Сыбайлас жемқорлық – кез келген мемлекеттің дамуына елеулі қауіп төндіретін, қоғамның ішкі тұрақтылығына кері әсер ететін ең өзекті мәселелердің бірі. Ол елдің экономикалық дамуын тежеп қана қоймай, халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін әлсіретеді, заң үстемдігі мен әділдік қағидаттарына нұқсан келтіреді. Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күрес – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі ғана емес, әрбір азаматтың азаматтық ұстанымы мен ортақ жауапкершілігі болуы тиіс.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мемлекеттік саясаттың негізгі басым бағыттарының біріне айналып отыр. Мемлекет тарапынан бұл індеттің алдын алу, қоғамда әділдік пен ашықтық қағидаларын қалыптастыру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Өйткені әділетті қоғам құрудың негізі – адалдық, парасаттылық және заңға құрмет.
Сыбайлас жемқорлық заман ағымына қарай түрлі сипатта көрініс тауып, қоғамның әр саласына дендеп енуі мүмкін қауіпті құбылыс. Әсіресе қоғамдық бәсекелестік күшейген, материалдық құндылықтар алдыңғы орынға шыққан ортада оның таралу қаупі жоғары болады. Бұл мәселе дамушы мемлекеттер үшін аса өзекті. Өкінішке қарай, мұндай келеңсіз құбылыс біздің еліміздің де дамуына өз әсерін тигізбей отырған жоқ. Сондықтан қоғам болып жемқорлыққа қарсы иммунитет қалыптастыру – уақыт талабы.
Бүгінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте жазалау шараларынан бұрын оның алдын алу мәселесіне басымдық берілуде. Бұл ретте қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың маңызы зор. Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет – қоғамда жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыруға бағытталған құндылықтар жүйесі ретінде айқындалған. Исатай аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі тарапынан да сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.
Атап айтқанда, ұжым қызметкерлері арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, мемлекеттік қызметшінің әдеп нормаларын сақтау, ашықтық пен жариялылық қағидаларын нығайту мақсатында түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде ұйымдастырылады. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамалар түсіндіріліп, қызмет барысында туындауы мүмкін тәуекелдердің алдын алу бағытында профилактикалық шаралар жүзеге асырылуда.
Қоғамды дендеген жегі құртпен күрес – үздіксіз жүргізілетін маңызды процесс. Бұл бағыттағы жұмыстар тек заң шеңберінде ғана емес, қоғамдық сана арқылы да жүзеге асуы тиіс. Әр адам өз отбасында, еңбек ұжымында, қоғам арасында адалдық пен әділдік қағидаларын насихаттап отырса, біз жемқорлықсыз қоғам қалыптастыру жолында үлкен нәтижеге қол жеткіземіз. Сондықтан әрбір азамат заңды құрметтеп, адал еңбек ету арқылы қоғамның дамуына өз үлесін қосуы қажет. Өйткені ел болашағы – әділдік пен тазалықты ту еткен саналы қоғамның қолында. Адалдық үстемдік құрған жерде ғана тұрақты даму мен жарқын болашақ болады.
Айбатыр БЕКІШҰЛЫ,
аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы

