Дарындыларды даралаған форум

 

Оқу жылының қорытындысына орай ауданымызда «DARYNFEST: болашаққа бағдар» атты дарынды балалар форумы ұйымдастырылды. Жыл бойы білім, ғылым, спорт және шығармашылық салаларында үздік нәтижелер көрсеткен оқушылардың жетістіктерін дәріптеуге арналған шарада 89 жас дарынның мерейі үстем болған шақ еді бұл.

Форумға аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлайна Махмудова қатысып, жас таланттарды құттықтап, олардың жетістіктеріне жоғары баға берді. Сондай-ақ шара барысында республикалық және облыстық олимпиадалардың жүлдегерлері, ғылыми жобалар байқауларының жеңімпаздары, спорт пен өнер саласында аудан намысын абыроймен қорғап жүрген шәкірттер салтанатты жағдайда аудандық білім бөлімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Форум мінберінде сөз алған үздік оқушылардың бірі Жігер Өтепқали білім мен ізденістің маңыздылығына тоқталды:

– Бүгінгі жетістіктеріміз – ұстаздарымыздың қажырлы еңбегі мен ата-аналарымыздың қолдауының нәтижесі. Бізге көрсетілген сенім мен қолдау үлкен жауапкершілік жүктейді. Елдің ертеңі білімді, бәсекеге қабілетті жастардың қолында. Сондықтан әрбір оқушы сапалы білім алып, өз мақсатына жету жолында аянбай еңбектенуі керек, – деді ол.

 

 

Қатысушылар көңілінен шыққан жас дарынның жүрекжарды лебізі білім мен еңбектің құндылығын тағы бір мәрте айшықтай түсті.

Форумда Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектеп директоры Жасұлан Алипов жас өрендердің білімге деген құштарлығы, ізденімпаздығы мен табандылығы ерекше атап айтып, аудан мерейін асқақтатып жүрген дарындылардың жетістіктері замандастарына үлгі боларын, олардың алдағы уақытта да биік белестерді бағындыратынын тілге тиек етті. – Бұл жетістіктер – оқушылардың өздерінің тынымсыз еңбегі, ата-ана мен ұстаздарының қолдауының арқасы. Бүгін марапат алып отырған әр шәкірттің жеңісінің артында үлкен ізденіс, табандылық және мақсатқа жетуге деген сенім жатыр. Осындай форумдар балалардың жігерін жанып, жаңа белестерді бағындыруға ынталандырады. Шәкірттеріміздің әр жетістігі - біз үшін зор мақтаныш. Алдағы уақытта да олардың облыстық,республикалық, халықаралық деңгейдегі сындарда ауданымыздың абыройын асқақтата беретініне сенемін, соған тілекшімін,-деді ол бізбен болған әңгімесінде.

«DARYNFEST: болашаққа бағдар» форумы дарынды балаларды қолдаудың, олардың еңбегін бағалап, жаңа жетістіктерге ынталандырудың жарқын үлгісі болды.


 Сағыныш ҚАЙЫР

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT