Даму бағытын айқындаған ауыл

 

Тарихы тереңде жатқан, бүгінгі күні жаңғыру жолына түсіп, болашағына нық сеніммен қарайтын берекелі мекендердің бірі – Нарын ауылы. 2002 жылдың 19 сәуірінде Атырау облыстық мәслихатының шешімімен Забурын селолық округінен бөлініп, дербес округ болып құрылған Нарын сол уақыттан бері өзіндік даму бағытын айқындап, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан ілгерілеу үстінде. Бұрын аудан орталығынан шалғай орналасуына байланысты қатынасы қиын болған елді мекен бүгінде еңсесін тіктеп, жаңа тынысқа ие болды. Нарын өңірі тек бүгінгі жетістіктерімен ғана емес, терең тарихымен де ерекшеленеді. Бұл аймақтан қола дәуіріне тән көне жәдігерлердің табылуы оның ежелден адамзат қоныстанған мекен екенін айғақтайды. XIX ғасырдың басында Бөкей сұлтан бастаған Кіші жүз қазақтарының осы өңірге қоныстануы Нарын даласының тарихи маңызын арттыра түсті. Сонымен қатар бұл қасиетті топырақта күй атасы Құрманғазы, ерлік пен бірліктің символына айналған Махамбет, қазақ поэзиясының падишасы Фариза Оңғарсынова сынды ұлы тұлғалардың ізі қалғанын айтпай кету жөн болмас. Бұл ауыл бүгінде өз болмысын сақтай отырып, жаңару мен даму жолына бет алған. Ауыл өміріндегі оң өзгерістер мен өзекті мәселелер, атқарылып жатқан жұмыстар жайында біз толығырақ округ әкімі Асқар Абуов Төлегенұлымен телефон арқылы байланысып, жүйелі жұмыстарды сараладық.

 

 

Қазіргі Нарын ауылдық округінің құрамына Нарын ауылы, Жаңа Жанбай және Мыңтөбе елді мекендері кіреді. Жалпы халық саны 1132 адамды құрайды. Округ аумағында орналасқан өндірістік нысандар ауыл экономикасының дамуына өзіндік үлес қосып отыр. Ауыл тұрғындарының басым бөлігі осы өндіріс орындарында, сондай-ақ теміржол, мектеп, балабақша, мәдениет үйі және әкімшілік мекемелерде еңбек етуде.

 

 

Соңғы жылдары ауыл инфрақұрылымын дамыту бағытында жүйелі түрде маңызды жұмыстар атқарылып келеді. Соның жарқын көрінісі ретінде 2024–2025 жылдары Ынтымақ көшесінде балалар ойын алаңы мен шағын футбол алаңы салынып, ауыл игілігіне пайдалануға берілді. Бұл нысандар тек құрылыс жобасы ғана емес, жас ұрпақтың денсаулығын нығайтып, бос уақытын тиімді әрі мазмұнды өткізуіне жол ашқан маңызды бастамаға айналды. Аталған алаңдар балалар мен жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылығын арттырып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға септігін тигізуде. Әрі ауыл тұрғындары үшін ортақ демалыс орнына айналып, көршілер арасындағы ынтымақ пен бірлікті нығайтуға да ықпал етіп отыр.

 

 

Сонымен қатар ауыл тұрғындары толықтай ауыз сумен, табиғи газбен және электр жарығымен қамтамасыз етілген.  Көше жарығы мәселесі де 2023 жылы өз шешімін тауып, елді мекеннің түнгі келбеті айқындала түсті. Байланыс саласында «Қазақтелеком» және «Транстелеком» мекемелері қызмет көрсетуде. Алайда тұрғындар тарапынан интернет сапасын жақсарту қажеттігі жиі көтеріліп келеді. Бұл бүгінгі цифрлық заманда ақпаратқа жедел қол жеткізу, онлайн қызметтерді тиімді пайдалану және білім беру мүмкіндіктерін кеңейту үшін аса маңызды мәселе болып отыр.

 

 

Ауыл тазалығы мен көркеюіне де ерекше мән беріліп келеді. Бұл бағытта «Таза Исатай» мекемесі мен қоғамдық жұмысшылар тұрақты түрде еңбек етіп, елді мекеннің санитарлық жағдайын бақылауда ұстап отыр. Арнайы техникалардың көмегімен көшелер жүйелі түрде тазартылып, тұрғындар үшін қолайлы әрі таза орта қалыптастырылуда. Әрі көгалдандыру жұмыстары да жоспарлы түрде жүзеге асырылуда. Әсіресе 2025 жылы 3 гектар аумақ қоршалып, 3000 түп тал-теректің отырғызылуы – ауылдың экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған маңызды бастама. Бұл игі іс елді мекеннің ажарын ашып қана қоймай, болашақ ұрпаққа жасыл әрі жайлы орта қалыптастыруға негіз болмақ.

 

 

 

МАМАН ЖЕТІСПЕУШІЛІГІ – ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ

Ауыл орталығында орналасқан Фариза Оңғарсынова атындағы орта мектептің орны ерекше. 1994 жылы іргесі қаланып, 2012 жылы күрделі жөндеуден өткен бұл білім ордасында бүгінде сапалы білім беру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Мектеп ұжымы оқушыларға заман талабына сай білім мен тәрбие беруге бар күш-жігерін жұмсап отыр.
Дегенмен білім беру үдерісінде бірқатар өзекті мәселелер де жоқ емес. Бұл туралы округ әкімі де ашық айтып отыр. Әсіресе маман тапшылығы бүгінде көпшілікті алаңдатып отырған күрделі мәселелердің біріне айналған. Атап айтқанда, дефектолог, логопед, тарих пәні мұғалімі және алғашқы әскери дайындық пәнінің мамандарына сұраныс жоғары. Мұндай кадр жетіспеушілігі, сөз жоқ, білім сапасын арттыруға кері әсер ететін маңызды факторлардың бірі болып отыр. Сонымен қатар, ауыл әкімінің айтуынша, биыл мектеп ғимаратын қайта күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Бұл өз кезегінде білім ордасының материалдық-техникалық базасын жаңартып, оқушылар мен ұстаздарға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Жаңғыртудан өткен мектеп заман талабына сай жабдықталып, білім беру сапасының артуына тың серпін беретіні анық.

 

 

Ауылдағы білім беру ісі тек осы мектеппен шектелмейді. Елді мекен тұрғындарына сапалы білім мен тәрбие беру бағытында Жаңа Жанбай бастауыш мектебі мен балабақша да өз қызметін табысты атқарып келеді. Бұл білім ошақтары жас ұрпақтың алғашқы білім баспалдағын нық басуына, олардың жан-жақты дамуына өзіндік үлес қосуда.

 

 

Біздің қолымызға түскен ресми мәліметтерге сүйенсек, маман тапшылығы тек мектепте ғана емес, Нарын ауылдық фельдшерлік-акушерлік пунктіне де қажеттілігін аңғартады. 2019 жылы ашылған жаңа үлгідегі фельдшерлік-акушерлік пункт жұмыс істеп тұр. Мұнда 2 медбике мен 1 фельдшер қызмет көрсетеді. Дегенмен медициналық қызмет сапасы тұрақты болғанымен, акушер маманына қажеттілік бар. Жедел жәрдем қызметі уақытылы көрсетілгенімен, техникасының ескіруі өзекті мәселелердің бірі болып отыр.

 

 


НАРЫНҒА ЖАҢА МӘДЕНИ ТЫНЫС

Жалғасы газеттің №15 (4280) санында

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT