Дәстүрден ажырамаған дін адастырмайды

 

Қай кезеңде де дін адам баласының ішкі дүниесін байытып, ізгілікке, сабыр мен парасатқа жетелеп отырған. Ұлы дала төсінде қалыптасқан қазақ халқының дүниетанымы да дін мен дәстүрдің үйлесімді сабақтастығымен ерекшеленеді. Ата-бабаларымыз ислам дінін ұстана отырып, ұлттық болмысты, салт-сананы, әдет-ғұрыпты сақтай білді. Осылайша рухани құндылықтар ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, қоғамның беріктігі мен бірлігінің негізіне айналды. Алайда жаһандану дәуірінде ақпарат ағынының күшеюі, әсіресе әлеуметтік желілердің ықпалы жастардың дүниетанымына түрлі бағытта әсер етуде. Осындай кезеңде діни сауаттылықты арттыру, дәстүрлі құндылықтарды насихаттау және теріс діни ағымдардың алдын алу – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Бұл бағыттағы жұмыстар еліміздің әр өңірінде жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.

Солардың бірі – ауданымызда қолға алынған кешенді ақпараттық түсіндіру шаралары. Аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі жылдық жоспарға сәйкес, әлеуметтік тапсырыс аясында экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізуде. Бұл бастамалардың басты мақсаты – жастардың діни сауатын қалыптастыру, олардың санасына ұлттық және рухани құндылықтарды сіңіру, сондай-ақ қоғамды жат ағымдардың ықпалынан қорғау. Осы мақсатта облыс көлемінде танымал дінтанушыларды шақырып, түрлі әлеуметтік топтармен мазмұнды кездесулер ұйымдастыру дәстүрге айналған. Осыған орай Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің аға оқытушысы, Түркия елінде білімін жетілдіріп, діни-тарихи бағытта терең ізденіс жүргізген білікті маман, облыс аймағына кеңінен танымал дінтанушы, тарихшы Ернар Амандықұлымен биыл да аудан тұрғындарымен кездесу ұйымдастырылып отыр. Ернар Амандықұлының қатысуымен  ауданымызда өткен кездесулер тағылымы мол, мазмұны терең іс-шаралар ретінде есте қалды. Бұл кездесулер ауданымыздың батыс аймағында орналасқан Исатай, Зинеден, Жанбай және Нарын ауылдық округтерін қамтып, барлығы бес мәрте ұйымдастырылды. Екі күнді қамтыған іссапардың өзіндік мәні мен мағынасы болды.

Алғашқы басқосу Исатай ауылында өтті. Мұнда мектеп оқушылары мен жергілікті тұрғындар жиналып, ашық пікір алмасу алаңы қалыптасты. Жастар көкейіндегі сауалдарын қойып, діннің мәні, сенімнің орны, ақпаратты дұрыс қабылдау жайында тұшымды жауаптар алды. Әсіресе интернет кеңістігіндегі діни ақпараттарды сараптау мәселесі кеңінен қозғалып, жастарға дұрыс бағыт-бағдар берілді. Зинеден ауылындағы мектепте өткен кездесу де ерекше мазмұнға ие болды. Бұл шараға 85 адам қатысып, дін мен дәстүрдің сабақтастығы, отбасы тәрбиесінің маңызы жайында ой қозғалды. Ата-аналар мен ұстаздар үшін бұл кездесу үлкен тәжірибе алаңына айналды. Жұма күні Жанбай ауылындағы Әйтеке би мешітінде өткен кездесу жамағаттың рухани сұранысына жауап берген маңызды жиын болды. Мұнда діннің қоғамдағы рөлі, имандылықтың мәні, бірлік пен татулықтың маңызы кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар Нарын ауылдық клубы мен мектебінде ұйымдастырылған шаралар да тұрғындардың қызығушылығын арттырды. Жалпы алғанда, Исатай ауылындағы кездесуге 70 адам қатысса, өзге ауылдардағы жиындарда да халықтың белсенділігі жоғары болды. Бұл – тұрғындардың рухани мәселелерге бейжай қарамайтынын аңғартады. Кездесулер барысында Ернар Амандықұлы жастардың теріс діни ағымдардың ықпалына түсуінің бес негізгі белгісін атап өтті.

Теріс діни ағымдардың ықпалына түскен адамды тану үшін аса күрделі білімнің қажеті жоқ, оны күнделікті өмірдегі қарапайым белгілерден-ақ аңғаруға болады. Ең алдымен, оның тілінен өзгеріс байқалады. Қазақша баламасы бар сөздерді біле тұра, орынсыз арабша қолдануға әуестенеді. Бұл – жай ғана сөз ауыстыру емес, бұл – сананың өзгеруі, өз болмысынан біртіндеп алыстай бастаудың көрінісі. Дін ешқашан тілден биік тұрмайды, керісінше, әр халық өз дінін өз тілі арқылы түсініп, жүрегіне сіңіреді. Келесі белгі – ата-бабадан аманат болып келе жатқан салт-дәстүрге қарсы шығу. Қазақ үшін дәстүр – рухани тірек, ұлттық код. Оны жоққа шығару – тамырынан ажыраумен тең. Дін мен дәстүрді бір-біріне қарсы қою – үлкен қателік, өйткені екеуі де адамды ізгілікке бастайтын қос арна. Үшінші, ең ауыр белгі – ата-анаға қарсы келу. Өзін өмірге әкеліп, тәрбиелеген ата-анасын намаз оқымайды деп айыптап, тіпті оларды теріс көзқараспен қабылдау – діннің емес, адасудың белгісі. Исламда ата-ананы құрметтеу – ең жоғары міндеттердің бірі. Қандай жағдай болмасын, ата-ананың қадірін білу – имандылықтың негізі. Төртінші белгі сыртқы келбеттен көрінеді. Ер адамдардың балағын шолтитып, ал әйелдердің бетін тұмшалап, қоғамнан оқшаулануға ұмтылуы – белгілі бір жат түсініктің сыртқы көрінісі. Киім адамды емес, адам киімді көркемдеуі керек. Ал шектен тыс ерекшелену көбіне бөлінуге, қоғамнан алшақтауға алып келеді. Бесінші белгі – мемлекеттің заңдарын мойындамау. Бұл – аса қауіпті ұстаным. Заң – қоғамның тірегі, елдің тыныштығы мен тұрақтылығының кепілі. Қазақтың қайсар  батыры Бауыржан Момышұлы «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген. Бұл сөздің мәні терең: тәртіпке бағыну – еркіндікті шектеу емес, керісінше, саналы өмір сүрудің айғағы. Осы белгілердің барлығы бір адамның бойынан көрініс бере бастаса, оның дұрыс жолдан адасып бара жатқанын аңғару қиын емес. Мұндай жағдайда ең бастысы – оны жазғыру емес, түсіндіру, алыстату емес, жақындастыру. Өйткені әрбір адасқан жанға дұрыс бағыт көрсету – баршамызға ортақ міндет,- дейді ол.

 

 

Бұл мәліметтер ата-аналар мен педагогтар үшін аса маңызды бағыт-бағдар болды. Сонымен қатар ол әлеуметтік желілерде діни мазмұндағы ақпараттарды тарату заңмен шектелетінін, мұндай іспен тек арнайы діни білімі бар азаматтардың айналысуы керектігін нақты түсіндірді. Шараға қатысқан облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Ерболат Насимуллин де өз пікірін білдіріп, ұлттық құндылықтарды дәріптеу арқылы ғана экстремизм мен терроризмнің алдын алуға болатынын атап өтті. Оның айтуынша, дәстүр мен діннің үйлесімі – қоғам тұрақтылығының кепілі. Кездесулер сұрақ-жауап форматында жалғасып, қатысушылар тарапынан түрлі мазмұндағы сауалдар қойылды. Оқушылар сенімді діни ақпарат көздерін қалай анықтауға болатынын сұраса, үлкен буын өкілдері жасөспірімдердің ораза ұстау тәртібі жөнінде ой бөлісті. Бұл диалогтар қоғамда дінге деген қызығушылықтың артып келе жатқанын, әрі оны дұрыс бағытта дамыту қажеттігін көрсетті. Иә, мұндай кездесулер жастардың санасын серпілтіп, оларды теріс ағымдардан сақтандыруға, ұлттық құндылықтарды терең түсінуге ықпал етеді. Алдағы уақытта да бұл игі бастамалар өз жалғасын тауып, ел бірлігі мен рухани тұтастығын нығайтуға қызмет ете беретіні сөзсіз.

 

Еркебұлан ЗИНЕДЕН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT