Бір идея – екі мәселенің шешімі

 

«Jer Eco Hub» жобасы – «Жүректен жүрекке» қоғамдық қорының бастамасымен, «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен жүзеге асып жатқан маңызды экологиялық жоба. Қор мен компанияның серіктестігі бірнеше жылдан бері өңірдің әлеуметтік дамуына бағытталған түрлі бастамалар арқылы жалғасып келеді. Соның нәтижесінде жастардың әлеуетін арттыруға, қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған бірқатар жобалар сәтті іске асырылды. 

Атап айтқанда, бұған дейін білім мен ағартушылыққа басымдық берген «Жалын» жобасы жастардың кәсіби және тұлғалық дамуына серпін берсе, қазіргі таңда корпоративтік волонтерлік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Теңіз жүрегі» жобасы өз жұмысын жалғастыруда. Ал «Jer Eco Hub» – осы игі бастамалардың заңды жалғасы. Бұл жолы басты назар табиғатты қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және жастардың экологиялық бастамаларын қолдауға аударылып отыр.

Жоба барысында жастар экологиялық мәселелерді тереңірек зерделеп, өз идеяларын тәжірибелі сарапшылармен бірге пысықтайды. Олар тек жоба әзірлеуді үйреніп қана қоймай, қоғамға пайда әкелетін бастаманы қалай жүзеге асыру керектігін меңгереді. Ең бастысы – әр қатысушы өз өңірінің экологиялық ахуалын жақсартуға жеке үлес қоса алатынын сезінеді. Бүгінде экологиялық мәдениет – өркениетті қоғамның басты өлшемдерінің бірі. Сондықтан жастардың бастамасына қолдау білдіріп, олардың идеяларын нақты іске айналдыруға мүмкіндік беретін мұндай жобалардың маңызы зор. Себебі табиғатты қорғау бір күндік акциямен өлшенбейді. Ол – үздіксіз жалғасатын ортақ жауапкершілік. Ал сол жауапкершілікті бойына сіңірген жас буын ғана өңірдің де, елдің де экологиялық болашағын қалыптастыра алады.

«Jer Eco Hub» жобасының басты ерекшелігі – қатысушылардың қоғамдағы өзекті экологиялық мәселелерді жай ғана көтеріп қоймай, оған нақты шешім ұсынуына мүмкіндік беруінде. Осындай тың бастамалардың бірі – Қамысқала ауылының тұрғыны Сүндет Сырымбектің «Ырықсыз эффект» командасы ұсынған жоба. Олардың идеясы – Атырау қаласындағы қоғамдық тамақтану орындары мен кәсіпорындардың асханаларынан шығатын нан қалдықтарын қайта өңдеп, ауыл шаруашылығына арналған құнарлы жем өнімдерін өндіру. Бір қарағанда қарапайым көрінетін бұл бастама шын мәнінде екі бірдей мәселенің шешімін ұсынады: біріншісі – тұрмыстық қалдық көлемін азайту болса, екіншісі – қайта өңдеу арқылы экономикалық құндылығы бар жаңа өнім шығару.

 

 

Бұл идея аяқ астынан туған жоқ. Оның бастауында бірнеше жылдық ізденіс жатыр.

– 2023 жылы әлеуметтік желіден Алматы қаласындағы кәсіпкердің ескі нанды қайта өңдеп, мал азығын өндіру тәжірибесін көрдім. Сол кезде «Неге мұндай жобаны Атырауда қолға алмасқа?» деген ой келді. Кейін мектепте ғылыми жобалармен айналысатын оқушылармен бірге осы бағытты зерттей бастадық. Бірақ идеяны жүзеге асыратын мүмкіндік пен қолдау табылмай жүрді. Биыл «Jer Eco Hub» жобасы сол мүмкіндіктің есігін ашты,- дейді жоба авторы.

Оның айтуынша, көпшілік нан қалдығын жай ғана қоқыс деп қабылдайды. Алайда оның экологияға тигізетін кері әсері орасан.

– Нан – тек тағам емес, ол – ресурс. Полигонға тасталған мың тонна нан қалдығы ыдырау барысында шамамен 34 тонна метан газын бөледі. Ал метан – жаһандық жылынуға әсер ететін ең қауіпті парниктік газдардың бірі. Сондықтан оны қоқысқа көме бергенше, қайта өңдеп, мал азығына айналдырған әлдеқайда тиімді. Бұл – әрі экологияға, әрі экономикаға пайдалы шешім. Біз қоқысты шығын емес, табыс көзіне айналдыруды көздейміз,-дейді С.Сырымбек.

Команданың пікірінше, Атырау өңірінде мұндай өндірісті дамытуға мүмкіндік жеткілікті. Өйткені қаладағы мейрамханалар, наубайханалар, дәмханалар мен түрлі кәсіпорындардың асханаларында күн сайын пайдаланылмай қалған жүздеген бөлке нан қоқысқа тасталады. Егер осы қалдықтарды жүйелі түрде жинап, қайта өңдеу жолға қойылса, бір жағынан полигондарға түсетін жүктеме азайып, екінші жағынан ауыл шаруашылығы үшін қолжетімді жем өндіруге мүмкіндік туады. Бұл – бүгінде әлемде кеңінен қолданылып келе жатқан айналмалы экономиканың (circular economy) нақты үлгісі. Бүгінде Сүндет Сырымбек бұл бастаманы жалғыз жүзеге асырып жатқан жоқ. Оның айналасына түрлі сала мамандарынан құралған команда топтасқан. Жоба менеджері – Бекзада Меңдекенова, ақпараттық ілгерілету мен қоғаммен байланыс бағытына жауапты маман Жайна Мәлімқожа және  технологиялық процесті сүйемелдейтін мамандар да бар. Әрқайсысы жобаның өміршең болуына өз үлесін қосуда.

 

 

Жобаның өзектілігін жуырда Атырау қаласында болған оқиға тағы бір мәрте дәлелдей түсті. Әлеуметтік желіде Церковка ауданындағы наубайханалардың бірінің маңына көп мөлшерде нанның тасталғаны туралы бейнежазба таралып, жұртшылықтың наразылығын туғызды. Көпшілік мұны ысырапшылдықтың көрінісі деп бағалады. Кейін наубайхана қызметкерлері жағдайдың мән-жайын түсіндіріп, өндірістен қалған нан өнімдерін күн сайын үй жануарларын ұстайтын тұрғындар алып кететінін айтты. Олардың сөзінше, сол күні келген азамат қаптарды ақтарып, өнімнің бір бөлігін әдейі шашып, оны бейнежазбаға түсірген. Тексеру барысында полиция кәсіпорынды аумақтың тазалығын сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты. Алайда бұл оқиғадағы ең маңызды мәселе кінәліні іздеу емес. Ең бастысы – күн сайын қаншама нан қалдығының кәдеге аспай жатқаны. Бүгінде қаладағы мейрамханалар, дәмханалар, наубайханалар мен түрлі мекемелердің асханаларынан шығатын мұндай қалдықтар бір жүйеге түсірілмеген. Бір бөлігі мал азығына пайдаланылғанымен, едәуір көлемі қоқыс полигондарына жөнелтіледі. Соның салдарынан экологиялық жүктеме артып, экономикалық тұрғыдан пайда әкелетін ресурс босқа ысырап болады.

Бұл мәселе аудан үшін де жат емес. Биылғы қыс аудан шаруаларына оңай тиген жоқ. Мал азығының тапшылығы, шөп пен жем бағасының бірнеше есе өсуі көптеген шаруашылықтың шығынын көбейтті. Кейбір қожалықтар мал басын сақтап қалудың өзіне алаңдады. Осындай күрделі кезеңде аудан әкімдігі, мәслихат депутаттары, жергілікті кәсіпкерлер мен мұнай-газ компаниялары бірігіп, Батыс Қазақстан облысынан мал азығын жеткізуге қолдау көрсетті. Соның нәтижесінде ауданның барлық ауылдық округтерінде тұрғындарға жем-шөп қолжетімді бағамен ұсынылды. Дегенмен бұл уақытша қабылданған шара еді. Ертең дәл осындай қиындық қайталанбайды деп ешкім кепілдік бере алмайды. Климаттың өзгеруі, қуаңшылық, жем-шөп бағасының тұрақсыздығы мен тасымал шығындарының өсуі ауыл шаруашылығы үшін жаңа сын-қатерлер туғызып отыр. Сондықтан мәселені тек сырттан тасымалданатын жеммен шешу жеткіліксіз. Жергілікті жерде қолда бар ресурсты тиімді пайдалану жолдарын қарастыру – уақыт талабы.
Осы тұрғыдан алғанда жастардың бастамасы ерекше назар аудартады. Олар мәселені көріп қана қоймай, оның шешу жолын да ұсынуға талпынып отыр. Қоқысқа кететін нан қалдықтарын қайта өңдеп, оны құнарлы мал азығына айналдыру – қалдық көлемін азайтумен қатар, ауыл шаруашылығына қосымша жем көзін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл – экология мен экономиканың тоғысқан тұсы. Әлемнің көптеген елінде мұндай тәсіл әлдеқашан тиімді тәжірибеге айналған. Қалдықты көму емес, қайта өңдеу арқылы жаңа өнім шығару – айналмалы экономиканың негізгі қағидаларының бірі. Мұндай модель табиғи ресурстарды үнемдеуге, өндіріс шығындарын азайтуға және қоршаған ортаға түсетін салмақты төмендетуге мүмкіндік береді.

Қуантатыны – осындай жаңашыл көзқарастың аудан жастарының арасынан шығуы. Бұл олардың тек байқауға қатысу үшін жоба әзірлемегенін, туған өлкенің нақты мәселелеріне бейжай қарамайтынын көрсетеді. Өйткені кез келген идеяның құндылығы оның жаңалығында ғана емес, қоғамға тигізер пайдасында. Ал мұндай бастама жүзеге асса, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, азық-түлік қалдықтарын тиімді басқаруға және мал азығы мәселесін шешудің балама жолдарын дамытуға өз үлесін қоса алады.

Кейде үлкен өзгеріс ауқымды инвестициядан емес, күн сайын көзге көрініп жүрген қарапайым мәселені өзгеше қырынан қараудан басталады. Нан қалдығын қоқыс емес, ресурс ретінде қабылдау – соның жарқын мысалы. Осындай ойлы бастамалардың көбеюі өңірде экологиялық жауапкершіліктің артып, жастардың қоғам өміріне белсенді араласа бастағанының айқын көрінісі деуге болады.

Жобаның өміршеңдігі мен өзектілігі қазылар алқасының да жоғары бағасына ие болды. Нәтижесінде команда «Jer Eco Hub» жобасы аясында 1 миллион теңге көлеміндегі грантты жеңіп алды. Бұл қаржы жобаның алғашқы кезеңін іске асыруға бағытталмақ. Атап айтқанда, нан қалдықтарын ұсақтайтын құрылғы, жемді түйіршіктейтін гранулятор, қаптама материалдары мен өнімді таңбалауға қажетті құрал-жабдықтар сатып алынып, жобаны халық арасында насихаттау жұмыстары қолға алынбақ.

Жоба авторының айтуынша, бұл – бірнеше жылдан бері пісіп-жетілген идеяны нақты іске асыруға берілген мүмкіндік.

– Біз бұл жобаны ең алдымен аудан мен өңірдегі өзекті мәселелердің біріне жауап ретінде ұсындық. Қазіргі таңда бір жағынан нан қалдықтары қоқысқа тасталып, экологиялық проблема туындатса, екінші жағынан шаруалар мал азығының тапшылығын сезініп отыр. Осы екі мәселені бір шешіммен ұштастыруға болады деп есептейміз. Біздің мақсатымыз – нан қалдығын қоқыс емес, ауыл шаруашылығына қажет құнды ресурсқа айналдыру. Егер бұл бастама өз нәтижесін берсе, болашақта өндіріс көлемін ұлғайтып, өңірдегі қоғамдық тамақтану орындары мен кәсіпорындардың қалдықтарын жүйелі түрде қайта өңдеуді жолға қоюды көздейміз,-дейді жоба авторы Сүндет Сырымбек.

 

Жайна ИСЛАТ

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT