Дәстүрлі ән кеші мәреге жетті: оны аққыстаулық өнерпаздар қорытындалады

 


Аудан орталығындағы «Тәуелсіздік» алаңында «Туған жер – өнер өлкесі» атты қорытынды мерекелік концерт өтті. Аудан әкімінің қолдауымен ұйымдастырылған мәдени жоба аясында екі айдан астам уақыт бойы әр бейсенбі сайын ауданға қарасты ауылдық округтер мен мекеме-кәсіпорындардың өнерпаздары аудан орталығының тұрғындарына концерттік бағдарламаларын ұсынып, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйла,ан еді. Жобаның қорытынды кешін Аққыстау ауылдық округінің өнерпаздары жалғап, көпшілік назарына әсем ән мен мың бұралған биден, күй мен сахналық қойылымдардан құралған мазмұнды бағдарлама ұсынды. 

 

 

Кештің тізгінін «Жалын» мәдениет үйінің директоры Мақсот Ислат пен облысымызға танымал азаматтардың бірі Бағдат Сәрсекен ұстап, тағылымды кештің жоғары деңгейде өтуіне өзіндік үлес қосты. 

 

 

Алғашқы сөз кезегі аудан әкімінің орынбасары Рашид Мұқановқа беріліп, мәдениет пен өнердің ел өміріндегі маңызына тоқталды.

 

 

Концерт шымылдығы трионың орындауындағы «Нақ нақ» композициясымен басталып, көрерменге Қазақстан Республикасының Мәдениет саласының үздігі, белгілі әнші Венера Машкалиеваның орындауындағы «Домбыра толғау» әні ұсынылды. Әншінің орындауындағы қазақ әндерінен попурри де кеш көркін аша түсті.

 

 

Ұлттық өнердің төресі – күй де кеш бағдарламасынан лайықты орын алды. Нұрғиса Тлендиевтің «Аққу» күйін Мирас Махмудов орындаса, күйдің әсем сазы Сайда Жансейтқызының биімен өрнектелді. Сондай-ақ Әділбек Жұмашев пен Талжібек Баханованың дуэт орындауындағы «Аяла, сен мені» әні көрермен ықыласына бөленді. 

 

 

Кештің әдемі көріністерінің бірі әзіл бағытындағы Жайдарман ойындарында биік белестерге шығып жүрген «Әжесінің балдары» командасы қойылым көрсетіп елдің көз айымына айналды.

 

 

«Жалын» би тобы өзгелерден ерекше «Қытай» биін орындап, көрерменнің қошеметіне ие болды. Нұрдәулет Сағидуллин «Сырғалым» әнін шырқаса, Аманбек Тарихов, Тұрар Меңдігерейұлы және Мирас Махмудовтан құралған трио «Сұлу, сұлу» әнін орындады.

 

 

Айдана Бақытова мен Нұрдаулет Сағидуллиннің дуэт орындауындағы «Қайтесің өзгені» әнін ұсынды.

 

 

Ал мерекелік кештің қонағы, талантты әнші Мәлік Жамбылұлы өз репертуарындағы әсем әндерді орындап, мерекелік шараның мазмұнын байытып, кештің көркін қыздырды.

 

 

Өнер мерекесіне жиналған аққыстаулықтар әрбір өнерпаздың өнерін жылы ықыласпен қабылдап, қошемет көрсетті. Екі айдан астам уақытқа созылған концерттік кештер сериясы осылайша аудан орталығы – Аққыстау ауылдық округі өнерпаздарының қорытынды концертімен өз мәресіне жетті.

 

 

Бұл шара өнер ұжымдарының шығармашылық ізденісін танытып қана қоймай, аудан тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй сыйлағанына белгілі. Өнерді ұлықтап, өнерпазға қолдау көрсеткен осынау игі дәстүр алдағы уақытта да жалғасын табады деген сенім мол.

Еркебұлан ЗИНЕДЕН

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT