Дауыс беріп, жәрмеңкеге бет алған аққыстаулықтар

 

Бүгін Құрылтай депутаттарын сайлау күні Аққыстау ауылдық округінің орталығында ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Сайлау науқаны мен жәрмеңкенің қатар өтуі тұрғындарға бір күнде әрі азаматтық міндетін атқарып, әрі қажетті азық-түлігін тиімді бағамен сатып алуға мүмкіндік берді.

Жәрмеңкеде жергілікті шаруалар мен кәсіпкерлердің өнімдері ұсынылып, тұрғындар күнделікті тұтынатын азық-түліктерін таңдауда. Таңертеңнен ауыл орталығына жиналған жұртшылықтың қарасы қалың. Бірі алдымен жәрмеңкеге соғып, қажетті өнімдерін алып, кейін сайлау учаскесіне барып өз таңдауын жасауда. Ал енді бірі азаматтық борышын орындап, дауыс бергеннен кейін жәрмеңкеге ат басын бұрып жатыр.

Бұл – ауылдағы қалыпты тіршіліктің, елдік мәселеге бейжай қарамайтын тұрғындардың белсенділігін көрсететін көрініс. Жәрмеңке ауыл тұрғындары үшін қажетті өнімдерді бір жерден алуға мүмкіндік берсе, сайлау әр азаматқа ел болашағына қатысты өз таңдауын білдіруге жол ашып отыр.

Айта кетейік, аудандық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, Исатай ауданында дауыс беруге құқығы бар 15 678 сайлаушы тіркелген. Аудан аумағында жеті ауылдық округті қамтитын 15 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр.

Дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жалғасады.

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT