Ынтымақ күні - жалпыхалықтық бірлік марафоны. 21 наурыздағы бұл күн өткенді еске түсіруден, ата-бабамыздың қазіргі уақытты қалыптастыруға және сақтауға қосқан үлесінің маңыздылығын түсінуден тұрады. Ел үшін маңызды тарихи оқиғалар мен ұлттың жетістіктерін еске алу уақыты, сонымен қатар елдегі әртүрлі топтар мен қоғамдық топтарды біріктірудің маңыздылығын білдіретін Ынтымақ күнінде аудан орталығында Ұлыстың ұлы күні ерекше сән-салтанатпен тойланып, ынтымақ-бірлігімізді таныта түсті. Осынау Ұлыс тойы халықтың бірлігін нығайтып, ұлттық құндылықтарды дәріптеген ұлық мейрамның ұлағатын паш етті.
Орталық алаңға жиналған көпшілік ән мен жыр тыңдап, ұлттық ойындар мен салт-дәстүрлерді тамашалап, наурыз көжеден дәм татты. Мерекенің көркін қыздырған театрландырылған қойылымдар көрерменді ерекше әсерге бөледі. Жер-Ана, Су-Ана, Күн-Ана, От-Ана бейнелері арқылы табиғаттың адамзат өміріндегі орны, олардың киелі мәні тереңінен ашылды. Күн мен түн теңелген шақтағы табиғаттың жаңаруы, тіршіліктің қайта жандануы сахналық көріністер арқылы шебер жеткізіліп, көрермен көңілінен шықты.Бұл көріністер ұлттық дүниетанымымыздың терең-дігін, ата-бабамыздың табиғатпен етене байланыста өмір сүргенін айқын аңғартты.
Бұл құндылықтардың қасиеті арта түсетіні әсерлі сахналық көріністер арқылы жеткізілді.

Мерекелік шара аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен өтіп, оған ауданға қарасты мекемелер мен мұнай кәсіпорындары белсенді түрде атсалысты. Жалпы саны 12 киіз үй тігіліп, әрқайсысы өз ерекшелігімен, ұлттық нақышпен безендіріліп, қонақтарға қазақы дәстүрдің бай мазмұнын танытты.Киіз үйлердің ішіне қазақтың тұрмыс-тіршілігіне тән бұйымдар қойылып, дастархандар ұлттық тағамдарға толтырылды. Мерекелік думанды аудан әкімі Нұрым Мусин ашып, жиналған жұртшылықты төл мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде Наурыздың терең тарихи мәніне тоқталып, бұл күннің ұлт үшін маңызын айрықша атап өтті. Береке мен бірліктің бастауы болған мейрамда елге тыныштық, әр шаңыраққа амандық тіледі.
Сахна төрінде қазақ халқының бай салт-дәстүрлері де кеңінен насихатталды. Бөбекжай-бақшалар, саз мектебі, орта мектеп пен аурухана ұжымдары көрісу, құда түсу, сырға салу сынды ұлттық ғұрыптарды сахналап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Тайқазан көтеріліп, ұлттық рухты асқақтататын көріністер мерекенің мазмұнын тереңдете түсті.
Спорттық шаралар да мейрамның сәнін кіргізді. Исатай және Жанбай балалар-жасөспірімдер спорт мектептері, Жастар ресурстық орталығы мен «Барыс» спорт клубы бірлесе өткізген жарыстарда аудан тұрғындары қазақ күресі, гір тасын көтеру, арқан тартыс және білек күшін сынау бойынша бақ сынады. Жарыс қорытындысында үздік шыққан спортшылар арнайы марапаттарға ие болып, көрермендердің қошеметіне бөленді.

Мереке соңы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, ән мен күй, жыр мен би алаңды шаттыққа бөледі. Осылайша сол күні шат-шадыман күйде орталық алаңға жиналған Аққыстау тұрғындары мерекелік думанды риза бола тамашалады.
– Бұл күнді ауыл тұрғындары ерекше мейрамдауда. Он екі киіз үй тігіліп, наурыз көжеден дәм таттық. Бала-шағамен келіп, Наурызды осылай кең көлемде, сән-салтанатымен атап өтіп жатқанын көру – үлкен қуаныш. Ұлттық дәстүрлеріміз жаңғырып, кейінгі ұрпаққа үлгі болып жатқаны көңіл қуантады. Осындай мерекелер халқымыздың бірлігін нығайтып, дәстүр сабақтастығын жалғай береді деп сенемін,-дейді ауыл тұрғыны, ардагер Әсия Мұратқызы.
Салтанатты шара барысында аудан әкімі Нұрым Бекежанұлы, аудандық мәслихат хатшысы Аманжол Рахметов, облыстық мәслихат депутаты Нұрлан Қайреденов, аудан әкімінің орынбасарлары, мекемелер басшылары мен аудан ақсақалдары арнайы тігілген киіз үйлерді аралап, наурыз көжеден дәм татты. Ақ баталарын беріп, ізгі тілектерін арнаған ел ағаларының сөзі мерекенің мазмұнын тереңдете түсті. «Алты алаштың басы қосылса – төр мұғалімдікі» деген қанатты сөзді негізге алған қонақтар алдымен «Ұстаздар» ауылына арнайы бұрылып, жылы жүзбен қауышып, көрісті. Ұстаздар қауымы да ақ дастарханын қазақтың ұлттық тағамдарымен толтырған. Бұл ауыл келген меймандардың бәріне дәм татқызды. Сапырылысқан ауыл тұрғындары ақшаңқан киіз үйге еніп, емін-еркін ақтан ауыз тиіп, ақ тілектерін жаудырып жатты. Олар осылайша орталық алаңға құрылған 12 киіз үйді аралай, жақсылық тілесті.

Мерекенің көркін одан әрі ұлттық ойындар қыздыра түсті. Орталық алаңда және Тәуелсіздік, вокзал алаңдарында тігілген киіз үйлердің маңында жігіттер арқан тартты, білек күшін сынасып, кір тасын көтерді. Ептілігі мен жылдамдығын сынаған бозбалалар асық атып, алтыбақан тебуге де кезекке тұрды.
Ал 22 наурыз – Жыл басы күні. Бұл әрбір қазақстандық өз мәдениеті мен тарихының өзегіне оралатын уақыт. Осы күні Наурыз мейрамы аудан орталығымен шектеліп қалмай, ауданға қарасты жеті ауылдық округ те Наурыз мейрамын кең көлемде тойлады. Киіз үйлер тігіліп, ұлттық өнер айшықталды. Ауылдар орталықтарындағы арнайы дайындалған сахналардан ата-бабамыздың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін тамашалаған үлкен-кіші өткеннің рухын сезіне түскен күн болды бұл. Наурыз – барша жұрттың ортақ мерекесі десек, ағайынның арасын жақындатып, мейірім мен ырысты еселейтін Ұлыстың ұлы күні аудан жұртшылығына жаңа үміт, жарқын сенім сыйлады. Қайсар мінезді, кең жүректі Исатай батыр атындағы аудан халқы осынау Наурызды ынтымақпен, ағайын-туыспен бірге қарсы алуды дәстүрге айналдырған. Биылғы мерекеде де сол үрдістен жаңылмаған көпшілік көтеріңкі көңіл-күй, берекелі дастарқан, ырысты күндер тілесе тарқасты.

