Шұғылалы көктемнің алғашқы күнімен қатар келетін Алғыс айту күні – жүректерді жылулыққа бөлейтін, ризашылық пен құрметтің айрықша мәнін айқындайтын мереке. Бұл күн – елдің өткеніне тағзым етіп, бүгінгі татулығына тәубе айтатын, ертеңіне сеніммен қарауға үндейтін тағылымды сәт.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткен-дей, бұл күн – халқымыздың салт-санасында берік орныққан достық, қайырымдылық және ынтымақ сынды асыл құндылықтарды дәріптейтін ерекше белес. Қиын-қыстау замандарда бір-біріне пана болып, тағдыр тәлкегін бірге еңсерген жұртымыздың кең пейілі мен дархан көңілі – бүгінгі бірлігіміздің берік іргетасы.
2016 жылдың 14 қаңтарында 1 наурыз ресми түрде Алғыс айту күні болып жарияланды. Бұл күннің таңдалуы да тегін емес. Осыдан 31 жыл бұрын дәл осы күні Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған болатын. Ел бірлігін нығайтуды мақсат еткен бұл институт тәуелсіз Қазақстанның қоғамдық келісім үлгісін қалыптастыруда айрықша рөл атқарды. Сондықтан Алғыс айту күні – татулық пен тұрақтылықтың символына айналған Ассамблеяның да мерейлі күні.
Бұл мереке – Қазақстанды мекен еткен барша этнос өкілдерінің бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқанын айғақтайтын тағылымды сәт. Тағдыр тоғыстырған түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері кең-байтақ қазақ жерінен құтты қоныс тауып, өсіп-өркендеді. Қазақ халқының кеңдігі мен қонақжайлығы, мейірімі мен жанашырлығы талай жанға үміт сыйлап, болашаққа жол ашты.
Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі этнос өкілдері ортақ мақсат жолында еңбек етіп, ел дамуына үлес қосуда. Бірі ғылым мен білім саласында жетістікке жетсе, енді бірі кәсіпкерлік пен мәдениетті өркендетуге атсалысып келеді. Барлығының арманы – бір, тілегі – ортақ: бейбіт өмір мен тұрақты даму.
Алғыс айту күні – өткенге құрмет, бүгінге шүкір, ертеңге сенім ұялататын мереке. Бұл күн бізге татулықтың қадірін терең ұғындырып, бірліктің бағасын арттыра түседі. Ынтымақ бар жерде ырыс бар. Ризашылық бар жерде береке бар. Көктемнің алғашқы күнімен қатар келетін осы шуақты мереке әр шаңыраққа шаттық пен жылылық әкелсін. Бір-бірімізге айтылған шынайы алғыс сөздер жүректерді жақындатып, елдігімізді еселей берсін.
Өз тілшіміз

