Еңбек мерекесіндей ерекше күн

 

Наурызнама онкүндігі негізінде жұртшылық әз Наурыз мерекесін он күн бойы тойлады. Амал мерекесінен бастау алған атаулы күндер тізбегі 23 наурыздағы Тазару күнімен қорытындыланады. Бұл күні барлық ауылдық  округтерде сенбілік өткізіліп, еріктілер, мекемелер қызметкерлері мен тұрғындар көшелерді, демалыс алаңдарын және өзен жағалауларын қоқыстан тазартты.

Тазару күніне орай ұйымдастырылған сенбілікке ауданға қарасты мекемелер белсенді түрде атсалысты. Әрі бұл барлық ауылдық округтерде де жалғасын тапты.  Таңмен таласа басталған тазалық жұмыстары барысында көшелер мен қоғамдық орындар ретке келтіріліп, айнала ажарлана түсті. Қатысушылар тек қана тазалық жұмыстарымен шектелмей, ортақ іске жұмылудың, бірлік пен жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсетті. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Нұрбол Жампейсовтың айтуынша, Тазару күні аясындағы сенбілікке аудан мекемелерінен 150-ге жуық адам қатысып, 25 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 30 тоннаға жуық тұрмыстық қалдық шығарылып, аумақтар тазартылды.

Бұл атаулы күн әз Наурыз табиғаттың да, жан дүниенің де тазару кезеңі екенін көрсете алды. Жалпы бұрынғы кезде қыстан есен-аман шыққан жұртшылық айналасын күл-қоқыстан тазартып, экологиялық науқанға белсене араласып отырған. Сонымен қатар көшет отырғызып, тал-теректерді баптап-күтумен де айналысқан. Жас шыбықтың өзі жаңашылдықтың, жаңа кезеңнің белгісі, нышаны екені сөзсіз. Сондықтан тазару рәсімі – үй-жайды, ауланы тазалап, табиғатты қорғау әрі өткеннің сарқыншағынан құтылуды білдіреді. Бұл – табиғатпен үндес болу қажеттігі мен адамның айналасындағы әлемнің бір бөлшегі екенін еске салатын күн. Бақыт пен береке тазалық пен шынайылық орнаған жерге қонады деген түсінік те бар.

 

 

Наурызнама онкүндігіне экологиялық науқандарды енгізу – Мемлекет басшысы көтерген проблемалар аясында қоршаған орта мен табиғи ресурстарды қорғаудың маңыздылығын айшықтау екені де ол алғаш өмірімізге енген уақытта айтылған еді. 23 наурыздағы Тазару күнін де жұртшылық жаңа жылды жаңа үміт, тың серпін, нық сеніммен бастауының басты нышаны ретінде қабылдап, әркім өз аумағында белсенділік танытуға тырысты.

Осылайша осы жолы да әз Наурызды әспеттеген Наурызнама онкүндігі ауданымызда да өз мәресіне жетті.

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT