Қоғамға қайта бейімделудің ең сенімді жолы – еңбек. Аймақ басшысы Серік Шәпкеновтің төрағалығымен өткен жиын хаттамасына сәйкес, өңірде қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты мекемелердің өндірістік әлеуетін тиімді пайдалану мәселесі кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Соның аясында облыс бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №15 және №79 мекемелерде «Еңбек» РМК арқылы сотталған азаматтарды жұмыспен қамту жұмыстары жанданды.
Осы бағыттағы нақты тетіктерді түсіндіру және жергілікті деңгейде тапсырыстарды орналастыру мүмкіндігін қарастыру мақсатында «Еңбек» РМК Батыс филиалының директоры Азамат Джалмағанбетов пен өндіріс шебері Ғаділбек Бекалиев ауданға арнайы іссапармен келді. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Утегенов, ауыл әкімдері, бөлім және мекеме басшылары қатысты.
Мұндағы мақсат – пробация есебінде тұрған және жазасын өтеуші азаматтарды еңбекке тарту арқылы олардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасау. Жиын барысында жергілікті мекемелер мен ұйымдарға «Еңбек» РМК арқылы бір көзден сатып алу тәртібі түсіндіріліп, нақты жұмыс бағыттары ұсынылды.
Филиал директоры Азамат Бердібайұлы кәсіпорынның мүмкіндіктеріне кеңінен тоқталды.
– «Еңбек» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны және оның филиалдары тапсырыстарды орындауға қажетті өндірістік база мен тәжірибеге ие. Қазіргі уақытта кәсіпорын тігін бұйымдарын шығару, жиһаз өндіру, металл конструкциялар жасау, ағаш өңдеу және басқа да бағыттар бойынша өнім шығарады. Біздің негізгі мақсат – түзеу мекемелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету ғана емес, ең бастысы сотталған азаматтарды еңбек арқылы қоғамға қайта бейімдеу,-деді ол.
Оның айтуынша, мемлекет қылмыстық-атқару жүйесінің өндірістік инфрақұрылымын сақтап қалу үшін арнайы преференциялар қарастырған. Соның бірі – мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң нормаларын қолданбай-ақ «Еңбек» РМК-мен тікелей шарт жасасу мүмкіндігі. Бұл – бір жағынан әлеуметтік мәселені шешсе, екінші жағынан жергілікті ұйымдарға дайын әрі сапалы өнім алуға жол ашады.
Жиында қатысушылар тарапынан өндіріс көлемі, өнім сапасы, жеткізу мерзімі, тапсырыс беру тәртібі бойынша сұрақтар қойылып, нақты жауаптар берілді. Мамандар сотталған азаматтар тапсырыс негізінде түрлі өндірістік жұмыстарды атқарып, кәсіби дағдыларын қалыптастыратынын атап өтті.Мамандардың пікірінше, мұндай бастамалар тек жұмыспен қамту шарасы ғана емес. Бұл – қайталама құқық бұзушылықтың алдын алудың тиімді тәсілі. Тұрақты еңбекке араласқан адам әлеуметтік ортаға бейімделіп, бостандыққа шыққаннан кейін де мамандықсыз қалмайды. Осылайша, «Еңбек» РМК арқылы тапсырыс беру жүйесі өңірде екі мәселені қатар шешпек. Яғни мекемелерді қажетті өніммен қамтамасыз ету және жазасын өтеушілерді еңбекке баулу. Ал еңбек түзелудің ең сенімді жолы екені тәжірибеде әлдеқашан дәлелденген.
Жайна ИСЛАТ



