«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» аумақтық коалициясы мүшелерінің жастармен экспромт-кездесуі

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауы ел дамуының жаңа кезеңін айқындаған маңызды стратегиялық құжат ретінде бағалануда. Онда саяси жүйені жаңғырту, мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру және халықаралық ынтымақтастықты нығайту бағытындағы нақты міндеттер белгіленген. Соның ішінде парламенттік реформалар мәселесі қоғам назарында тұр.

Осыған орай Исатай аудандық Жастар ресурстық орталығында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Маңызды кездесуге аудандық мәслихат төрағасы Аманжол Рахметов, мәслихат депутаты Асхат Жұмабеков және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Насимуллин қатысып, жастармен ашық пікір алмасты.

 

 

Кездесу барысында Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген парламенттік реформалардың мәні мен маңызы кеңінен талқыланды. Аманжол Рахметов өз сөзінде бұл бастаманың жай ғана құрылымдық өзгеріс емес екенін атап өтті.

– Парламенттік реформа – саяси жүйені жетілдірудің негізгі тетігі. Бұл – билік пен қоғам арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Егер реформа жүйелі әрі сауатты жүргізілсе, саяси шешімдер ашық қабылданып, қоғамға түсінікті әрі тиімді болады, – деді ол.

Жиында бір палаталы Парламент құру жөніндегі ұсыныс та қозғалды. Қазіргі таңда елімізде қос палаталы Парламент жұмыс істейді, жоғарғы палата – Сенат, төменгі палата – Мәжіліс. Ұсынылып отырған өзгерістер заң шығару үдерісін оңтайландыруға, жауапкершілік пен тиімділікті арттыруға бағытталғаны айтылды.

 

 

Сонымен қатар Конституцияның 49–63-баптарында Парламенттің мәртебесі мен өкілеттіктері айқын көрсетілгені, сондықтан мұндай өзгерістер жалпыхалықтық референдум арқылы жүзеге асырылатыны түсіндірілді. Бұл – ел болашағына қатысты маңызды шешімді халықтың өзі қабылдайды деген сөз.

Ерболат Насимуллин де сөз алып, Конституция баптарына қысқаша тоқталып, жастарға құқықтық тұрғыда түсінік берді. Ол ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін жеткізіп, жастардың да белсенді көзқарасы маңызды екенін атап өтті.

Жастар өз кезегінде жергілікті деңгейдегі саяси үдерістерге қатысу, заң мен тәртіп, сөз бостандығы және азаматтық жауапкершілік мәселелері төңірегінде сауалдар қойды. Спикерлер жастардың ұсыныстары ескерілетінін, олардың бастамалары өңірлік саясатты жетілдіруге серпін беретінін айтты.

 

 

Ашық форматта өткен дөңгелек үстел еркін пікір алмасу алаңына айналды. Кездесу жас буынның саяси мәдениетін арттырып, азаматтық ұстанымын нығайтуға ықпал етті. Мұндай тағылымды басқосулар жастардың ел тағдырына бейжай қарамай, қоғам өміріне белсенді араласуына жол ашады.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT