания Бақытова.

«Қалай үлгі?» дерсіз… Оның жауабы жақында болған бір оқиғада анық көрінді. Иә, үлгі – сөзбен емес, іспен дәлелденетін қасиет. Сания Ғимадденқызының қайсарлығы да дәл осындай сын сәтте танылды.

Таяуда Нарын ауылдық округі аумағында тұрғын үйлердің бірінен өрт шығып, төтенше жағдай орын алды. Қызыл жалын лезде күшейіп, көк түтін үй ішін түгел басқан. Сол сәтте үй ішінде алты адамның өмірі қыл үстінде тұрған еді. Айналадағы жұрт абдырап қалған шақта, еш ойланбастан көмекке ұмтылған жан – біздің кейіпкеріміз.

Қауіптің қаншалықты қатерлі екенін түсінсе де, ол кері шегінуді ойлаған жоқ. Керісінше, жалын шарпыған үйге жақындап, қауіптің ортасына қарай бет алды. Түтінге тұншыға бастаған үйдің ішіне кіріп, адамдарды біртіндеп сыртқа шығаруға көмектесті. Қолынан келгенін аямай, жанұшыра әрекет етті. Оның батыл қадамы өзгелерге де күш беріп, жұртты жұмылдырды. Соның арқасында алты адамның өмірі аман қалды.

Оқиғаның мән-жайын Сания Бақытовадан сұрағанымызда, сол күні өзі жұмыс орнында болғанын айтты. Бір мезетте әріптестерінен «үйден өрт шықты» деген суық хабарды ести сала, үстіне киімін іле, бірден оқиға орнына қарай жүгірген.

 

 

— Шынымды айтсам, мұндай жағдайға тап болып, біреудің өмірін құтқарамын деп ешқашан ойламаппын. Оқиға орнына жеткенімде, үйді қызыл жалын шарпып, қою түтін басып кеткен екен. Терезеден шарасыз күйдегі ананы, шырылдап жылаған балаларды көрген сәтте ойлануға мұрша болмады. Сол мезетте бар ойым – оларды аман алып шығу болды. Тәуекелге бел буып, үй ішіндегі адамдарды сыртқа шығаруға көмектестім. Қолымнан келгенше әрекет еттім. Соның өзі үлкен олжа деп білемін,-дейді ол бізбен болған әңгімесінде.

Оқиғаға куә болған ауыл тұрғындары оның батылдығына тәнті болды. Әлеуметтік желіде де жұртшылық жарыса жазып, алғыстарын білдіріп жатты. Тіпті ауыл арасында Сания «Батыр қыз» атанып кеткен. Алайда кейіпкеріміз бұл атақты үлкен жауапкершілік деп қабылдайды.

Ал, сол «Батыр қыз» Сания Ғимадденқызы 1982 жылы Үштаған елді мекенінде дүниеге келген. Кейін 1999 жылы Куйбышев атындағы орта мектепті тәмамдаған. Еңбек жолын 2001 жылы ауылдық округ әкімшілігінде хатшы қызметінен бастаған. Қандай да жұмыс түрін таңдамайтынын алға тартып, еңбекқор адамның екі қолына бір күрек табыла кететінін жасырмады. Тігіншілікті де айналысып, компьютер тілін де меңгерген ол ыңғайы келсе кез келген жұмыстың ебін табатынын жеткізді. Өмірлік жары, ауылдың азаматы Үмбетов Талапкермен шаңырақ көтеріп, бүгінде екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған үлгілі ана. 2014 жылдан бері Нарын бөбекжай-бақшасында қызмет атқарып келеді. Қарапайым ғана ауыл келіні болғанымен, жүрегіндегі қайсарлық пен жауапкершілік оны нағыз ерлік иесіне айналдырды.

Бейбіт күннің батырлары – орден-медаль таққандар ғана емес, қиын сәтте қорықпай қадам жасап, адам өмірін құтқарған жандар – шынайы қаһармандар. Кейіпкеріміздің ерлігі – көпке үлгі, ұрпаққа өнеге. 

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT