Бір ұжымнан – бес «Құрметті теміржолшы»

 

Ел экономикасының күретамыры саналатын теміржол саласы қызметкерлерінің еңбегі де ерен. Ал сол ерен еңбек иелерінің маңдай тері әділ бағасын алып, мерейі үстеп жатса ғанибет. Сондай еңбеккер ортадағы озаттардың бірі Жасұлан Амиров (суретте) та ұзақ жылдардан бері осы салада табан аудармастан тер төгумен келеді. 1988 жылы Гурьев теміржол техникумын теміржол құрылысын салу мамандығы бойынша бітіріп шыққан ол Отан алдындағы екі жылдық азаматтық борышын өтеп оралысымен Ганюшкин жол дистанциясына жол жөндеуші болып қызметке тұрды. Беларуссиядағы әскери қызметін де темір жол құрылысын салу әскери құрамасында өтей жүріп шыңдалған жан өз жұмысына бірден төселіп кетті. Сол 1990 жылдан бергі уақыт бойына осы салада ерінбей-жалықпай іс қылып, бес жыл жол жөндеуші, алты жыл жол бригадирі, он екі жыл жол шебері қызметінде болды, соңғы он үш жыл бойына Атырау жол дистанциясына қарасты №6 учаске бастығы. 

Бір кездері алдыңғы буын әріптестерінен үлгі алып, тәжірибелеріне қаныққан теміржолшы жігіттің өзі де бүгінде мықты тәлімгерге айналды, білікті басшы ретінде ұжымына ақылшы, сыйлы жан. Еткен еңбек, төккен тер сондай абыройлы азамат атандырған Жасұлан Қибатоллаұлы жуырда тағы бір қуанышқа бөленді. Сөйтіп ол Қазақстан Республикасы Көлік министрі Н.Сауранбаевтың 19 қазандағы бұйрығымен «Құрметті теміржолшы» белгісімен марапатталды. Еліміздің теміржол саласындағы осынау ең жоғары атақты иеленген азаматқа бұл марапатын Атырау жол дистанциясының бастығы Т.Нұрбай салтанатты жағдайда табыстап, елеулі еңбегіне зор алғыс білдірді. 

–Бұл менің осы саладағы 36 жылғы бойғы теміржол құрылысын салу,        учаскеге қарасты 93 километр жолды күтіп, жөндеудегі жаздың ыстығы мен қыстың суығына қарамастан еткен еңбегімнің бағасы деп білемін,-дейді марапат иесі. 

Осы жерде тағы бір тоқталмай өтуге болмас жайт бар, ол - Жасұлан Қибатоллаұлының бір ұжымнан  шыққан бесінші «Құрметті теміржолшы» екендігі. Бұған дейін аталған №6 учаске ұжымы бойынша бұл құрметті атақты теміржолшылар Жұмалиева Майра, Баймен Жетпіс, Жайлауов Елубай және Нұғман Қуаныш иеленген еді.

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT