Еңбектерімен елге танылған...

 

«Еңбек ер атандырады» дейді дана халқымыз. Сол бағзы замандардан елдің елдігін сақтап, дамытуға, ердің несібесін молайтуға есепсіз үлес қосқан еңбек бүгінгі ұрпаққа жалғасты. Сол еңбекке, еңбек адамына көбірек көңіл бөлініп, оларды өзгеге үлгі ете насихаттауда қазіргі қоғамда да қолға алынып жатқан тірліктің баршылығы құптарлық жайт болып отыр. Соның нәтижесінде еңбегі елге танытып, марапат төрінде мерейі үстеген жерлестеріміз де ондап саналады. Күні кеше аталып өткен шаруа адамдарының, мемлекеттік қызметкерлер мен бұқаралық ақпарат құралдарында тер төккендердің кәсіби мерекелер кезінде де бұған жарқын мысалдар аз болмады.

Еңбегімен еңселі жандар қай жерде де, соның ішінде мемлекеттік қызмет саласында аз емес. Саналы ғұмырын ел игілігі жолындағы қызметке арнап, әр жылдары білім беру, жастар саясаты, округ әкімі, мәдениет саласы және мәслихат аппаратында жауапты қызметтер атқарған, өзінің кәсіби біліктілігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен және азаматтық ұстанымымен әріптестері мен ауылдастарының құрметіне бөленген Насиханов Мүтиғолла Атоллаұлы да солардың бірі болатын. Оның осынау еңбегі ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан сүбелі үлесі болды. Бүгінде зейнет демалысында болса да өлкетану бағытындағы зерттеу жұмыстарын жүргізіп, туған өлкенің тарихы мен мәдени мұрасын насихаттауға да тер төгіп жүрген Мүтиғолла Атоллаұлы Мемлекеттік қызметшілер күні мерекесінде мерейі үстеп, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мемлекеттік қызмет саласында көп жыл жемісті еңбек еткен, мемлекеттік басқару жүйесінің дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарды марапаттауға арналған «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісін иеленді. 

 


Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында өткен салтанатты шарада да мерейі тасыған мереке иелері аз болған жоқ. Қуаныштысы, олардың қатарында  еңбек жолын 1980 жылы аудандық «Нарын таңы» газетінде корректорлық қызметтен бастап, 1991 жылдан бері аудандық басылымдағы қызметінен бір сәт қол үзбей, табандылықпен тер төгіп келе жатқан әріптесіміз Дәулетияр Жоламан Отарғалиұлы да болды. Ғұмыр жолының қырық жылға жуығын аудандық басылымның өркендеуіне арнаған ол облыс басшысының қолынан Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Еңбек ардагері» медалін алды. Бұл қазіргі таңда газеттің бас редакторының орынбасары – жауапты хатшысы ретінде өңір журналистикасының дамуына, ақпараттық саясаттың сапалы жүзеге асуына және жас журналистердің қалыптасуына зор үлес қосып отырған тәжірибелі қаламгер Жоламан Отарғалиұлының ұзақ жылғы адал еңбегіне көрсетілген лайықты құрмет еді.

 


Маңдай терін төге еңбек етіп, ел дәулетін еселеуде ауданның ауыл шараушылығы саласында іс қылғандардың да өзіндік орны бір бөлек. Атакәсіп аталған малбегілікті орта мектепті бітірісімен мал шаруашылығында еңбек ететін ата-анасына көмектесу арқылы жастай меңгере білген Есенғалиев Аманжол Төремұратұлы да солардың санатынан. Шаруашылықта шопан болған ол Чапаев атындағы кеңшар тарағаннан кейін пай үлесін алып, жеке мал шаруашылығымен айналысуды қолға алды.Сөйтіп қырық жыл бойына Аққыстау ауылдық округі аумағындағы Обалы қонысында жеке қожалығын дамытумен айналысып, ауылдастарына малбегі, еңбекқор да қарапайым отбасы отағасы ретінде де танылған Аманжол Төремұратұлы Малшылар күні кәсіби мерекесіне орай Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісін иеленді.

 

Өз тілшіміз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT