Дамудың діңгегі болған инфрақұрылым

 

Өңірдің тынысы оның инфрақұрылымынан сезіледі. Тегіс төселген жол, іркіліссіз жеткен ауыз су, жарығы сөнбеген көше – мұның бәрі сырт көзге қалыпты көрінгенімен, шын мәнінде жүйелі жұмыстың, жауапкершілік пен нақты шешімдердің нәтижесі. Өйткені инфрақұрылым – халықтың күнделікті өмірінің көрінбейтін қаңқасы, тұрмыстың сапасын айқындайтын негізгі тірек. Аудан да осы үдерістен тыс емес. Соңғы жылдары  жүзеге асқан жобалар бар, қозғалыс бар, өзгеріс бар. Жөнделген жолдар, жаңғыртылған инженерлік желілер, ретке келген коммуналдық қызметтер – мұның бәрі атқарылған істің нақты көрінісі. Бірақ кез келген даму  тек атқарылған жұмыспен емес, шешімін таппаған мәселелермен де өлшенеді.  Осы тұрғыдан алғанда, аудандағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдары және жолаушылар тасымалы салаларындағы бүгінгі ахуал қандай? Атқарылған жұмыстардың нақты нәтижесі бар ма, әлде шешімін күткен мәселелер басым ба? Алдағы жоспарлар қаншалықты өміршең? Осы және өзге де сауалдарға жауап іздеп, сала басшысы  Нұрбол Жампейсовпен тілдескен едік. Әңгімеміз де кездейсоқ өрбіген жоқ, ол 16 сәуір – Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметкерлері күні қарсаңына тұспа-тұс келді.


– Сәлеметсіз бе, Нұрбол Амангелдіұлы! Ең алдымен, алда келе жатқан кәсіби мерекеңізбен құттықтаймын. Өзіңіз тамыз айында осы салаға жетекшілік қызметке тағайындалдыңыз. Содан бері аз ғана уақыт өтсе де, бұрын іркіліп қалған бірқатар жобалардың қайта жанданып, кезең-кезеңімен жүзеге аса бастағаны байқалады. Сондықтан  сұхбатымызды  жұртшылықты толғандыратын ең өзекті мәселеден бастауды жөн көрдік. Бүгінде әлеуметтік желілерде де, халықпен жүздесулерде де баспана мәселесі жиі көтеріледі, сұрақ көп, үміт те жоғары. Ал, аудандағы тұрғын үй саласының қазіргі ахуалы қандай? Бұл бағытта мәселені шешу үшін қандай нақты жұмыстар қолға алынып, қандай нәтижелер бар?

–Қайырлы күн, рақмет! Иә, тұрғын үй мәселесі – аудан үшін ең өзекті тақырыптардың бірі. Сондықтан бұл бағыттағы жұмысты біз тек жоспар ретінде емес, нақты тағдырлармен байланысты жауапкершілік деп қабылдаймыз. Өткен жылы осы жауапкершілікті ескере отырып, әлеуметтік осал топтағы азаматтарды баспанамен қамтуға басымдық берілді. Нәтижесінде 28 пәтер сатып алынып, бүгінде оларды «Отбасы банк» арқылы кезекте тұрған тұрғындарға рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Яғни, бұл үйлер жақын арада нақты иелерін табады деген сөз. Сонымен қатар Тұщықұдық ауылындағы апатты деп танылған үш көп пәтерлі үйдің тұрғындарын көшіру мәселесі шешімін тапты. 17 пәтер иесі жаңа баспанаға қол жеткізіп, бұл мақсатқа 340 млн теңге жұмсалды. Бұл – көп жылдан бері қордаланып келген мәселенің нақты шешімі деуге болады. Аудандағы тағы бір маңызды мәселе – апатты жағдайдағы жеке тұрғын үйлер. Бүгінде мұндай 57 үй бар. Осы бағытта да кезең-кезеңімен жұмыс басталып, 10 тұрғынға жаңа пәтер сатып алынып берілді. Қазір олардың құжаттары рәсімделу үстінде. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасады. Жалпы, бүгінгі күні тұрғын үй кезегінде 921 адам тұр. Бұл – мәселенің ауқымын көрсететін нақты сан. Сондықтан биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады. Әлеуметтік осал топтағы азаматтарға арнап 75 пәтер сатып алу жоспарланып отыр, оның ішінде 18 пәтерге қаржы бөлініп қойды. Сонымен бірге, апатты деп танылған екі көп пәтерлі үйдегі 31 тұрғынды көшіру үшін 620 млн теңге қарастырылған. Аққыстау ауылындағы ұзақ уақыт бойы тоқтап қалған тұрғын үй құрылыстары да назардан тыс қалған жоқ. 2019 жылы басталған үш 60 пәтерлік үйдің құрылысы түрлі себептермен тоқтап қалған болатын. Қазір бұл мәселе қайта қаралып, мердігермен келісім шарт бұзылды. Жобаға түзету енгізіліп, арнайы ғылыми-зерттеу институтының қатысуымен техникалық зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл – құрылысты сапалы әрі талапқа сай жалғастыру үшін қажет қадам. Сонымен қатар Аққыстауда «NCOC» компаниясының демеушілігімен және бюджет есебінен салынып жатқан екі 60 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы жалғасуда. Қазіргі таңда бұл үйлердің тек қаңқасын тұрғызу емес, оған қажетті барлық инженерлік инфрақұрылымды – су, кәріз, газ, электр, байланыс желілерін жүргізу, аумақты абаттандыру жұмыстары қатар атқарылып жатыр. Бұл жұмыстардың барлығы тұрғын үйдің тек салынуымен шектелмей, толық дайын күйде пайдалануға берілуін қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, бар тұрғын үй қорын сақтау да маңызды. Өткен жылы алты көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары басталып, оның бесеуі толық аяқталды. Бұл – үйлердің қызмет ету мерзімін ұзартуға және тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған жұмыс. Ал биыл тағы 10 көп қабатты үйді жөндеуге қатысты жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Жалпы алғанда, тұрғын үй мәселесі бір сәтте шешілетін мәселе емес. Дегенмен біз оны кезең-кезеңімен, нақты жобалар арқылы шешуге күш салып келеміз. Ең бастысы – әр атқарылған жұмыстың артында нақты нәтиже болып, ол тұрғындардың тұрмысынан сезілуі тиіс.

 

— Тұрғын үймен қатар, оның сапасын айқындайтын негізгі мәселе – коммуналдық инфрақұрылым. Осыған орай, аудандағы ауыз су мен кәріз жүйесінің қазіргі жағдайы қандай? Шалғай елді мекендердегі мәселе қалай шешіліп жатыр және Аққыстаудағы кәріз жүйесіне қатысты түйткілдер реттелді ме?

— Иә, коммуналдық инфрақұрылым, әсіресе ауыз су мен кәріз жүйесі – тұрғындардың тұрмыс сапасын айқындайтын негізгі бағыттардың бірі. Бүгінде аудан бойынша 13 елді мекен орталықтандырылған ауыз су желісімен қамтылған. Қалған 3 елді мекен – Ауқайраң, Мыңтөбе, Айбас – географиялық орналасуына байланысты тасымалды және жер асты суын пайдаланып отыр. Жалпы алғанда, ауданның ауыз сумен қамтылу деңгейі 98,6 пайызды құрайды. Орталықтандырылған жүйеге қосылмаған 363 тұрғын Нарын құмы аумағында 100–200 шақырымға дейін шашыраңқы орналасқан, сондықтан бұл жерде жер асты суын пайдалану – әзірге ең тиімді шешім. Сонымен қатар шалғай елді мекендерді сумен қамту бағытында да жұмыстар жүргізілген. Мәселен, 2018 жылы Қызыл үй мен Жасқайрат ауылдарына Нарын елді мекенінен бастап ауыз су желісі тартылып, пайдалануға берілді. Аудан бойынша ауыз сумен қамтамасыз ету қызметін «Атырау облысы су анасы» коммуналдық мекемесі атқарады. Олардың қарауында 10 су тазарту-тарату және 3 су тарату нысаны бар. Қазіргі таңда жүйені жетілдіру жұмыстары да жалғасуда: Тұщықұдық, Жанбай, Нарын, Исатай елді мекендеріндегі қондырғыларды жаңғырту демеушілер есебінен жоспарланса, Зинеден ауылындағы нысанды күрделі жөндеуге бюджеттен 10 млн теңгеге жобалық құжаттама әзірленуде. Ал кәріз жүйесіне келсек, бұл бағыттағы ең ірі жоба – Аққыстау ауылындағы кәріздік-тазарту нысаны. Жобаның жалпы құны 2,8 млрд теңгені құрайды. Құрылысы 2018 жылы басталғанымен түрлі техникалық және ұйымдастырушылық мәселелерге байланысты мерзімінен кешігіп отыр. Атап айтқанда, желілердің деңгейлік сәйкессіздігі, кей насос қондырғыларының толық жабдықталмауы, құдықтарға сырттан су кіруі, сондай-ақ тазарту имараттарындағы бірқатар техникалық кемшіліктер анықталған. Қазіргі уақытта бұл мәселелерді түзету және жобаны толық аяқтау бағытында жұмыстар қарастырылуда. Жоба толық іске қосылған жағдайда Аққыстау ауылында 500-ден астам тұрғын үй орталық кәріз жүйесіне қосылуға мүмкіндік алады. Нысан тәулігіне 1900–2000 текше метрге дейін лас суды қабылдай алады. Бүгінде ауыл бойынша 585 тұрғын үй кәріз жүйесіне қосылған, алайда әлі қосылмаған үйлерден тәулігіне 550–600 текше метр көлемінде лас су шығарындысы қалып отыр. Қазіргі таңда кейбір учаскелерде желілердің бітелуі сияқты мәселелер бар, сондай-ақ мердігер тарапынан жұмыстардың баяулауы байқалады. Жалпы алғанда, коммуналдық инфрақұрылымды дамыту – үздіксіз бақылауды және кезең-кезеңімен шешімді талап ететін сала. Біз бұл бағыттағы мәселелерді жасырмай, нақты кемшіліктерді түзету арқылы жүйені толық әрі сапалы іске қосуды басты міндет етіп отырмыз.

 

— Коммуналдық мәселелермен қатар, тұрғындар көптен күткен тағы бір жағымды өзгеріс – жолаушылар тасымалы мен жол қауіпсіздігі бағытындағы жаңашыл бастамалар. Аудан тарихында алғаш рет іске қосылған қоғамдық көлік қатынасының бүгінгі нәтижесі қандай? Сонымен қатар жол жөндеу, аялдамалар орнату, бағдаршам мен бейнебақылау жүйелерін енгізу жұмыстары қалай жүзеге асып жатыр?

— Иә, жолаушылар тасымалы – аудан тұрғындары көптен күткен бағыттардың бірі болды. Бұған дейін ауылішілік және ауылдар арасындағы қатынас көбіне жеке тасымалға тәуелді болып келді. Сондықтан өткен жылдан бастап бұл мәселені жүйелі түрде шешуге кірістік. 2025 жылы аудан тарихында алғаш рет ауылішілік және ауыларалық қоғамдық көлік қатынасы іске қосылды. Тамыз айынан бастап Аққыстау ауылында 3 бағыт бойынша күнделікті қозғалыс жолға қойылып, аудан орталығынан Тұщықұдық, Х.Ерғалиев, Жанбай, Нарын, Исатай және Зинеден ауылдарына жолаушылар тасымалы «БатысТехИнвест» ЖШС арқылы тесттік режимде басталды. Бұл бас-тама, әсіресе, такси қызметінің қымбаттауына байланысты тұрғындар үшін қолжетімді балама ретінде оң әсерін тигізіп отыр. Жолаушыларға қолайлы жағдай жасау үшін Аққыстау ауылында 10 қоғамдық көлік аялдамасы орнатылды. Алдағы уақытта мұндай аялдамаларды ауылдық округтерге кезең-кезеңімен орнату жоспарланып отыр. Жалпы, бұл қызметті тұрақты жүргізу үшін биыл 258 млн теңге көлемінде субсидия қарастырылды. Жол сапасына да көңіл бөлінуде. Аудандағы автомобиль жолдарының 5 мың шаршы метр шұңқырлы учаскелерін жөндеуге 60 млн теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар тұрғындардың демалысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында да жобалар іске асырылуда. Хамит Ерғалиев ауылындағы «Демалыс саябағының» құрылысы жалғасып жатыр, оны жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Ал Аққыстау ауылында жол қозғалысын реттеу және қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мақсатында бағдаршам мен бейнебақылау жүйелерін орнату жұмыстары жүргізілуде. Жобаның құны – 138,8 млн теңге. Бүгінде 52 бейнекамера мен 1 бағдаршам орнатылды, ендігі кезеңде оларды толық іске қосу жұмыстары қалды. Жоба 2023 жылы басталып, өзгерістер енгізілгеннен кейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда, толық аяқталуы 2025 жылдың тамызына жоспарланған. Жалпы алғанда, бұл бағыттағы жұмыстар тұрғындардың күнделікті қозғалысын жеңілдетіп қана қоймай, аудан ішіндегі қолжетімділік пен қауіпсіздікті арттыруға бағытталған.

 

 

— Ауданда жол сапасын кезең-кезеңімен жақсарту жұмыстары жүріп жатқаны белгілі. Қазіргі таңда ауылішілік жолдардың шамамен 38,9%-ы қанағаттанарлық жағдайда. Осы көрсеткішті арттыру бағытында қандай нақты жұмыстар атқарылып жатыр? Сонымен қатар  кейбір жобаларда мердігерлерге қатысты туындаған мәселелер бар екені белгілі. Бұл жағдайлар қалай реттелуде?

— Иә, аудан бойынша жол сапасын жақсарту – кезең-кезеңімен шешіліп жатқан маңызды бағыттардың бірі. Қазіргі таңда жалпы 295,7 шақырым автомобиль жолының ішінде ауылішілік жолдардың 38,9%-ы, ал кірме жолдардың 26%-ы ғана қанағаттанарлық жағдайда. Бұл көрсеткішті арттыру үшін нақты жобалар жүзеге асуда. Соңғы уақытта бірқатар нәтижелер бар. Тұщықұдық ауылында 8,3 шақырым автокөлік және 6 шақырым жаяу жүргіншілер жолы толық аяқталды, қазіргі таңда анықталған сапа кемшіліктерін жою жұмыстары жүргізілуде. Жанбай ауылындағы 9,5 шақырым жолды қайта жаңғырту жобасы жалғасып жатыр – екінші қабат асфальттың бір бөлігі төселіп, жұмысты биыл тамыз айында аяқтау жоспарланған. Ал Хамит Ерғалиев ауылындағы 8,6 шақырым жол құрылысы аяқталып, сапа бойынша ескертулерді түзету кезеңінде. Аудан орталығы Аққыстауда да ірі жобалар іске асырылуда. Былтыр 12,1 шақырым жаңа жол құрылысы басталып, алғашқы кезеңі орындалды, биыл толық аяқтауға 1,5 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар Исатай ауылындағы 8,6 шақырым жол жобасы қайта қаралып, құрылыс жұмыстарын жалғастыруға биыл 1 млрд теңге қарастырылды. Дегенмен кейбір жобаларда мердігерлердің жауапсыздығына байланысты қиындықтар туындады. Мәселен, Зинеден ауылындағы жоба бойынша келісім шарт бұзылып, 113 млн теңге аванс пен 33,1 млн теңге айыппұлды өндіру туралы сот шешімі шықты. Алайда мердігердің қаржылық мүмкіндігінің болмауына байланысты қаражатты қайтару мәселесі күрделі болып отыр. Сол сияқты Аққыстау ауылындағы 16,2 шақырым жол жобасы бойынша да келісім шарт бұзылып, бюджет қаржысын қайтару және жауапкершілікке тарту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Ішкі аудит нәтижесінде 289,7 млн теңге артық төлем анықталып, оны қалпына келтіру бойынша шаралар қабылдануда. Иә, негізгі басымдық – сапасыз орындалған жұмыстарды түзету, жауапсыз мердігерлерге қатысты заң аясында шара қолдану және жаңа жобаларды сапалы жүзеге асыру. Осы жұмыстардың нәтижесінде алдағы кезеңде жақсы жағдайдағы жолдардың үлесін 76,6%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

 

— Биыл ауданда құрылған «Таза Исатай» коммуналдық кәсіпорны  саланы жүйелеуге бағытталған маңызды жаңалықтардың бірі болды. Осы бастама ауданның тазалығы мен абаттандыру жұмыстарына қандай нақты өзгеріс әкелді?

— Иә, биыл құрылған «Таза Исатай» коммуналдық кәсіпорны – аудан үшін жаңа әрі маңызды бастамалардың бірі. Бұл  тазалық пен абаттандыру жұмыстарын жүйелі түрде бір орталықтан жүргізуге мүмкіндік берген нақты қадам. Аталған мекеме маусым айында ресми тіркеуден өтіп, бүгінгі таңда жұмысын бастап кетті. Қазіргі уақытта Тұщықұдық ауылдық округімен санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізу бойынша келісім шарт жасалып, нақты жұмыстар қолға алынды. Қамысқала ауылдық округімен де келісім шарт жасау бағытында жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар барлық ауылдық округтермен қысқы кезеңге дайындық аясында қар тазалау, тайғаққа қарсы материалдар себу және ағынды суларды сорғызу бойынша келісімдер жасақталуда. Бүгінде мекеменің теңгеріміне 17 арнайы техника беріліп, көгалдандыру мен санитарлық тазалық жұмыстарын тұрақты жүргізуге мүмкіндік жасалды. Ал келесі жылы бұл бағыттағы жұмыс одан әрі күшейеді – облыстық бюджеттен 816 млн теңгеге қосымша арнайы техникалар сатып алу жоспарланып отыр. Жалпы, бұл өзгерістің алғашқы нәтижелері де байқалып келеді. Жыл басынан бері аудан көлемінде 26 рет сенбілік ұйымдастырылып, оған 6,5 мыңнан астам тұрғын, 63 мекеме және 115 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 320 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» акциясы аясында тазалық мәдениетін қалыптастыру бағытында түсіндіру және бақылау жұмыстары жүргізіліп, 119 тұрғынға ескерту беріліп, 19 адамға әкімшілік айыппұл салынды. Алдағы уақытта бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасып, нәтижесі тұрғындардың күнделікті тұрмысынан айқын көрінеді деп күтілуде.

 

–Өзекті мәселелер төңірегінде кеңінен әңгіме өрбіткеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз. Алдағы жұмыстарыңыз жемісті болсын!

 

Сұхбаттасқан: Жайна МӘЛІМҚОЖА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT