Дойбы додасындағы даралар

 

Спорт күніне орай ауданымызда мүгедектігі бар жандар арасында дойбыдан ашық турнир ұйымдастырылды. Аудан әкімдігінің қолдауымен өткен додаға аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен «Ер жүректілер» қоғамдық қоры мұрындық болды.

Жарыстың негізгі мақсаты – мүгедектігі бар жандардың спортқа деген қызығушылығын арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау, бос уақыттарын тиімді ұйымдастырумен қатар, олардың зияткерлік қабілеттерін дамыту. Сондай-ақ өзара достық қарым-қатынасты нығайтып, қоғамның белсенді өміріне араласуына мүмкіндік жасау – шараның басты бағыттарының бірі. Турнирдің ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Рашид Мұқанов жарыстың маңыздылығына тоқталып, алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру қажеттігін атап өтті.

 

 

– Бүгінгі жарысқа қатысып отырған барша азаматтарға алғысымды білдіремін. Осындай спорттық шараға белсенділік танытып, өз үлестеріңізді қосып отырғандарыңыз қуантады. Бұған дейін мүгедектігі бар жандар арасында мұндай спорттық жарыстарды ұйымдастыруға тиісті деңгейде көңіл бөлінбей келгені рас. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстарды жандандырып, спорттық шараларды тұрақты түрде әрі көбірек ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар мүгедектгі бар жандардың спортпен тұрақты түрде айналысуына жағдай жасау мақсатында арнайы кабинет бөліп, онда спорттық жаттығулар өткізу және кәсіби нұсқаушының көмегімен спортқа баулу жоспарда бар. Біздің тағы бір мақсатымыз – ауданымыздағы әр азаматқа спортпен айналысуға мүмкіндік жасау, олардың қабілеті мен талантын шыңдау. Бүгінгі жарыстар арқылы болашақта аудан намысын облыстық және республикалық деңгейдегі додаларда абыроймен қорғайтын жеңімпаздар мен жүлдегерлерді дайындасақ деген ниетіміз бар, – деді Рашид Тасанұлы.

 

 

Шараға Атырау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты мүгедектер спорт клубының директоры Есенгелді Пазылғалиев те қатысып, жарысқа келген спортшыларға сәттілік тіледі. Зияткерлік бәсекеге барлығы 18 спортшы қатысты. Олардың қатарында есту қабілеті төмен, көру мүмкіндігінен айырылған және тірек-қимыл аппараты зақымданған жандар бар. Жарыста жас ерекшелігіне шектеу қойылмады. Соған қарамастан, тақта басындағы текетірес тартысты өтіп, әр қатысушы жеңіске деген жігерін таныта білді.

 

 

Жарыс қорытындысына сәйкес жүлделі ІІІ орынды Аққыстау ауылынан қатысқан Руслан Жоламанов жеңіп алса, Хамит Ерғалиев ауылының тумасы Темірбек Сапаров ІІ орынды қанжығасына байлады. Ал қарсыластарынан оқ бойы озық шыққан тұщықұдықтық Батырбек Сағынғалиев І орынды иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ұйымдастырушылар атынан медальдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

 

Еркебұлан УАЛИТХАН

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT