Исатай ауданындағы №133 сайлау учаскесіне Чернобыль апатының зардабын жоюға қатысқан ардагер Ислам Стамғалиев келіп, өз таңдауын жасады. Өмірдің талай сынағынан өткен ардагер үшін ел өміріндегі маңызды саяси науқанға қатысу – азаматтық парыз.
Ислам Стамғалиев дауыс беру арқылы елдің ертеңіне бейжай қарамайтынын білдірді. Оның айтуынша, әр азамат өзінің таңдауын жасап, қоғамдық маңызды мәселелерге белсенді араласуы қажет.
– Бүгінгі таңдау – елдің болашағына қатысты таңдау. Сондықтан әр азамат өз дауысын беріп, азаматтық міндетін орындауы керек деп ойлаймын. Жастардың да ел өміріне белсенді араласқаны маңызды, – дейді Чернобыль ардагері.
№133 сайлау учаскесінде дауыс беруге құқығы бар 1396 сайлаушы тіркелген. Учаскеде дауыс беру үдерісі белгіленген тәртіппен ұйымдастырылып, тұрғындар таңдау жасауға белсенді қатысуда.
Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, Исатай ауданында барлығы 15 678 сайлаушы тіркелген. Аудан аумағында жеті ауылдық округті қамтитын 15 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр.
Ел басынан өткен тарихи кезеңдердің куәсі болған аға буын өкілдерінің сайлауға қатысуы – азаматтық жауапкершіліктің жарқын көрінісі. Бүгін Ислам Стамғалиев те өз таңдауын жасап, ел болашағына деген азаматтық көзқарасын білдірді.


