Дәрігерлер еңбегіне дән ризамын

 

Қай салада, ондағы қандайма ұжымда болсын өзінің жұмысына шынайы беріле атқаратын адамдарды еңбекқор жан екен деп риза болып жатамыз. Меніңше, сол еңбекқорлық сол адамның өз ісін сүйіп атқаруынан, соған шынайы ниет қоюынан басталады.  

Ауыл дәрігерлеріне қаралып, ауылдағы Исатай аудандық ауруханасына қарасты Жанбай дәрігерлік амбулаториясының күндізгі стационар бөлімшесіне барып ем алып жүрдім, системаға жаттым, дәрілер қабылдадым. Былайғы уақытта көп аңдай бермейміз ғой, осы жолы ауылдастарымның осындағы аға дәрігер Нухы Бекет Ғалымжанұлының есімін неліктен риза бола айтып жүретіндеріне көзім жетті десем болады. Бұл жігіт - Астанада 9 жыл оқып, өз ауылына дәрігер болып оралған азамат. Оның еңбекқорлығы сондай, ауырып барған үлкен-кішінің бәріне жүгіріп жүріп қызмет етеді десем өтірік емес. Науқастың жағдайын тәптіштеп сұрап, қажетті ем-домын да біліктілікпен белгілейді екен. Осы бір қасиеттері мені де еріксіз риза қылды. Шынымды айтар болсам, аудан орталығындағы ауруханада да 10 күн жатып емделгенімде осы Бекеттей риза қылған дәрігер болмады. 

 

 

Ауылдық амбулаториядағы тағы бір дәрігер Дәбер Анель Елдосқызы негізі Жамбыл облысының қызы. Жолдасы – әскери қызметкер, қазіргі уақытта Жанбайдағы шекара заставасында қызмет етеді, әскери шені лейтенант екен. Бұл дәрігер де өте білікті, білімді әрі сондай еңбекқор жан екенін көрдім. Мен дәрігермін деп тұрмайды, медбикенің жұмысын да өзі атқара беретінін, тіпті кейбір ауруларға өзі аяқтай барып, ем-дом жасай беретінін білгенде нағыз еңбекқор жан екен дедім. Осында еңбек ететін фельдшер Кариматова Қырмызы Кариматқызы мен медбике Шагирова Жансая Аманқызының жұмысына да көпшілік риза.  Қырмызы осы салада 20 жылдай, ал Жансая 25 жыл тер төгіп келе жатқан мамандар екен. Екеуі де өз жұмыстарына өте тиянақты қарайтын жандар екеніне кейде үйге аяқтай келіп ем-домдарын жасағанында қаныға түскенім рас.

 

 

Адам үлкейгесін түрлі ауру-сырқау да үйір болады ғой. Сондайда облыс, аудан ауруханаларына жатып ем алып та көрдім, бірақ ауыл дәрігерлеріндей сөзі де, емі де жанға шипа болып көрінер еңбекқор жандарды кездестірмеген екенмін. Ауылдастарымнан да естіп-біліп жүргенімдей, оларды қалай мақтасақ та, солармен қалай мақтансақ та болады екен. Сол ризашылық қолыма қалам алғызып, осы бір мақаламды аудандық газетке жолдауыма түрткі болды. Осындай еңбекқор, білікті дәрігерлер көбейе бергей, жұмыстары жемісті болғай деймін.

Мырзажан БАЛПАНОВ,
Жанбай ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT