Табиғатты қорғау – бүгінгі күннің ғана емес, келешек ұрпақ алдындағы ең үлкен жауапкершілігіміздің бірі. Осы мақсатта «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен және «Жүректен Жүрекке» қоғамдық қорының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Jer Eco Hub» жобасы жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды алаңға айналды.
Жоба екі негізгі бағыт бойынша жұмыс істейді. Біріншісі – мектеп бағыты. Бұл бағытта оқушылардың экологиялық сауаттылығын арттыру мақсатында түрлі білім беру бағдарламалары, шеберлік сабақтары, онлайн тапсырмалар ұйымдастырылып, мектеп командаларымен жүйелі жұмыс жүргізіледі. Ал екінші бағыт – Eco Hackathon. Бұл – жастардың қоршаған ортаны қорғауға бағытталған тың идеяларын қолдап, нақты жобаларға айналдыруға мүмкіндік беретін шығармашылық және тәжірибелік алаң.
Біздің басты мақсатымыз – табиғатқа жанашыр, экологиялық жауапкершілігі жоғары, белсенді әрі бастамашыл жастар қауымдастығын қалыптастыру. Өйткені қоршаған ортаны қорғау тек мемлекеттік бағдарламалардың ғана емес, әр азаматтың саналы әрекетін қажет ететін ортақ міндет. Өткен жылы осы бағытта екі кезеңнен тұратын ауқымды эко-хакатон ұйымдастырдық. Байқауға 18 бен 35 жас аралығындағы 173 жас қатысып, нәтижесінде 40 команда құрылды. Бұл жобаның ерекшелігі – қатысушылардың алдын ала дайындалған жобалармен келмеуі. Біз ұсынған экологиялық тақырыптар негізінде олар сол жерде ой бөлісіп, өз идеяларын қалыптастырып, жобаларын әзірледі.
Нәтижесінде бірінші кезеңнен 21 команда, яғни 83 қатысушы келесі кезеңге жолдама алып, финалда 15 команда өз жобаларын қазылар алқасының алдында қорғады. Қазылар шешімімен 7 команда жеңімпаз атанды. Оның ішінде екі командаға 500 мың теңгеден, ал бес командаға 1 миллион теңгеден қаржылай қолдау көрсетілді. Бұл қолдау жастардың өз идеяларын қағаз жүзінде қалдырмай, нақты іске асыруына мүмкіндік береді. Біз үшін жоба тек байқау өткізумен шектелмейді. Қатысушыларға жан-жақты білім мен тәжірибе беру басты назарда болды.
Жобаның ең маңызды нәтижесі – жастардың экология мәселесіне бейжай қарамай, нақты әрекетке көшуі. Біз олардың табиғатты қорғауға қатысты тың бастамаларын көріп, қоғамдағы оң өзгерістердің бастауында тұрғанын байқадық. Өкінішке қарай, әзірге Исатай ауданынан қатысушылар қатары көп емес. Дегенмен бұл уақытша құбылыс деп сенеміз. Батыр баба Исатайдың атын иеленген қасиетті өңірде туған жердің табиғатына жанашыр, қоршаған ортаның болашағына алаңдайтын, қоғамға пайдасын тигізуді мақсат ететін белсенді жастар аз емес екеніне кәміл сенімдіміз. Сондықтан Исатай ауданының жас патриоттарын, экологияға бейжай қарамайтын бастамашыл азаматтарын «Jer Eco Hub» жобасына қатысуға шақырамыз.
Әсел КӨБЕЙСІНҚЫЗЫ,
«Jer Eco Hub» жобасының жетекшісі



