БІРЛЕСКЕН ЖҰМЫС – БЕРЕКЕЛІ НӘТИЖЕ

 

Азаматтық қоғамды дамытуда үкіметтік емес ұйымдардың орны ерекше. Халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге, еріктілік мәдениетін қалыптастыруға және қоғамдық бастамаларды жүзеге асыруға үлес қосып жүрген ұйымдардың жұмысы аудан әкімдігі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті отырысында кеңінен талқыланды.


Жиын аудан әкімінің орынбасары Рашид Тасанұлының төрағалығымен өтті. Күн тәртібінде екі мәселе қаралып, 2025 жылғы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында атқарылған жұмыстар туралы аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Айбатыр Бекішов, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Қуаныш Тахаев және ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ринат Есқали баяндама жасады.
Екінші мәселе бойынша облыстық «Азаматтық орталық» КММ аудандық жұмысты үйлестіру бөлімінің маманы Медет Насиханов ауданда бүгінде 19 үкіметтік емес ұйым жұмыс істейтінін атап өтті. 
– Үкіметтік емес ұйымдар – қоғам мен мемлекет арасындағы маңызды көпір. Олар әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып, жастарды қолдау, қайырымдылық пен волонтерлік қозғалысты дамытуда белсенді еңбек етіп келеді. Аудандағы белсенді үкіметтік емес ұйымдардың бірі– «B-elsendi» қоғамдық бірлестігі. Жанбай ауылында құрылған «B-elsendi» қоғамдық бірлестігі– аудан, облысқа танымал ұйымның бірі. «Қазіргі таңда құрамында жиырма шақты ерікті бар. Жас шамасына қарай бөлгенде ең үлкені 32 жаста, ал ең жасы 17 жаста.  Екі жыл қатарынан  аудан бойынша «Үздік волонтерлік топ» аталымы бойынша жеңімпаз атанған белсенділердің қанжығасында облыс бойынша «Үздік жас волонтерлік ұйым» аталымы да бар. Ауыл ішіндегі кез келген жұмысқа белсене араласып, леуметтік қолдау, өзге де демеу түрлерін ұдайы ұйымдастырып жүрген қоғамдық қор жастармен жұмыс бағытын да жандандыруды көздеп отыр. «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры өткізген «рекет» республикалық байқауына қатысып, қайтарымсыз грант ұтып алып, 1 жыл көлемінде аудан жастарына арнап, антикафе ашып, тегін тренингтер, түрлі форматтағы басқосулар ұйымдастыру бағытында жұмыстар атқарған болатын, – деді ол өз сөзінде.
Жиында аудандағы белсенді ұйымдардың жұмысы да айтылып, «B-elsendi» қоғамдық бірлестігінің волонтерлік қызметі, «Қамқор» қоғамдық қорының қайырымдылық бастамалары, «Таңшолпан» балалар қоғамдық бірлестігінің әлеуметтік жобалары және «Алтын Тұғыр» қоғамдық бірлестігінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясындағы жұмыстары үлгі ретінде көрсетілді. 
Басқосу соңында аудан әкімінің орынбасары Рашид Тасаұлы мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы әріптестікті одан әрі нығайту қажеттігін тілге тиек етті.Сонымен бірге бөлім басшыларына ескертпелер мен нақты тапсырмалар берілді.

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT