Диагнозға бағынбаған дарын

 

Ерекше білімді қажет ететін балалардың қоғамнан шет қалмай, өз қабілетін еркін дамытуына жағдай жасау – маңызды міндеттердің бірі. Сондықтан инклюзивті білім беру – уақыт талабы. Әр баланың жүрегінде тұнған талант бар, тек оны дер кезінде байқап, қолдау көрсету қажет. Осындай қамқорлық пен жүйелі еңбектің арқасында бүгінде көптеген бала өз мүмкіндігін дәлелдеп, биік белестерді бағындырып жүр. Соның бір айқын дәлелі – Аққыстау орта мектебінің 2-сынып оқушысы Диляра Жандосқызының жарқын жетістігі. Жас дарын қазақтың мұзбалақ ақыны Мұқағали Мақатаев мұрасын дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған «Мақатаев мұрасы – жас дарын» атты республикалық байқауына қатысып, І орын иеленді. Сонымен қатар елорда төрінде өткен дарынды оқушылар форумында арнайы төсбелгімен марапатталды.

Болашағынан зор үміт күттіретін Диляраның өмір жолы оңай басталған жоқ. Осыдан төрт жыл бұрын оған «жалпы тілінің кемістігі» диагнозы қойылған. Содан бері аудандық №4 психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінде логопед мамандардың тұрақты көмегін алып келеді. Бірақ тіліндегі кемшілік оның шығармашылыққа деген құлшынысына ешқашан тосқауыл бола алмады. Керісінше өнерге деген қызығушылығы оның сөйлеу қабілетінің дамуына серпін берген. Бүгінде Диляра түрлі ән байқаулары мен көркем сөз оқу сайыстарына қатысып, жүлделі орындар иеленіп жүр. Мамандар оның өнерге деген ерекше ықыласын байқаған болатын. Олар кішкентай бүлдіршіннің музыканы ерекше сезіну қабілетін байқап, домбыра үйірмесіне қатысуға кеңес берген. Қазір Диляра Шәмшиден Шәріпов атындағы балалар саз мектебінде домбыра аспабын меңгеріп, үлкен ізденіспен білім алуда. Жас өнерпаз жуырда ең талантты оқушылар қатысатын есептік концертте өнер көрсетуге дайындалып жүр. Кейіпкеріміздің  анасы Салтанат Матенова қызының әр жетістігін ерекше толқыныспен қабылдайтынын жеткізді.

– Қызымның әрбір жетістігін көрген сайын шынайы қуанамын. Осындай нәтижеге жетуімізге №4 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті мамандарының еңбегі зор деп есептеймін. Мамандардың тынымсыз еңбегінің арқасында қызымның тілі едәуір дамыды. Енді мамыр айында облыстық медициналық-психологиялық-педагогикалық кеңестің көшпелі комиссиясына барып, өзімізді дәлелдейміз деген сенімдеміз, -дейді анасы.

Расында да әр ата-ана үшін баласының жетістігін көруден асқан бақыт жоқ. Бүгінде №4 Исатай аудандық психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінде 71 бала есепте тұрса, оның 55-і логопед маманның бақылауында. Бұл көрсеткіш логопед, дефектолог мамандарының қоғамдағы рөлінің қаншалықты маңызды екенін аңғартады. Облыстық медициналық-психологиялық-педагогикалық кеңестің көшпелі комиссиясының қорытындысымен 2024 жылы 12 бала кабинет есебінен шығарылса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 19 балаға жеткен. Бұл – мекеме мамандарының жүйелі әрі нәтижелі жұмысының нақты дәлелі.

Тарихқа көз жүгіртсек, әлемге әйгілі ғалым Альберт Эйнштейн де төрт жасқа дейін дұрыс сөйлей алмағаны белгілі. Алайда бұл оның болашақта адамзат тарихындағы ең ұлы ғалымдардың біріне айналуына кедергі болмады. Демек, әр баланың қабілеті әртүрлі уақытта ашылады. Ең бастысы – оларға сенім мен қолдау көрсету. Диляра секілді балалардың жетістігі – табандылықтың, ата-ана мейірімінің және мамандар еңбегінің жемісі. Мұндай жарқын жетістіктер әлі талай жас дарынның бағын ашарына сенім мол.


Еркебұлан ЗИНЕДЕН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT