Дайындық деңгейі қандай?

 

Өрт қаупі жоғары жазғы уақытта төтенше жағдайлардың алдын алу және жедел әрекет ету тетіктерін жетілдіру мақсатында ауданымызда республикалық «Өрт-2026» командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті. Ауқымды шара тарихи Таскран мұнарасы маңында ұйымдастырылып, оған азаматтық қорғау қызметтері, төтенше жағдайлар құрылымдары және жауапты мекемелер қатысты.

Оқу-жаттығу барысында аудан әкімінің 2025 жылғы 15 қазандағы №45 шешімімен құрылған 11 азаматтық қорғау қызметінің төтенше жағдай кезіндегі іс-қимылдары тәжірибе жүзінде пысықталды. Негізгі мақсат – дала және табиғи өртті сөндіру кезінде күштер мен құралдардың өзара үйлесімді жұмысын жетілдіру, төтенше жағдайларға дайындық деңгейін арттыру.

 

 

Шараға қатысқан аудан әкімі, Исатай ауданы азаматтық қорғаныс бастығы Нұрым Мусин жұмылдырылған техникалар мен жеке құрамның әзірлігін қарап шықты.

– «Өрт-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы - төтенше жағдайлардың алдын алу және оларға жедел әрекет ету бағытындағы маңызды шаралардың бірі. Жаттығуға 11 азаматтық қорғау қызметі қатысып, 128 адам мен 44 техника жұмылдырылды. Сонымен қатар ауданымыздың барлық ауылдық округтерінде еріктілерден құралған өрт сөндіру жасақтары құрылып, 88 ерікті арнайы оқудан өтіп, сертификат алды. Төтенше жағдай кезінде тұрғындарды қауіпсіз жерге орналастыру үшін 19 эвакуациялық қабылдау пункті әзірленді. Сондай-ақ халықты дер кезінде хабардар ету мақсатында 14 нысанға орнатылған құлақтандыру жүйелерінің дайындығы тексерілді. Осындай оқу-жаттығулар арқылы барлық қызметтердің өзара іс-қимылы шыңдалып, төтенше жағдайларға қарсы әрекет ету қабілеті артады. Ең бастысы – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және табиғи апаттардың салдарын барынша азайту, – деді аудан әкімі.

 

 

Оқу-жаттығу сәтінде құрғақ әрі желді ауа райының салдарынан резерват  аумағындағы  қураған шөп тұтанып, өрт қаупі туындады. Осыған байланысты төтенше жағдайлар бөлімшелері мен азаматтық қорғау құрылымдары шұғыл жұмылдырылып, «тілсіз жауды» ауыздықтау бойынша іс-қимылдарын көрсетті. Сонымен қатар тұрғындарды жедел құлақтандыру жүйесінің дайындығы да тексерілді. Аудан бойынша 14 нысанға орнатылған дабыл құрылғылары іске қосылып, олардың техникалық мүмкіндіктері сыннан өткізілді.

 

 

Мамандардың айтуынша, оқу-жаттығу нәтижесінде табиғи және дала өрті туындаған жағдайда күштер мен құралдардың дайындық деңгейі жоғары екені байқалды. Бұл – өңірдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған маңызды шаралардың бірі. Бірлескен іс-қимыл мен үйлесімді жұмыстың арқасында төтенше жағдайлардың алдын алу және оның салдарын азайту бағытындағы жұмыстардың жүйелі жүргізіліп жатқаны көрінді.

 

 


Жұлдыз СЕМБИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT