Білікті бала дәрігері

 

Дәрігерлік мамандық бірнеше салаға бөлінетінін білеміз. Соның ішінде балалар дәрігері болу, яғни, педиатрия саласы өте күрделі екенін бәріміз мойындаймыз. Шақалағымыз шырылдағаннан жанымызды қоярға жер таппай, алып-ұшып дәрігерге жетеміз. Сондай ақ халатты абзал жандардың бірі, 33 жылдық еңбек жолында талай сәбидің саулығын сақтауға үлес қосып, дертіне дауа тапқан дәрігер  Сәуле Мұратқызының есімі аналар қауымына жақсы таныс.

Орта мектепті ойдағыдай аяқтаған балауса қыздың жалғыз арманы бар еді. Ол дәрігер болсам дейтін. 1976 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының педиатрия факультетіне оқуға қабылданып, 1982 жылы аяқтады. Бір жыл Атырау облыстық балалар ауруханасында мамандығы бойынша тәжірибеден өткеннен кейін, 1983 жылдың тамыз айынан Жанбай ауылындағы Забурын селолық ауруханасына педиатр дәрігер болып қызметке қабылданып, 1986 жылы ауданның бас дәрігерінің бұйрығымен аудандық ауруханаға аудандық бала дәрігері, перзентхана бөлімшесінде неонатолог дәрігер болып қызмет етті. Биыл міне, отыз үшінші жыл, мамандығына адалдық танытумен тер төгуде.

Дүниеде бауыр етің – балаңның ауырғанынан ауыр не бар? Осы жылдар ішінде Сәуле Мұратқызы сан түрлі тағдырмен кезікті. Сәбиін ажалдан арашалай алмай зар жылап қалған ананы көрді, туабітті дертке шалдыққан баланы көрді, солармен бірге қамықты, қайғырды. Бірақ, бір сәби дүниеге келсе, бір нәрестенің ауруынан айыққанын көрсе, риза болған ата-ананың алғысын естісе, қиындықтың бәрін ұмытып, солармен бірге қуанды. Денсаулықтарында дімкәстік бар балалар үшін алаңдап отырады. Жазып берген дәрісін уақытында қабылдап жүрген-жүрмегенін де тексеру күнделікті әдетіне айналып кеткен.

- Педиатр - бала өмірге келгеннен бастап 18 жасқа дейінгі балаларды қарап, бақылап, алдын алу жұмыстарын жүргізіп, сырқатын емдеумен айналысады. Педиатр баланы көзімен көріп, қарап, бақылап, қолымен сипап, құлағымен тыңдап жағдайын айтқызбай ұғатын дәрігер болуы қажет, ерекшеліктері осында. Ол көзі қырағы, жүрегі жылы, жаны жайсаң, білімді, мейірімді болуы керек деп есептеймін. Басқа дәрігер мамандар пациенттермен тікелей қарым-қатынаста болса, педиатр маманы сәби өмірге келгеннен бастап сол отбасы мүшелерімен, ата-анасынан бастап тығыз қатынаста жұмыс жүргізеді. Өмірге жаңа келген нәресте сөйлей алмайды, сол сәбилерді қарап, бақылап, не қалайтынын түсіну, сырқаттанса емдеу педиатр маманының ерекшелігі болуы да мүмкін,- дейді ол бізбен әңгімесінде.

– Осындай жайлы, жүрегі жылы адаммен қызметтес екенімді мақтанышпен айтып жүремін. Нағыз бала дәрігері осындай болуы керек шығар, ол қолына алған сәби жылағанын қояды. Баланы еркелетіп, әлдилеп, ойнатып отырып денсаулығын тексереді,- дейді кейіпкеріміз туралы әріптесі Ақкенже Уәлижанқызы.

- Екпе деген жалпы ұғым, адам сырқаттанса да түрлі ауруларға қарсы емдеу мақсатында егулер тағайындалады. Сөз жұқпалы ауруларға қарсы жүргізілетін профилактика туралы болса, нақты  аутизмге әкеліп соғады деген пікірге қарсымын. Мен профилактикалық алдын алу және емдеу жұмысымен айналысатын дәрігермін, ғылыми бағытта талдау, зерттеу жүргізген мамандардың вакцина аутизмге әкеледі деген қорытындысы жоқ. Жалпы жұқпалы ауруларға қарсы жүргізілетін алдын алу екпелерін ата-аналар балаларына салдыруы қажет. Осы екпенің нәтижесінде жұқпалы аурулар: жұқпалы сары ауру, дифтерия, сіреспе, сал ауруы, оспа, тағы басқалары, көпшілігі тежелді. Соңғы 6-7 жылда ата-аналар қарсылық білдіріп, жұқпалы ауруларға қарсы екпені салдыру шектелгеннен бері қызылша ауруы жиі кездеседі, - дейді ол қазіргі таңда ата-аналардың екпе алмау туралы пікіріне.

Тәжірибелі, жастарға үйретер тағылымы мол дәрігердің алған мақтау қағаздары да, алғыс хаттары да көп. Бірақ ол алдына ауырып келген жанның, мейлі жас болсын, мейлі кәрі болсын, құлан таза айығып кеткенін көргеннен артық қуаныш бар деп ойламайды. Жұмысында сенімді серіктес, білікті дәрігер бола білді. Қарапайым адами бақыт деген де осы болса керек.

 

Жұлдыз СЕМБИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT