Ел экономикасының күретамыры саналатын теміржол саласы – мемлекет дамуының маңызды тіректерінің бірі. Жүк пен жолаушы тасымалын үздіксіз қамтамасыз етіп, өңірлерді өзара байланыстырып отырған теміржолшылардың тынымсыз еңбегі әрдайым құрметке лайық.

Осыған орай Аққыстау ауылындағы вокзал маңында тамыз айының алғашқы жексенбісінде атап өтілетін Теміржолшылар күніне арналған «Болат жолдың батырлары» атты салтанатты мерекелік шара ұйымдастырылды.
Мерекелік бағдарлама театрландырылған прологпен басталып, кейін концерттік кешке ұласты. Болат жолдың тарихы мен теміржолшы мамандығының маңызын айшықтаған сахналық көрініс көпшілік көңілінен шықты.

Шарада аудан әкімі Нұрым Мусин теміржол саласының ардагерлері мен қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.
– Құрметті теміржолшылар! Ел мен елді, қала мен даланы жалғап тұрған теміржол қатынасының мемлекет экономикасындағы орны ерекше. Теміржолдың дүрсілі – ел экономикасының жүрек соғысы іспетті. Сіздер күн сайын адал еңбектеріңізбен халық игілігіне қызмет етіп, еліміздің өркендеуіне үлес қосып келесіздер. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге толайым табыс тілеймін, – деді аудан әкімі.

Салтанатты жиында теміржол саласының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар қызметкерлер аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Өз ісіне адалдығы мен жоғары жауапкершілігі үшін Ибрагим Қуанышұлы марапатталса, жол жөндеуші мамандығында 39 жыл табанды еңбек еткен Тимур Томпақов және салада 23 жылдық тәжірибесі бар білікті маман Асылбек Аманжолов та лайықты құрметке ие болды.

Концерт барысында көрермендерге әсем әндер шырқалып, мың бұралған бишілер өнер көрсетті. Ұлттық өнерді ұлықтаған күйлер орындалып, кештің сәнін келтірді.

Ауыл тұрғыны Әсел Аманжол мерекелік шараның маңызын атап өтті.
– Барша теміржолшыларды кәсіби мерекелерімен құттықтаймын. Теміржол – үлкен жауапкершілік пен темірдей тәртіпті талап ететін сала. Жаздың аптап ыстығы мен қыстың қақаған аязына қарамастан, болат жол бойында аянбай еңбек етіп жүрген әрбір қызметкер зор құрметке лайық. Осындай тағылымды әрі мазмұнды мерекелік кештер тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлайды. Барша сала мамандарына мықты денсаулық, отбасыларына амандық тілеймін, – деді ол.

Мерекелік кештің шымылдығы көпшілік бірге шырқаған «Қазақ елі осындай» әнімен жабылды.

Теміржол – тек қатынас құралы ғана емес, елдің дамуы мен экономикалық қуатын айқындайтын стратегиялық сала. Ал осы саланың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп жүрген теміржолшылардың адал еңбегі әрдайым құрмет пен алғысқа лайық.

Ж.СЕМБИЕВА


