Бірлік – баянды болашақтың бағдары

 

Мамырдың алғашқы күні – еліміз үшін айрықша мәнге ие мереке. Бұл күн – Қазақстанды мекендеген сан түрлі ұлт пен ұлыстың басын қосқан бірлік пен татулықтың символы. Бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан 130-дан астам этнос өкілінің ортақ қуанышына айналған бұл мейрам – тәуелсіз елдің ең үлкен жетістіктерінің бірін айшықтайды. Дана халқымыз «Бірлік бар жерде тірлік бар» деп бекер айтпаған. Ал Төле би айтқан «Бірігу – ата-баба өсиеті, бөліну – қоғам қасіреті» деген нақыл бүгінгі күннің де өзегіне айналып отыр. Себебі елдің ертеңі – ең алдымен оның ішкі тұтастығында, қоғамдық келісімінде жатыр.

Тәуелсіз Қазақстанның басты құндылығы – ұлтаралық және конфессияаралық келісім. Әртүрлі мәдениет пен тілдің тоғысқан мекенінде бейбітшілік пен өзара құрметтің салтанат құруы – кездейсоқ жетістік емес, бұл – жылдар бойы жүргізілген сарабдал саясат пен қоғамның ортақ жауапкершілігінің нәтижесі. Аудан көлемінде де бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Бүгінде өңірде 38 өзге ұлт өкілі тату-тәтті ғұмыр кешуде. Олар жергілікті халықпен етене араласып, бір мақсат, бір мүдде жолында еңбек етіп келеді. Бұл – бірлік пен ынтымақтың нақты көрінісі.

Ал бұл мереке өз бастауын сонау 1995 жылдың наурызында дүние жүзіне үлгі болып отырған, ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың феномені – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған сәттен алады. Қазіргі таңда республикада 1000-нан астам этномәдени бірлестік, оның ішінде 14 республикалық бірлестік жұмыс істейді. Әрі оның ішінде 405 этномәдени бірлестік ҚХД-да аккредиттелген (14 республикалық және 391 өңірлік). Осылайша Ассамблея біздің ортақ үйіміз – Қазақстанда шынайы достықты қамтамасыз етіп келеді. Оған келтірер дәлелдер ұшан-теңіз. Солардың бірі қазіргі таңдағы әрбір ұлтқа салт-дәстүрлерін жаңғыртуға, мәдениеті мен әдебиетін дамытуға, тілінің жетілуіне мемлекет тарапынан көрсе-тіліп отырған қамқорлық пен қолдау десек, артық айтқандық болмас.

Осының бәрі – Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамдағы азаматтық ынтымақтастық пен ішкі саяси тұрақтылықты сақтаудың, ұлтаралық қатынастарды реттеудің тиімді жолдарын таңдай білуінің жемісі. Иә, өзара түсіністік, ұстамдылық, әртүрлі ұлт өкілдерінің рухани және мәдени құндылықтарына құрметпен қарау әдебі барлық этностарға ортақ жалпы халықтық өзіндік ерекшеліктері мен қасиеттерді қалыптастыруға әсер етті. Нәтижесінде әрбір ұлт конституциялық-құқықтық заңнама негізінде өзіне тән этностық ерекшелігін сақтай отырып, Қазақстанның қоғамдық құрылымына үйлесімді түрде біртұтас ел болып сіңісе білді.

–    Қазіргі таңда біздің ауданда  татар, шешен, қарақалпақ, орыс, ұйғыр, белорус, кәріс, украин, неміс, түрік, башқұрт, тәжік, түркімен ұлтының өкілдері бар. Олардың өз Отанына, мемлекет негізін құрап отырған қазақ ұлтына деген құрметі шексіз. Мұны олардың күнделікті тұрмыс-тіршілігі мен қазақтың тіліне, салт-дәстүріне, ұлттық мерекелеріне деген құрметтерінен анық байқай аламыз. Ауданымыз бойынша өзге ұлт  өкілдерінің ең көп шоғырланған жері – Аққыстау ауылдық округі . Округ аумағында 12 орыс, 9 шешен, 2 қарақалпақ, 2 белорус, 1 татар, 1 өзбек ұлтының азаматтары өзара ынтымақтастықта өмір сүруде. Сонымен қатар еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, қоғамдық өмірінің алға өрлеуіне олардың қосып келе жатқан өлшеусіз үлестері де – жоғарыда айтылған тату тірлігіміздің айнымас дәлелі. Атап айтар болсақ, шешен ұлтының азаматы, аудан жұртшылығына етене таныс Зелимхан Зубариев ағамыз – халықтар достығының дәнекершісі, табысты кәсіпкер, ал татар ұлтының қызы, қазақтың келіні Ляля Габайдулина апамыз қорғаныс істері жөніндегі бөлімде еңбек еткен, бүгінгі таңда елге сыйлы еңбек ардагері болса, Томан ауылының тұрғыны, көп балалы әке, орыс ұлтының өкілі Чернов Алексей - теміржол саласының белді қызметкері және қоғамдағы атқарылып жатқан жұмыстарға ойын ашық жеткізе алатын белсенді азаматтардың бірі. Көпке үлгі боларлық, аты аталмаған басқа да азаматтарымыз аз емес. Қазақта «Төртеу түгел болса – төбедегі келеді, алтау ала болса – ауыздағы кетеді», «Бірлік болмай, тірлік болмас» деген  жақсы нақыл сөздер бар. Қазіргі кезде өңірімізге өр суынан төніп тұрған қатердің алдын алу жұмыстарында да осы елдің амандығы, жердің тұтастығы, ауыл іргесінің бүтіндігі үшін өзге ұлт өкілдері иық тіресе қызмет етуде. Мұның барлығы еліміздегі ынтымақтастық пен татулықтың, бейбітшіліктің арқасы. Ал мамырдың алғашқы күні – осы еңбектің нақты көрініс табатын сәті. 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні еліміздің барлық өңірінде кең көлемде аталып өтеді. Ауданымызда да бұл мереке айрықша сән-салтанатымен өтпек. Аудан орталығындағы Тәуелсіздік алаңында «Бірлігіміз жарасқан Қазақстан» атты кең ауқымды мерекелік бағдарлама ұйымдастырылады. Атап айтқанда, көпшілікке арналған концерттік қойылым, ұлттар шеруі, театрландырылған көріністер көрермен назарына ұсынылады,-дейді аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ринат Есқали.

Расында, бейбіт аспан астында тәуелсіз елде өмір сүру – маңдайға біткен зор бақыт. Алайда сол бақытымыздың баянды болуы – кездейсоқ емес, ол ең алдымен қоғамдағы өзара сыйластық пен татулыққа тікелей байланысты. Бірлік – тек ұран емес, ол күнделікті өмірде көрініс табатын, әр азаматтың жүрек түкпірінен орын алуы тиіс өмірлік ұстаным. Осы қағидатты берік ұстанған өңірде этнос өкілдерін кеңінен қамтыған жүйелі жұмыстар өз нәтижесін беріп келеді. Бұл бастамалардың түпкі мәні – қоғамдағы келісім мен өзара түсіністікті нығайту, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру және көп ұлтты ортада үйлесімді қарым-қатынас қалыптастыру. Мұның бәрі ел ішіндегі тұрақтылық пен дамудың мызғымас негізін қалайды.

Сондықтан да Бірлік мерекесінің маңызы жыл өткен сайын арта түсуде. Оның басты мақсаты – түрлі этнос өкілдері арасындағы сыйластықты күшейтіп, татулық пен ынтымақты дәріптеу. Себебі береке мен бірлік бар жерде ғана өркендеу бар, ал ауызбіршілік – кез келген мемлекеттің басты тірегі. Бұл күнгі мерекелік шаралар – жай ғана мәдени іс-шаралар жиынтығы емес. Олар – ел ішіндегі достық пен өзара құрметтің, ынтымақтастық пен бірліктің нақты көрінісі. Бір алаңда бас қосқан түрлі ұлт өкілдерінің ортақ қуанышы – Қазақстанның ең қымбат қазынасы саналатын бейбітшілік пен келісімнің айғағы. Сөз түйінінде айтарымыз – берекені мұрат еткен елдің тірлігі де мерекелі болары анық. Ендеше, осы татулығымыз бен бірлігіміз әрдайым нығайып, ырыс пен ынтымақ ортаймасын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT