Қазіргідей күрделі уақытта әлемді алаңдатқан жайттар аз емес. Соның бірі – суицид. Кейбір деректерде оның жыл сайын 700 000-нан астам адамның өліміне себепші екендігін білгенде бейжай қала алмайсың. Бір сәт мұның себебі неде, ол қайдан, қалай пайда болып жатқан дерт деген де сауалдар мазалайтыны рас. Ол жөнінде тарқата қарасаң, бұның қоғамда денсаулық сақтауға байланысты жаһандық проблемаға айналғанын, одан болатын өлім-жітімнің көпшілігі (77%) табысы төмен немесе өмір сүруі орташа елдерде кездесетіні туралы деректерге кезігесің. Суицидтің қоғамға, сондай-ақ өзін-өзі өлтіретін адамдардың әлеуметтік ортасына, достары мен туыстарына кері әсері барын да айтады мамандар.
Білгеніміздей, өз-өзіне қол жұмсау кезінде қаза тапқандардың шамамен 20-дан астамы суицид жасағандар екен. Бұл елге, аймаққа, жынысқа, жасына және өзін-өзі өлтіру әдісіне байланысты әртүрлі болып келеді.
Суицид – бұл ауыр жан күйзелісі мен үмітсіздіктің салдарынан туындайтын күрделі әлеуметтік және психологиялық мәселе. Суицидке бейімділігі бар көптеген адамдар психикалық аурумен ауырмайды, ал психикалық ауытқулармен өмір сүретін адамның көпшілігі өз өмірін жоғалтқысы келмейді. Суицидке толы дағдарыстық жағдайларда өткір психологиялық стрестің, созылмалы ауырсынудың, зорлық-зомбылық тәжірибесінің, сондай-ақ әртүрлі әлеуметтік факторлардың болуы сияқты бірқатар себептік және ілеспе факторларды ескеру қажет.
Суицидтік мінез-құлықтың қарапайым түсіндірмесі жоқ. Бұл ешқашан жалғыз факторға немесе оқиғаға байланысты емес. Адамды өз-өзіне қол жұмсауға итермелейтін жайттар өте көп және күрделі. Суицидтік мінез-құлықтың себептерін түсінуге тырысқанда физикалық және психикалық денсаулық жағдайын, өмірдегі стрестік оқиғаларды, сондай-ақ әлеуметтік және мәдени факторларды ескеру керек.
Өкінішке қарай, көптеген адамдар мұндай қадамға жалғыздықтан, шарасыздықтан немесе тығырықтан шығар жол таппағандықтан барады. Бірақ шын мәнінде, әрқашан көмек пен қолдаудың жолы бар.
Суицидтің себептеріне үңілсек, оған психикалық бұзылыстар (депрессия, үрей, биполярлы бұзылыс және т.б.), жеке өмірдегі қиындықтар (отбасылық жанжал, махаббат мәселелері), қаржылық немесе әлеуметтік қысым, балалар мен жасөспірімдер арасындағы буллинг пен өзін-өзі бағалаудың төмендігі, сондай-ақ жалғыздық, қоғамнан оқшаулану бірден-бір себепші екен. «Бұл жағдайлар адамның үмітін үзіп, болашақтан жақсылық күтпеуге итермелеуі мүмкін» дегенді көлденең тартады мамандар.
Дүниені дендеген бұл дерттен адамдардың өмірін сақтап қалудың жолы бар ма? Тағы да мамандарға жүгінсек, психологиялық көмек - өмірді сақтап қалудың жолы. Суицидке бейім адамдар көп жағдайда көмек сұрауға ұялатынын немесе өзін ешкім түсінбейді деп ойлайтынын ескерсек, мұның кім-кімге де, соның ішінде өмірді әлі түсініп, жетілмеген балаларымыз үшін қауіптілігі көбі амалсыз алаңдатады.
Оларға психологиялық көмектің әсері қандай болады? Мамандардың айтуынша «ойларын сыртқа шығаруға мүмкіндік береді, күйзеліс пен мазасыздықты жеңілдетуге көмектеседі, адамның өмірге деген көзқарасын өзгертеді, шешім қабылдауда қолдау көрсетеді» дейді.
Қазіргі таңда Қазақстанда да түрлі көмек желілері мен орталықтар жұмыс істейді. Мысалы, 111 сенім телефоны арқылы балалар мен жасөспірімдер көмек ала алатын болған. Сонымен қатар онлайн психологиялық кеңестер де қолжетімді бола бастаған. Бұл жерде суицидпен күрес тек мамандардың жұмысы емесін, әрбір адам - досы, ата-анасы, мұғалімі немесе әріптесі ретінде — жақындарының көңіл-күйін ба-қылап, қажет кезде көмек қолын созуы тиістігін де айтпай кетуге болмайды.
Біз кәмелетке толмағандар арасындағы суицид фактілерінің алдын алу, суицидке ұмтылған балаларды өмірге қайта бейімдеу және оңалту жұмыстары бойынша аудандық білім бөлімінің педагог-психолог әдіскері Губашева Айбарша Нәрікқызын да әңгімеге тарттық.
- Атырау облысы білім беру басқармасының Исатай ауданы білім бөліміне қарасты білім беру ұйымдарында 2025-2026 оқу жылындағы жалпы оқушы саны-5094. 5-11 сынып аралығындағы 3122 жасөспірімге АСППМ HR+ (Автоматтандырылған әлеуметтік-психологиялық мониторинг) платформасы арқылы диагностика жүргізілуде,-деді ол.
Айтуынша, ақпан айындағы диаг-ностика нәтижесіндегі ақпаратта аудандағы 12 мектеп бойынша 4133 оқушы «жасыл» (қалыпты деңгей), 1125 оқушы «сары» (алаңдаушылық деңгей), ал 84 оқушы «қызыл аймаққа» (ерекше назар, яғни бақылауға алынатын деңгей) шыққан. Олармен тиісті жұмыстар жүруде.
-Жалпы білім беретін ұйымдарда педагог-психологтар оқушыларды диагностикадан өткізу үшін ең бірінші ата–анадан келісім алады. Ата-ана келісім берген жағдайда есепке алынады. Барлық мектепте білім алушыдан 1-4, 5-9, 10-11 сыныптарға арналған арнайы дайындалған диагностика жүргізіледі. Диагностикадан өту барысында оқушы сұрақтарымен толық таныспай белгілесе бірден «қызыл аймаққа» шығады. Ол оқушымен сол кезде жеке сұхбаттасу жүргізіледі. Жеке сөйлесу барысында ол оқушыда ешқандай мазасыздық жоқ екендігі анықталса, «кеңес журналына» тіркеледі. Ал егер сөйлесіліп, мазасыздық анықталған жағдайда ол оқушымен «Менің отбасым», «Жаңбыр астындағы адам», «Бек үмітсіздік шкаласы», «Болмаған жануар» атты диагностикалар жүргізу қолға алынады. Оның қорытындысында «қызыл аймақ» тағы көрсетілген болса, мектептің ішкі есебіне яғни ерекше назар тізіміне алынады. Ал ата-анамен түсінік жұмыстары жүргізіледі. Оларға баласының жағдайын бақылау тапсырылады,-дейді Айбарша Нәрікқызы.
Маманмен әңгіме кезінде ауданда өткен жылдың қарашасында мектеп гимназиядағы 8-сынып оқушысының суицид жасауға әрекет оқиғасы бойынша жасөспіріммен жүргізіліп жатқан жұмыстардың оң нәтижелері көрініс беретінін де білдік.
Мамандардың пікірінше, суицид белгілері білінген адаммен ашық сөйлесу, оны тыңдау және қажетті көмекті ұсыну өте маңызды. Жалпы алғанда суицид - қайтымсыз қадам. Алайда оны болдырмау үшін қоғам болып күресіп, отбасымызда, ортамызда бір-бірімізге қамқорлық таныта жүруіміз қажет-ақ. Өмірде қандайма мәселеде де әрқашан шешім бары, әрбір адам қолдауға лайық екені есте ұстар жайт.
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

