Шетелдік тәжірибеге көз жүгіртсек, көптеген елдерде азаматтар тек денсаулығын емес, күнделікті тұрмыстағы мүлкін де сақтандыруды қалыпты өмір салтына айналдырған. Бұл – тәуекелдің алдын алып, болашаққа сенімді қараудың бір көрінісі. Ал қазақта «сақтансаң – сақтайды» деген сөз бар. Дегенмен осы ұстаным өз өміріміз бен еңбегімізге келгенде қаншалықты іске асып жүр? Әрбір азамат өз өмірі мен еңбек қауіпсіздігін қаншалықты назарда ұстап жүр? Міне, осы сауалдар бүгінгі қоғам үшін өзекті. Осы бағыттағы маңызды мәселелер Исатай ауданында өткен түсіндіру жиынында кеңінен талқыланды. Аудандық әкімшілік ғимаратының мәжіліс залында өткен басқосуға аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Утегенов төрағалық етті. Жиынға жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтарының өкілдері және мекеме қызметкерлері қатысып, еңбек заңнамасының талаптары жан-жақты түсіндірілді.
Кездесу Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бекіткен жоспар аясында ұйымдастырылды. Негізгі мақсат – еңбек қатынастарын заңдастыру, жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру және қызметкерлердің әлеуметтік қорғалу деңгейін күшейту.
Жиынға арнайы келген Қазақстан Республикасы Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті Атырау облысы бойынша департаментінің мемлекеттік еңбек инспекторы Самал Убигалиева еңбек заңнамасының өзекті талаптарына тоқталып, тәжірибеде жиі кездесетін мәселелерді нақты мысалдар арқылы түсіндірді.
– Еңбек қатынастары міндетті түрде заң аясында рәсімделуі тиіс. Еңбек шарты – қызметкер мен жұмыс беруші арасындағы негізгі құқықтық құжат. Оны уақытылы жасамай немесе тіркемеу қызметкердің әлеуметтік құқықтарын шектейді. Ал жұмыс беруші үшін бұл – заң алдындағы жауапкершілікті күшейтетін фактор,-дейді ол.

Сараптамалық тұрғыда жиында көтерілген мәселелердің бірі – еңбек шарттарының уақытылы жасалмауы және «Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне» толық енгізілмеуі. Бұл өз кезегінде еңбек қатынастарының көлеңкелі сипат алуына әкеледі. Ал жүйеде тіркелген әрбір шарт – қызметкердің құқықтық қорғалуын қамтамасыз ететін нақты кепіл. Сонымен қатар азаматтық-құқықтық шарттарды еңбек қатынастарының орнына қолдану тәжірибесі де сынға алынды. Мұндай тәсіл сырттай тиімді көрінгенімен, қызметкерді әлеуметтік кепілдіктерден айырады. Нәтижесінде еңбек демалысы, әлеуметтік төлемдер және еңбек қауіпсіздігі секілді маңызды құқықтар шектелуі мүмкін. Жиында ерекше назар аударылған тағы бір маңызды мәселе – қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру. Әрине бұл формалды талап емес, ең алдымен адам өмірі мен денсаулығын қорғаудың нақты әрі тиімді тетігі. Өндіріс орындарында түрлі қауіп-қатердің болуы – заңдылық. Кез келген сәтте күтпеген жағдай орын алуы мүмкін. Сондықтан қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан сақтандыруды қосымша шығын ретінде емес, жұмыс берушінің әлеуметтік жауапкершілігі мен ұжым алдындағы міндеті деп қабылдау қажет. Бұл – еңбек адамына деген қамқорлықтың айқын көрінісі, ал төтенше жағдай туындағанда қызметкер мен оның отбасы үшін маңызды қаржылық қорған бола алады.

Жиын барысында жұмыс берушілер мен мекеме қызметкерлері жиі жіберетін қателіктер нақты кейстер арқылы талданып, олардың құқықтық салдары түсіндірілді. Атап айтқанда, еңбек шартын жасаспай жұмысқа қабылдау, шарттарды кеш тіркеу немесе мүлде тіркемеу, міндетті сақтандыру шартын жасамау, азаматтық-құқықтық келісімдерді дұрыс рәсімдемеу. Мұндай олқылықтар тек айыппұлмен шектелмей, еңбек дауларына, қаржылық шығындарға және қызметкердің әлеуметтік қорғалмауына алып келетіні атап өтілді.
Кездесу ашық диалог форматында өтіп, қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, нақты жауап алды. Бұл өз кезегінде құқықтық түсіндіру жұмыстарының тиімділігін арттырып, тәжірибеде туындайтын мәселелерді нақты талқылауға мүмкіндік берді. Дегенмен мұндай маңызды жиындарға қатысу белсенділігі әлі де жеткіліксіз. Мамандардың мәліметінше, ауданда 1 634 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі мен 383 шаруа қожалығы тіркелгеніне қарамастан, олардың басым бөлігі түсіндіру шараларына толық қатыса бермейді. Бұл – ойланарлық жайт. Себебі заң талаптарын жетік білмеген жұмыс берушілер кейін түрлі айыппұлдарға ұшырап, қосымша шығынға тап болып жатады. Әрине, көктемгі науқан кезінде шаруа қожалықтарында жұмыс қыза түсетіні түсінікті. Алайда еңбек заңнамасын ескермеу – уақытша қарбаластан да үлкен тәуекелге алып келуі мүмкін. Сондықтан мұндай түсіндіру жиындарына қатысу – тек формалды міндет емес, әрбір кәсіпкер үшін өз ісін заң аясында қорғаудың, тәуекелдің алдын алудың тиімді жолы.

Сонымен, еңбек заңнамасын сақтау – әрбір жұмыс беруші мен қызметкер үшін ортақ міндет. Сақтандыру мен заңды еңбек қатынастары – қауіпсіз әрі тұрақты қоғамның негізі. Ендеше «сақтансаң – сақтайды» деген халық даналығы бүгінгі еңбек қатынастарында да нақты әрекетке айналуы тиіс.
Жайна МАНСЫР

