Достықты шыңдаған таңдау

 

Журналистика – тек мамандық қана емес, адамдардың тағдырын тоғыстырып, өмірлік достыққа бастайтын үлкен мектеп. Ақпарат айдынында қатар жүзіп, бір мақсатқа ұмтылған жандардың арасында ерекше байланыс қалыптасады. Осындай достықтың жарқын үлгісін өңірімізге жақсы таныс қос  жас журналист  «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының Атырау облысындағы филиалына қарасты «Атырау» телеарнасының тақырыптық хабарлар бөлімінің редактор-жүргізушілері – жерлестеріміз Асылжан Зинеден және  Фархат Өмірзақовтың өмір жолынан көруге болады. Бір аудиторияда білім алып, бір ортада шыңдалған олар бүгінде журналистикадағы сенімді әріптес, өмірдегі адал дос ретінде көпшілікке үлгі болып келеді.

Олардың таныстығы 2021 жылы Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде басталды. Журналистика мамандығын таңдаған Асылжан мен Фархат  бір аудиторияда білім алып, студенттік шақтың қызығы мен қиындығын бірге өткерді. Сол кездегі қарапайым достық уақыт өте келе берік әріптестікке, шынайы бауырластыққа ұласқан.

 

 

Фархат  Ерболұлы құм жиегіндегі Исатай ауылында дүниеге келген. Ауылдың ала құмында асыр салып өскен ол қарапайымдылық пен шынайылықты өмірлік ұстанымына айналдырған. Үшінші сыныптан кейін қалаға көшіп кеткенімен, туған жерден алған тәрбиесі мен болмысын жоғалтқан емес. Сөз өнеріне деген қызығушылығы оны журналистика жолына жетелеп, студенттік шағында-ақ үлкен медианың есігін ашты.

–Бірінші курс аяқталған тұста маған «Атырау» телеарнасынан шақырту келеді. Бір қызығы, журналист ретінде емес, жайдарманшы ретінде қонақ болып шақырылған болатынмын. Алайда дәл осы мүмкіндік менің телевизия саласындағы еңбек жолымның басталуына себеп болды. Содан бері өңірдің қара шаңырағы саналатын телеарнада табан аудармай қызмет етіп келемін. Әрине бұл саладағы жетістіктің бәрі тәжірибемен келеді. Жинаған тәжірибем тек жұмыста ғана емес, қоғамдық ортада да, күнделікті өмірде де еркін сөйлеп, ойымды ашық жеткізуге үлкен септігін тигізді. Әсіресе іссапармен ауыл-аймақтарды аралаған кезде ақсақалдардың ақ батасын алып, қарапайым тұрғындардың біздің хабарларымызды жатқа айтып жүргенін көру – мен үшін ерекше қуаныш әрі зор мотивация. Өзім үшін ең жақын әрі жүрегіме ыстық жоба – «06 Аймақ» бағдарламасы. Себебі бұл бағдарлама арқылы Атыраудың мақтаныштарына айналған тұлғаларды, әр саланың үздіктерін көрерменге кеңінен таныстырып келеміз. Сонымен қатар осыдан жиырма жыл бұрын жұлдызы жарқырап, бүгінде экраннан сирек көрінетін аға-әпкелерімізді студия төріне шақырып, олардың көпшілік біле бермейтін қырларын ашуға мүмкіндік алдық. Сондықтан да көрермені қалыптасқан, жанкүйері мол бұл бағдарламаның орны мен үшін әрдайым бөлек,- дейді ол бізбен болған әңгімесінде.

 

 

Иә  кейіпкеріміздің телеарнадағы шымылдығы  «Атырау таңы» бағдарламасының жүргізушісі болуымен түріліп, халыққа таныла бастады. Сонымен қатар «Oil Up Show» авторлық жобасын жүзеге асырып келсе, «Дос болайық» телебағдарламасын тізгіндеп, жемісті еңбек етіп келеді.

Ал Асылжан Әзидоллаұлы – Хамит Ерғалиев ауылының тумасы. Қарапайым отбасында тәрбиеленген ауыл баласы журналистика мамандығын жүрек қалауымен таңдаған. Жастайынан сөз құдіретіне қызығып, қоғамдық мәселелерге бейжай қарамай өскен ол да өз арманын жүзеге асыру үшін университет қабырғасына келді. Сол жерде әріптесі Фархатпен танысып, ортақ мақсат пен ортақ мамандық олардың достығын бекемдей түсті. Қос жас университет аудиториясынан гөрі студияда көп уақыт өткізгендерін әзілмен еске алады. Студенттік жылдары тәжірибе жинап, түрлі спикерлермен сұхбаттасып, кәсіби ортада шыңдалды. Бұл олардың болашақ маман ретінде қалыптасуына үлкен мектеп болды.

 

 

– Ең алдымен бұл жұмыс маған жауапкершілікті үйретті. Себебі аптасына үш бағдарламаны эфирге шығару үшін түсірілім мен монтаж жұмыстарына уақыт қажет. Бізде жұмыс аптасы бес күн болғандықтан аз уақыттың ішінде сапалы дүние дайындауды үйрендік. Әр минутты тиімді пайдалану маңызды. Менің ең сүйікті бағдарламам –«Ауылым» жобасы. Осыдан үш жыл бұрын бұл жобаны алдыңғы буын әріптесім Раушан Нұрболатқызынан қабылдап алдым. Шүкір, бүгінде осы бағдарлама арқылы өңірімізді аралап, Атырау облысының жеті ауданына қарасты ауылдардың тарихымен, тыныс-тіршілігімен және түрлі еңбек адамдарымен таныстым. Бір жағынан кәсіби тұрғыдан ең көп шыңдаған жоба да осы болды. Бағдарлама алдында баратын ауылым туралы көбіне интернеттегі аз ғана ақпаратқа сүйенесің. Ал алдыңда қандай тосын оқиға немесе қызықты кейіпкер күтіп тұрғанын білмейсің. Өзіңе берілген 5-6 сағаттың ішінде көрерменге ұсынатын 20-30 минуттық бағдарламаға жеткілікті материал жинап үлгеруің керек. Бұл әр сапарда журналист ретінде тәжірибеңді арттырады. Сонымен қатар тікелей эфирде қызықты оқиғалар жиі болады. Әр сөзіңе мұқият болуың қажет. Кейде бір сөзді қате айтып, ертеңіне әлеуметтік желінің жұлдызы болып кетуің мүмкін. Сондықтан эфирде қателесуге болмайды. Дегенмен алғашқы эфирлерімнің бірінде «Қымыз ішіп, көлік жүргізбеңіз!» деген тақырып талқыланды. Эфир барысында «ішімдік иісі» деген ұғымды түсіндіре алмай, амалсыз «перегар» деп айтып жібергенім есіме түссе, әлі күнге дейін күлемін әрі ұяламын. Өйткені тікелей эфир кез келген журналистің кәсіби шеберлігін сынға салатын үлкен мектеп,- деген ол журналистерге кәсіби шеберлік тәжірибе арқылы келетінін тілге тиек етті.

 

 

Кейіпкерлеріміз бүгінде көрерменге жақсы таныс «Жұмысым – осындай», «06 Аймақ», «Ауылым» секілді телебағдарламалардың тізгінін бірге ұстап келеді. Журналистика саласындағы серіктестіктері ғана емес, өнердегі достықтары да көпшілікке үлгі. Фархат пен Асылжан студенттік шақтан бастап Жайдарман сахнасында қатар өнер көрсетіп, талай белесті бірге бағындырды. Олар құрамында болған «Геолог» командасы 2022 және 2023 жылдары Атырау облыстық Жайдарман жоғары лигасының екі дүркін чемпионы атанса, 2023 жылы республикалық «Батыс Nomad» Жайдарман лигасының жеңімпазы болды.

 

 

Жылдар бойы нығайған достық бүгінде де өз жалғасын тауып келеді. Өздерінің айтуынша, басқа достарынан гөрі екеуінің бірге түскен суреттері әлдеқайда көп. Бұл – олардың өзара сыйластығының, берік сенімінің және талай қиындық пен қуанышты бірге бөліскен шынайы достықтың үлгісі болмақ. Туған ауылдарынан үлкен арман жетелеп шыққан қос жас бүгінде өңірлік журналистиканың белді өкілдеріне айналып отыр. Ақпарат айдынында қатар жүзіп келе жатқан Фархат пен Асылжанның табанды еңбегі, шығармашылық ізденісі мен кәсіби жетістігі– жастарға өнеге, ал туған өлкесі үшін мақтаныш. Достықтары баянды, қаламдары қуатты болып, эфирдегі еңбектері әрдайым жемісті болғай! 

Сағыныш САЙЛАУБАЙҚЫЗЫ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT