Қазақта «Қыз – әкенің көз қуанышы, ананың жүрек жұбанышы» деген сөз бекер айтылмаған. Түтінін түзу түтетіп, берекесі мен бірлігі жарасқан отбасылар қашанда көпке үлгі. Қарасаң, көз тоятындай, ұйыған әулеттер болады. Біздің бүгінгі әңгімеміз – сондай шаңырақтан түлеп ұшқан бес қыз жайында. Әкесі – Шарапиден Балмолдин, анасы – Үміт Жаншақызының, яғни, қос бәйтеректің тәлімі мен тәрбиесін көріп өскен 5 қыз, 2 ұл бүгінде әрқайсысы өз алдына бір-бір отау иесі. Әке – отбасының тірегі, ана – берекенің бастауы десек, сол өнегені бойына сіңірген бес қыз бүгінде бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетіп отырған жандар.
Әңгімеміздің өзегі бір ұяда өссе де, түрлі салада қызмет атқаратын бес қыз жайында тарқата айтпақпыз. Тұңғышы – Гүлназ Шарапиденқызы Атырау политехникалық институтының «Экономика» факультетін тәмамдап, экономист менеджмент мамандығын игерген. Қаржы саласында еңбек етіп жүрген ол қазіргі таңда Банк «ЦентрКредит» АҚ-да кассир қызметін атқарады. Әрі үйдің тұңғышы ретінде қазақы дәстүрдің қаймағы бұзылмаған ортада, бұрынғының салтымен үлкен кісінің тәрбиесін көрін өскен. Кісі алдын кесіп өтпей, кішінің көңілін жықпайтын мінезі - сол тәлімнің жемісі. Бүгінгі күні үш баланың анасы – жауапкершілікті ту еткен, қарапайым да еңбекқор жан. Екінші қызы – Майдагүл Шарапиденқызы қаржы саласында 21 жылдық еңбек өтілі бар білікті маман. Бүгінде «Халық банкі» АҚ-да аға менеджер болып, Астана қаласында еңбек етеді. Іскерлік пен аналық мейірімді қатар алып жүрген бес баланың анасы бүгінде келін түсіріп, немере сүйіп отырған ұлағатты әже. Үшінші қызы – Ақтоты Шарапиденқызы туған ауылынан жырақтамай, ауыл азаматына тұрмысқа шығып, шаңырағының да шырайын келтіріп, қызметіне де көрік берген. Экономист-қаржыгер мамандығын игерген ол Аққыстау ауылдық округінде 23 жыл табан аудармастан қызмет атқарған. Жуырда біліктілігі мен мол тәжірибесінің арқасында аудандық Мансап орталығы филиалының директоры қызметіне тағайындалды. Басшылық жауапкершілікті арқалай жүріп, бес баланы тәрбиелеп, екі немере сүйген аяулы әже. Ал төртінші қызы – Жансая Шарапиденқызы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетін тәмамдаған. Қазіргі таңда Ақтөбе қаласындағы Евразия медициналық орталығы аймақтық бөлімінде дәрігер-офтальмолог. Адам жанарына жарық сыйлап жүрген ақ халатты абзал жан – бүгінгі күні төрт баланың анасы. Сондай-ақ үйдің кенжесі – Гүлнұр Шарапиденқызының сүйікті ісі – тағам дайындау мен тәтті пісіру. Ол Атырау политехникалық институтының технология факультетін аяқтаған технолог маман. Қызметте болмаса да, бүгінде бала күтіміндегі ана ретінде бес баланың тәрбиесіне ден қойған. Қолы қалт етсе, сүйікті ісімен айналысу арқылы өзі жан рахатын алады. Түрлі тәттілер пісіріп, оны сатып, көпшіліктің де ықыласына бөленген.

Дегенмен олардың барлығын біріктіретін бір ғана ортақ құндылық бар. Ол – ата-ананың тәлімі мен отбасының берекесі.Осы тұста үшінші қызы Ақтоты Шарапиденқызының сөзі де әулеттің шынайы болмысын айқындай түседі.
– Біз үшін ең үлкен мектеп өз үйіміз болды. Әкеміздің еңбекқорлығы мен адалдығы, анамыздың мейірімі мен сабыры – біздің өмірлік бағдаршамымыз. Бала күнімізден «адал болыңдар, қай жерде жүрсеңдер де адам болып қалыңдар» деген сөздерін санамызға сіңіріп өстік. Бүгінде әрқайсымыз әр салада еңбек етііп жүрсек те, бойымыздағы табандылық пен жауапкершілік –ата-анамыздың берген тәрбиесінің жемісі. Әке-шешеміздің үмітін ақтау – біз үшін ең үлкен парыз,-дейді ол өз сөзінде.
Иә, расында да осындай өнегелі сөздің өзінен-ақ бұл әулеттің ішкі бірлігі мен рухани байлығы сезіледі. Осындай өнегелі отбасылар барда ұлттың ұйытқысы берік, болашағы баянды болары анық.
Сағыныш САЙЛАУБАЙҚЫЗЫ

