Қыстың қытымыр мінезі мен нарықтағы бағаның құбылуы ауыл шаруашылығымен айналысатын ағайынның алаңын жыл сайын күшейтеді. Әсіресе мал қыстату науқаны қарсаңында жем-шөптің жеткілікті болуы – шаруаның қамы ғана емес, тұтас ауылдың берекесіне әсер ететін маңызды мәселе. Өткен жылы бұл бағытта аудан көлемінде нақты шаралар қолға алынды. Қысқы кезеңдегі мал азығына деген сұранысты өтеу мақсатында көрші облыстан ақбидай жемін делдалсыз, үстеме бағасыз жеткізу ұйымдастырылып, шаруаларға қолжетімді бағамен сатылды. Нәтижесінде аудан бойынша 239 тонна ақбидай жемі өткізілді. Бұл қадам жем-шөп тапшылығы мен баға тұрақсыздығы сезілген кезеңде шаруаларға айтарлықтай қолдау болды. Алайда бір қыстың тәжірибесі келесі жылдың жағдайын толық болжай алмайды. Табиғаттың мінезі құбылмалы, ал қысқы науқанның салмағы жыл сайын әртүрлі. Былтырғы қиындықтарды ескеріп, биыл мал қыстатуға дайындық қалай жүргізілді? Шаруалардың қолындағы жем-шөп қоры қанша? Мал азығына деген қажеттілік толық қамтамасыз етіле ме? Баға мәселесі қалай шешілмек? Ең бастысы – қыс күрт қатайып, жағдай күрделене түскен жағдайда шаруаларға қандай қолдау тетіктері қарастырылған? Осы сауалдар төңірегінде ауданның биылғы қысқа дайындығына, мал азығының қорына және шаруаларға көрсетілетін қолдау шараларына назар аударып көрдік.
Мамандардың мәліметінше, ауданымызда 2026-2027 жылдардағы қысқы мал азығын дайындау жұмыстары жоспарға сай ұйымдастырылып, қажетті шаралар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Аудан бойынша малды қыстан шығынсыз алып шығу үшін жалпы 91 мың тонна мал азығын дайындау жоспарланған. Оның 3 мың тоннасы өткен жылдан қалған қор болса, 88 мың тоннасы биыл әзірленуі тиіс. Қазіргі таңда жоспарланған жұмыстың едәуір бөлігі атқарылып, 62,3 мың тонна пішен дайындалған. Осылайша қажетті көлемнің 68 пайызы қамтамасыз етіліп отыр. Шабындық басындағы еңбек те қызу қарқынмен жалғасын табуда. Мал азығын дайындау науқанына аудан бойынша 25 бригада, 35 шөп шабу техникасы және 55 адам жұмылдырылған. Диқан мен шаруа қожалығы иелері күннің әр сәтін тиімді пайдаланып, қыстың қамын қамдауға күш салуда.
Шөп шабу жұмыстары ауданның құм өңірі, теңіз жағалауы мен қатқыл бойында жүргізілуде. Табиғи шабындықпен қатар, суармалы алқаптарды тиімді пайдалану арқылы мал азығын молайтуға да мән беріліп отыр. Соның бір айқын мысалы – «Ерасыл» шаруа қожалығы. Шаруашылық жаңбырлатып суару әдісін пайдаланып, 70,6 гектар алқапқа жоңышқа мен суданка шөбін егіп, бүгінде оны жинау жұмыстарын жүргізуде. Мұндай тәжірибе су көзін тиімді пайдаланып қана қоймай, жергілікті жерде сапалы мал азығын өндіруге мүмкіндік береді. Жергілікті шабындықтың өнімділігі мен дайындалған шөп көлемін толықтыру мақсатында көршілес өңірлермен де байланыс жолға қойылған. Қажетті шөп Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарынан, сондай-ақ Құрманғазы мен Қызылқоға аудандарынан тасымалдануда. Шөптің бағасы оның дайындалған жері мен жеткізу шығынына қарай әртүрлі. Мәселен, теңіз жағалауында бір орам шөптің бағасы 4–5 мың теңге шамасында болса, ауданға жеткізілгенде 8,5–9 мың теңгеге дейін жетеді. Ал өзге облыстардан тасымалданатын шөптің бағасы 11–12 мың теңге көлемінде қалыптасып отыр. Қысқы мал азығының тағы бір маңызды бөлігі – жем. Бұл бағыттағы жұмыстар да назардан тыс қалған жоқ. Құрама жем Батыс Қазақстан облысынан, Атырау қаласындағы «Қарат» ЖШС (Даулет-НАН) кәсіпорнынан және көршілес Ресей федерациясының Астрахань облысынан жеткізілуде. Қазіргі таңда 25 келі құрама жемнің бағасы 2500-3000 теңге аралығында. Шаруалар үшін жем-шөптің жеткілікті әрі қолжетімді болуы – қысқы науқанның ойдағыдай өтуінің негізгі факторларының бірі. Өйткені малдың қоңдылығын сақтау, өнімділігін төмендетпеу және қысқы кезеңдегі шығынның алдын алу тікелей қалыптасқан жем-шөп қорына байланысты. Ауданда мал қыстақтарын қысқы кезеңге дайындау мәселесіне де айрықша көңіл бөлінуде. Тіркелген 383 шаруа қожалығының иелігінде 258 мал қыстағы бар. Олардың басым бөлігі Тұщықұдық, Қамысқала және Жанбай ауылдық округтерінің аумағында орналасқан. Қыстақтардың жағдайын ретке келтіру, қора-жайларды әзірлеу, қажетті жем-шөп қорын жинақтау – шаруалардың алдағы уақыттағы негізгі міндеттерінің бірі. Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Дидар Есмұхановтың айтуынша, шаруагерлер қыстың қамын ертерек ойластырып, сыртқы көмекке сенбей, қажетті жем-шөп қорын алдын ала жинақтап алғаны жөн.
– Биылғы жазда толассыз жауған жаңбырлардың жерімізге ерекше нәр бергені белгілі. Сондықтан табиғаттың осы мүмкіндігін тиімді пайдаланып, шаруагерлер қысқы азығын ертерек қамдап алғаны абзал. Ал қыстың қаһарын алдын ала болжай алмаймыз. Егер қиын-қыстау кезеңі туындаса, әрдайым көмек көрсетуге әзірміз. Былтырғы жобамыз облыстағы басшыларымыздың көңілінен шығып, ерекше қолдауына ие болды. Алайда қазіргі таңда делдалсыз, үстеме бағасыз жем-шөп табу уақыт өткен сайын қиындап бара жатқаны рас. Баға құбылмалы заманда оны тасымалдайтын көлік пен жанармай мәселесінің өзі де өзіндік қиындық тудырады. Сондықтан шаруагерлер мен мал ұстайтын ауыл тұрғындарынан қысқы азығын алдын ала қамдап алуды сұраймыз, – дейді Дидар Жалғасбайұлы.
Бөлім басшысының мәліметінше, суармалы жерлерді игеру бағытында да оң жұмыстар атқарылуда. «Табиғат» мекемесімен 12 шаруа қожалығы келісімшарт жасап, каналдардан су алып, мал азығын дайындау жұмыстарын жүргізуде. Бұл – табиғи мүмкіндіктерді ұтымды пайдаланып, жем-шөпті жергілікті жерде өндірудің тиімді жолы. Жалпы, ауданда мал азықтық дақылдар егілген алқаптың көлемі 436,4 гектарды құрайды. Бірқатар шаруашылықтар жоңышқа және өзге де мал азықтық дақылдарды өсіріп, өз қажеттілігін өтеумен қатар, қысқы қорды қалыптастыруға үлес қосып келеді.
Қыс – мал шаруашылығындағы жауапкершілікті еселей түсетін кезең. Сондықтан қыстың қамын жаздан ойлап, шөп пен жемді алдын ала жинау – бүгінгі еңбектің ертеңгі жемісін көруге мүмкіндік береді. Ауданымыздағы мал азығын дайындау жұмыстары әлі де жалғасуда. Алдағы уақытта жоспарланған көлемді толықтыру, шөп пен жем қорын молайту, мал қыстақтарын қысқы жағдайға сай әзірлеу бағытындағы жұмыстарға басымдық берілмек. Басты мақсат – төрт түлікті қыстан шығынсыз шығарып, мал шаруашылығындағы қалыпты ахуалды сақтап, ауылдағы ағайынның еңбегіне береке дарыту. Қыс қамын қазірден ойлаған шаруа қашанда ұтылмайды. Себебі қыстың сынағына төтеп беретін күш – алдын ала жасалған қамда, маңдай термен жиналған мал азығы мен тынымсыз еңбекте болмақ.
Еркебұлан ЗИНЕДЕН


