Аққыстау ауылдық округіндегі №133 сайлау учаскесіне тіркелген параспортшы Медет Сұпығалиев те бүгінгі маңызды саяси науқанға қатысып, өз таңдауын жасады.
Пара армрестлингпен айналысатын спортшы республикалық және халықаралық деңгейдегі түрлі жарыстарда бақ сынап, жүлделі орындардан көрініп жүрген тәжірибелі спортшылардың бірі. Спорттағы әр сайысқа үлкен дайындықпен шығып, қайсарлығы мен жігерін көрсетіп жүрген Медет үшін ел өміріндегі маңызды науқанға қатысу да азаматтық жауапкершіліктің бір көрінісі.
Денсаулығына байланысты сайлау учаскесіне келе алмайтын азаматтардың дауыс беру құқығы шектелмеуі үшін қажетті жағдай жасалған. Осыған орай №133 сайлау учаскесінің комиссия мүшелері Медет Сұпығалиевтің үйіне арнайы барып, оның дауыс беруіне мүмкіндік берді.
Осылайша параспортшы үй жағдайында өз таңдауын жасап, ел болашағына қатысты азаматтық ұстанымын білдірді.
№133 сайлау учаскесінде жалпы 1396 дауыс беруші тіркелген. Учаске мүшелері дауыс берушілердің барлығына заң талаптарына сәйкес өз таңдауын еркін жасауына жағдай жасауда.
Спортта талай додада бақ сынап жүрген Медет Сұпығалиевтің бүгінгі таңдауы да – қоғам өміріне белсенді араласудың, азаматтық жауапкершіліктің жарқын үлгісі. Оның сайлау учаскесіне бара алмаса да, өз дауысын беруі әр азаматтың таңдауы маңызды екенін аңғартады.


